ОРТА АЗИЯ ЖАУҺАРЫ БҰХАРАҒА САПАР

197 көрілім

Өзбекстан Республикасы Бұхара қаласында өтіп жатқан түркі тілдес елдердің жас өнерпаздарының конференциясына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден қаламгерлер келіп, рухани-мәдени жиында бас қосып жатыр.

Бұхара – архитектуралық мекен және тарихи-мәдени орын, Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. Айта кетейік, Бұқара қаласы 2022 жылы Түркі әлемі жастарының тұңғыш астанасы атанған. Соған байланысты ауқымды іс-шаралар өткен. Еліміздің атынан төрт қақпалы Түркістаннан Өзбекстанда өтетін халықаралық түркі мемлекеттері шығармашыл жастарының форумына ақын досым Бауыржан Ерман екеуміз қатысып жатырмыз.

Киелі қаладан бауырлас елге аттанған екеуміздің әуелгі мақсатымыз Өзбекстан астанасы Ташкентке жетіп, одан әрі Бұқараға жол тарту болатын. Ал біз баратын Бұхара қаласы Ташкенттің батысында 600 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Біз Ташкентке келген күні Ниятулла есімді өзбек ақыны күтіп алып, Ташкенттегі әдебиетшілерге арналған шипажайға орналастырды. Қазақстаннан, оның ішінде Түркістаннан екенімізді білгенде «онда өзіміздің жігіттер екенсіңдер ғой» деп, қазақ пен өзбек жұртының арасындағы туыстық байланыстың тамыры тереңде жатқанын аңғартты. Ары қарай да екі елдегі жаңалықтарды бөлістік. Әсіресе су басқан аймақтарға алаңдаушылық танытып, алдағы уақытта бауырлас ел атынан гуманитарлық көмек жөнелтілетінін жеткізді.

Жас қаламгерлерге осындай ау-қымды іс-шара ұйымдастырылғаны қуантып, тың серпін сыйлады. Ал-ғашқы күннен-ақ бауырлас елдерден достар тауып, шығармашылық байланысымыз нығайып жатыр. Халықаралық форумға алыс-жақын түркі мемлекеттерінен қаламгерлер келіп, туыстас мемлекеттер арасында рухани байланыс артуда. Мәселен, Түркиядан келген аркадаш ақын Фетиһ Сұлтан Йылмаз алдағы уақытта өлеңдерімізді түрік тіліне аударамын деп қуантып қойды. Сондай-ақ Қырғызстан мен Әзірбайжаннан келген қаламгерлермен де тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі халықтары әдебиеті өкілдерінен ғаламат өлеңдер оқылып, әуезді әндер шырқалды.

Түп-тамыры бір, діні бір, таным-түсінігі ортақ түркі халықтарының жастары Орта Азияның жауһар шаһары – Бұқара қаласында бас қостық. Бұл қалаға келгендегі байқағанымыз медицинаның атасы Ибн Сина өмір сүргендіктен қалада оған арналған оқу орындары мен ғимараттар өте көп. Мәселен, Медицина академиясында 15 мемлекеттен болашақ ақ халаттылар келіп білім алуда. Сонымен қатар, тойда ғана емес, күнделікті өмірде де өзбек ұлтының басты тағамы – палау. Әйгілі Бұхара палауы төрт қазанда дайындалады және оны қаланың барлық мейрамханаларында жей аласыз. Табиғаты көркем қаланың күн райы біздегіден ыстық болса да, адамдары осы ауа райына үйренген екен. Олай дейтініміз, мәдени киелі орындардың айналасында жеміс-жидек бақтары мен саяжайлар бар екенін аңғардық. Күннің ыстық болуына байланысты шаһарға келген туристер ағаштарды саялап тынығады екен. Тағы бір таңдандырған дүние сәулеті келіскен әрбір мәдени нысанның тарихы тереңде, яғни, Бұхарада билік құрған барлық билеушінің медресесі болған және әрбір нысанның өзіндік мәні мен маңызы бар. Бүгінде қалада 140-тан астам сәулет ескерткіштері сақталған. Сондықтан да бұл шаһар медреселер қаласы деп аталады. Мысалы, бірнеше ғасырдан бері сақталған ғажап ескерткіштер: «Калон» архитектуралық мешіті мен Мір Араб медресесі, Ләбі Хауыз алаңы, Ситораи Мохи-хоса Бұхар әмірлерінің жазғы резиденциясы сынды бірқатар тарихи жәдігерлер кезінде билік құрған әмірлердің өмірінен сыр шертеді. Бұхарадағы біз барған 7 пірдің кесенелерін аралағанда тамыры тереңге жайылған 140-160 жылдық тұт ағаштарын көріп тамашаладық. Осылайша форум аясында түрлі мәдени орындарға барып, Бұхараның көрікті жерлерін тамашалап, ерекше әсер алдық. Сондай-ақ «Көркем аударма – түркі халықтарының әдебиетін жақындату құралы» тақырыбындағы шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулерге қатыстық. Ақыл-кеңесін айтып жатқан әрбір тұлғаның ортақ мүддесі – бауырлас ұлттардың бірлігін нығайтып, әлемдік аренадағы ықпалын күшейту. Біздің міндет – әдебиет арқылы туыс елдерді бірлікке шақыру болмақ. Бұхарада өткен жиынға ТҮРКСОЙ халықаралық ұймының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, Қазақстанда болып жатқан табиғи апатқа байланысты бауырлас мемлекеттердің атынан көңіл айтып, түркі мемлекеттері бірігіп көмектесетінін жеткізді. Жақында Өзбекстаннан Қазақстанға гуманитарлық көмек жөнелтіледі. Ол туралы толығырақ алдағы нөмірлерде жазатын боламыз.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы