КӨРІНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ СӘУЛЕСІ

166 көрілім

Сейдулла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университе-тінің профессоры, фило-логия (10.01.10 – журна-листика) ғылымдарының докторы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Журналистика мамандығының ашылғанына – 30 жыл!

КӨРІНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ СӘУЛЕСІ

Саналы ғұмырымның отыз жылын осынау киелі топырақта өткізіп отырған менің азаматтық, журналистік санамда түркі жұртының рухани астанасы қасиетті Түркістан жаңғырып жатады. Ата-бабаларымның аруағы қолдап жүрген болар, құтты мекенге деген шексіз махаббат сезімінің отты демі қиялымды шарықтатып, жиырмадан астам кітап жаздым. Жалпы шығармаларымның өз оқырмандарымнан лайықты бағасын алғанына қуанамын, мені құрметтейтіндердің барлығын көңілге медеу тұтамын, кей-кейде терең ойға шомған сәттерімде өзімді бақытты сезінетінім рас. Бойымда қажыр-қайратым барда жаза беретініме сенемін. Жүрегімнің жылуын қасиетті Түркістанға, өзім тәрбиелеп жүрген, алақанымды жайып тұрып, Алладан аман-саулықтарын тілейтін шәкірттерім – болашақ журналистерге арнаймын. Күні ертең-ақ ізімді басып, киелі мекеннің ыстық-суығына шыдап, мәңгі жырлап өтер ақ та адал шәкірттерімнің қаулап өсіп келе жатқанына мың қайтара шүкіршілік етемін.

Күмбезі көкке шаншылған кесененің тұсынан күніне әлденеше рет өтеміз. Сонда жас та, кәрі де іштей күбірлеп, бет сипап бара жатады. Құдыретке бас ию, тағзым ету, имандай ұю рухани жан-дүниенің кіршіксіз тазалығы, сананың сілкінісі, түрленіп-жаңғыруы осы болар. Қалай десек те алып кесене көз алдына келгенде әркімнің-ақ жан-дүниесі өзгеше нұрға бөленіп, рухани сенімі асқақтай түседі. Бір сәт арқаланып, шаттыққа бөленесің!

Қасиетті Түркістанның бір азаматы ретінде киелі шаһардың күнделікті тыныс-тіршілігінің бел ортасында жүріп, болашақ ізбасарларға тәлім-тәрбие беруден асқан бақыт бар ма?! Сол шәкірттерің ұстазына жырдан шашу шашып жатса, шуақты сезімге бөленерің хақ… Шәкірт жүрегінің лүпілін тыңдап көрелік…

Сейдулла аға көңілде гүл көктетіп,

Гүл көктетіп, шындығын іздеп кетіп.

Ақиқаттың арлы үні жаңғырады,

Жалғандықтың көз жасын дірдектетіп.

Паң қырандай жүретін самғап та тік,

Самғап та тік, сөз-тұлпар ойнақтатып.

Сейдулла аға туралы сыр айтады,

Ескі сүрлеу, соқпақтар жайнап жатып.

Түймедей сөзі түйе жығатұғын,

Сұмдықтың сырып тастап сұрапылын.

Көкейінен күн көрінген Сейдулла аға,

Шәкіртке жырлап өткен мың ақылын…

Дана сөз, асқақ ақыл тастан берік,

Парыз ұқтым мен сосын жаттан жеріп.

Өзіңді «ағалаған» шәкіртің ем,

Көреген көңіліңнен маржан теріп…

Пайымымның кейде айтып келтелігін,

Келтелігім, көп және еркелігім.

Дархан ағам қашан да маздататын,

Қауырсын қаламымның жел көрігін.

Жаныма ұстаз құйған нұр талаппен,

Нұр талаппен келемін күн санап мен.

Алуан түсті өлеңмен өрнек салып,

Келбетіңді кестелеп жыр-сабақпен.

Қазбауыр бұлттай мұңды тұмшалаумен,

Өр үні асқақ шығып мұнша даумен.

Шәкіртіңмін ізетпен бас иемін,

Өзіңдей мәр-мәр шың боп тұрсам мен!..

(Лира Қоныс, 2002).

Анықтама: Журналистика бөлімін 2002 жылы бітірген сүйікті шәкіртім Лира Қоныс еліміздегі айтулы жазушылардың санатында, «Тарлан» сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы. Журналист мамандарын даярлаумен айналысып жүрген ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Л.Қоныс қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алып жүр.

Десте-десте жыр жолдары. Шәкірттердің ұстазға деген ыстық ілтипаты, шынайы құрмет сезімі. Кей-кейде осы жырларды оқып отырып, жаным күлтеленеді, сезім моншақтарының от-ағыны өн бойымнан жүріп өткендей болады. Сонау сағым жылдарды сағынышпен еске аламын, көз алдыма сүйікті шәкірттерімнің балаң да балғын жүздері келеді. Құдды бір шүпірлеген сарыауыз балапандардың таңғы шықтай мөп-мөлдір пәк көңіл көкжиектерінің керегесі түріліп бара жатқандай күй кешемін… Кезінде мына бір жыр жолдары да менің журналымнан шығып еді…

СЕЙДУЛЛА АҒАЙҒА

Тұңғиық мынау зар заман,

Ізің бар бізге жалғаған.

Запыран құсқан ұлы аға,

Шеріне ертең зар болам.

Өмір ғой мынау шерменде,

Жырлауды бізге бергенде.

Қазақтың бүкіл шерлі үні,

Тірілді сізді көргенде.

Қарайған жерден құштың сен,

Қаратау асты қара өлең.

Қаратөбенің үстінен,

Ағайдың мұңын естігем.

Төрткүл дүние қаралы,

Дүрліге алып барады.

Кеудесін өксіп тырнаған,

Ұстаздың жаны жаралы.

Жанымда менің жарлы үн,

Мәртебесі биік тағыңның.

Кіршіксіз жаның оятқан,

Ұйқыда мынау ғаламды.

Тұншыға шыққан нәрлі үн,

Тұншығып енді барады.

Өлеңім менің бір тамшы,

Жаныңызға қуат болады.

Қандай ана туды екен?

Қазақтың жолын қуатын.

Дәуірде сенің зор тұлғаң,

Мәртебелі күнің туатын.

Мейіріңе ыстық жылынам,

Шырқырап тусын құлын ән.

Қара сөздің қуып қаймағын,

Қолымды жайдым құбылам.

Құбылып көшер сағымдар,

Өтіп кетті талай ағымдар.

Ұстаздың таңын оятқан,

Сол күнге мен да табынам.

Жалынам, жаным, тәңірім,

Тірліктің тыңдап бар үнін.

Арманға қарай қол созсам,

Жағып қой ұстаз сағымын.

(Шәкіртіңіз Әділбай Бақытхан, ФЖК-011).

АҒАТАЙ, АҒАТАЙ-АУ…

(Сейдулла ағайыма)

Ағатай, ағатай-ау өктем демі,

Көңілім жадыраған көктем еді.

Өзіңе бір жырымды арнасам деп,

Ойланып жүрген едім көптен бері.

Соғылса соғып бақсын сана мейлің,

Осылай мен өзіңе аға деймін.

Шынайы бейнеңізді танымастан,

Тереңге бойламайтын болар деймін.

Жат өлке жанға маза жай таппадым,

Санамды суық жүздер шайқап қалдың.

Өзге орта жауратқанмен жылына алар,

Жылылық дидарыңнан байқап қалдым.

Бұл неткен жайсаңдылық, жаның аңғал,

Бойыңнан бар қасиет табыла алар.

Шынайы сезімдерді биік қойған,

Өзіңдей бар екен-ау ағатайлар!

(Шәкіртіңіз Ғалымжан Сәрсеков, ФЖК-011, 21 ақпан, 2011)

БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ОНДАЙ БАР ДЕЙДІ

 (Сейдулла ағаға)

Арайланып күткен әрбір таңын ақ,

Таңғы шыққа ақ арманын малып ап.

Мақталыда өсіп шыққан бір шыбық,

Аққұба өңді ақ матадай жаны да ақ.

Талмай іздеп туған елдің керегін,

Ел де құрмет қылар дәйім өренін.

Білім-нәрмен толтырып ап зеренін,

Мақталыда бүртік жарған көк шыбық,

Түркістанда жайған бүгін желегін.

Тарих-керуен. Өткен ізін шөп басты.

Ұлы Тұран ұлдарына қақпа ашты.

Абылайдың кезіндегі ерлердей,

Кіл зиялы Түркістанда топтасты.

Қалам-найза мұқалмайтын қияғы,

Сан қиырдан келді талай зиялы.

Аққұба жан ортасында солардың,

Айрықшалау көрінетін сияғы.

Қырандайын көк төсінен шүйілген,

Ауыр ойдан қалың қабақ түйілген.

Ғалымша ойлап, толғанады ақынша,

Сегіз қырлы артистейін киінген.

Сері ғана бар болмысын сәндейді,

Алдаспандай көк тасқа да сал мейлі.

Келіп түсер.

Елім деген ер болса,

Бақ жұлдызы ондай ердің бар дейді.

Жүректегі бар қуатын сарқып ап,

Даңқ алуға ұмтылады әркім-ақ…

Мырзашөлдің аспанында бір жұлдыз,

Өзгешелеу көрінеді жарқырап.

(Б.Қорғанбеков, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 17 қараша, 2002).

Ұмытпасам осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын ғой деймін. Талантты ақын інім Болат Шарақымбайдың қойған сауалы әлі есімде. – Аға, – деген еді ол, – біздің «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғы өндірістік тәжірибеден өтуге Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда секілді қалалардағы журналистика факультеттері мен бөлімдерінің студенттері де келіп жатады. Солардың арасында Түркістаннан келген студенттердің қабілет-қарымы, дарыны ерекше назарға ілінеді. Соның мәнін қалай түсінуге болады?

Адамзат баласының тарихында әлдеқашан қалыптасқан түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидың Отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырығып жатыр. Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түркі халықтары кие тұтар қара шаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Кезінде Қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһарда жиырма бір ханның сүйегі жатыр…

Біздің басты мақсатымыз – жүрек түкпірінде иман ұялаған, бойларында асқақ рух бар, ата-бабалар дәстүрін берік ұстанған, Түркістанның киелі топырағына табынатын, туған жерін, елін шексіз сүйетін, кәсіби мамандығына адал жастарға заманауи тәрбие беру. Осы ізгілікпен көмкерілген асыл ой-армандар қасиетті Түркістанда жүзеге асып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Ақын інім Болаттың сауалына осы төңіректе жауап беруге тырыстық…

Журналистика мамандығы шаңырақ көтерген алғашқы жылдары кадр тапшылығынан бастап, оқулықтардың, оу құралдарының жетімсіздігі жанымызды жегідей жеді. Телерадио, фотостудиялар арман болды. Осындай қиын кезеңде оқытушылыққа мойын бұрған Әскер Исақов, Жұмабай Әбілов, Кемелбек Шаматаев, Әлімбет Бостанов (марқұмдар), Мырзантай Жақыпов, Бекжігіт Сердәлі, Досымбек Нысанбаев, тағы басқалар рухани астанадағы білім ордасында абыроймен қызмет етті. Дүниеден өткен бірқатар әріптестерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!…

Қастерлі мамандықтың туы желбіреп тұр. Кезінде кафедра меңгерушісі ретінде қолдан келгенше қызмет еткен өзім де жетіпстің жетегінде келемін. Кафедра ақсақалы ретінде негізінен өз шәкірттеріммен бірге қызмет етіп жүргенімді мәртебе санаймын. Бекжігіт Сердәлі филология ғылымдарының кандидаты, профессор, кафедра меңгерушісі Әлия Белдебекова филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Балзия Баешова, Молдияр Ергебеков ғылым кандидаттары, доценттер, Асқат Сәдібеков пен Ғалымжан Тәжібаев ғылыми дәрежені қорғау үстінде, тәжірибелі журналист Әтіркүл Тәшімова, ең жас оқытушы Ажар Ахмет, телевизияның айтулы мамандары Жанерке Хумар мен Самат Сүлей шәкірттердің сүйікті ұстаздары.

Қазір болашақ журналистердің сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Телерадио студиялары талапқа сай жабдықталған, аудиториялар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы орайда соңғы жылдары кафедраның абыройлы биіктен көрініп жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Айталық, Атамекен Ұлттық палатасының жыл сайын өткізілетін рейтингісінің 2021 жылғы қорытындысы бойынша Журналистика кафедрасы республика ЖОО-дағы 21 факультет, бөлімдер мен кафедралар арасында 6 орынға ие болды. Содан бергі жылдар нәтижелері көңіл қуантады.

Биыл университетімізде Журналистика бөлімінің ашылғанына отыз жыл! Міне, содан бері киелі Түркістандағы білім ордасынан жүздеген студенттер журналист мамандығын алып, егемен елімізде және күллі түркі әлеміндегі бірқатар бауырлас елдерде өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет атқарып жүр.

Кезінде қасиетті топырақтағы оқу орнының табалдырығын имене аттаған балауса шәкірттеріміздің арасынан тамаша журналистер, есімдері елге мәлім ақын-жазушылар шықты. Дәрістерімізді, ұстаздық ақыл-кеңестерімізді ибалықпен тыңдап өскен сол балғын шәкірттеріміздің жүздері әлі де көз алдымызда. Біз олармен мақтанамыз, ұстаз ретінде Аллаға мың да бір шүкіршілік етеміз.

Қазір қалың оқырманға кеңінен танымал болып, әдеби ортаны мойындатқан ақын-жазушылар, журналист-публицистер Лира Қоныс, Айгүл Сейілова, Жолдыбай Базар, Үміт Зұлқарова, Алмат Алтай, Гүлмира Садықова, Нәзира Байырбекова, Жадыра Нармаханова, Дәурен Әбдіраманов, Замира Алдабергенова, Мәриям Әбсаттар, Нұршат Төкен, Асылбек Досалы, Айдар Құлжанов, Жәнібек Нұрышев, Нұргүл Тапаева, Ерболат Айнабеков, Ғабит Сапарбек, Мақсұт Айтжанов, тележүргізуші Ғани Жәпішев, радиожурналист Азамат Тілепов, тағы да басқа кезінде өзіміз үміт күткен сүйікті шәкірттеріміз біз аңсаған биіктен көрініп жүр. Шәкірттеріміз Мәлік Дәулетов пен Ғалымжан Сәрсеков Түркістан облысындағы қалалық және аудандық газеттердің бас редакторлары. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстаннан» бастап, барлық республикалық беделді газет-журналдарда, «Қазақстан», «Хабар», «Қазақстан-Шымкент», тағы да басқа телеарналарда, Қазақ радиосында, Ақпарат агенттігінде, Тәуелсіз басылымдарда шәкірттеріміздің абыроймен қызмет етіп жүргенін ризалықпен айта аламыз. Олардың қай-қайсысын болмасын қасиетті Түркістандағы ұлы бабалар рухы жебеп, қолдап жүргендей сезінеміз.

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Кей-кейде түнгі аспанға ұзақ-ұзақ қарап жатамын. Миллион-миллион жұлдыздар… Аспан дегеніңіз тұңғиық әлем. Шәкірттерімді көрінбейтін жұлдыздарға теңер болсам, олардан тарайтын сәуленің де өз ғажайып әлемі бар-ау. Бұл сәуле – Имандылық, Адамгершілік, елге деген шынайы Махаббат сәулесі болар…

Р.S. Шәкірттерім, әріптес жас достарым, білім ордасындағы Өздерің түлеп ұшқан Журналистика кафедрасының отыз жылдығын өзімізше атап өтуге ниет етіп отырмыз. Бұл мерейлі басқосуды 30 сәуірге межеледік. Келіңдер, қара шаңырақта арқа-жарқа болайық! Біз Өздеріңді сағынып жүрміз…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы