ТҮРКІСТАНДЫҚ 3 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

148 көрілім

Қайырымдылық – исі мұсылманның қанына сіңген әдебі. Қиналғанға қол ұшын созып, елге жасаған жақсылығымен марқаятын ұлтымыздың асыл қасиетін бойтұмар қылып ұстап жүрген қайырымды істер күн санап артып келеді. Жуырда сондай игілікті істің куәсі болдық. Қайырымды жандар рухани шаһарда кезекті игі істің нәтижесінде әлеуметтік әлсіз топ мүшелері санатындағы 3 отбасыға түркістандық демеушілер бірігіп, баспана сыйлады.

Демеушілер есебінен қабырғасы қаланып, бой түзеген баспаналар әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж деп танылған үш отбасына табысталды.

Жаңа баспаналардың кілтін табыстауға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық аналар алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – ең өзекті әрі маңызды мәселе. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, жақсылыққа толсын. Шын жүректен құттықтаймын! – деді Дархан Сатыбалды.

Қоныс тойға қатысушылар ізгі ниеттерін білдіріп, жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Әр үй 85 шаршы метрді құрайды, үш бөлмесі, асханасы және арнайы шомылу бөлмесімен қамтамасыз етілген. Аз уақыт ішінде құрылысы аяқталған жаңа үй электр желісіне, табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосылған. Сондай-ақ тұрғындардың жайлы өмірі үшін үй жиһаздары, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ, барша керек-жарақпен жабдықталған. Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар да осы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жаудырды.

Игі шарада құттықтау сөз алған Жарылқасын Әзіретбергенов аталық батасын беріп, жаңа баспана иелерін қоныс тойымен құттықтады. Аталмыш шараға келген қонақтарға арнап ақ дастархан жайылып, құран бағышталды. Айта кетейік, баспанаға қол жеткізген азаматтар қала әкімінің жеке қабылдауында болған. Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтың тапсырмасымен баспана салу мәселесіне демеушілер тартылып, жайлы орыннан жаңа пәтердің кілті табысталды.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы