ӘКІМ НЕГЕ ШАРШАМАЙДЫ?

140 көрілім

Өткен сәрсенбі жарықтық Әліпбек ағамыздың бес күн жалғанмен қош айтысқан күні еді. Бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған жанның жатқан жері жайлы болсын!

Түркістан қаласының тұрғындарына етене жақын болған шаһар әкімдерінің ішінде Әліпбек Өсербаевтың есімі ерекше аталады. Тынымсыз еңбек етіп халықтың ыстық ықыласына бөленді ғой. Сондай қарбалас шақтардағы мына бір оқиға есіме түсіп отыр.

Бір күні кешқұрым әкімдікте жиналыс болып жатыр. Аппарат қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары қатысқан мәжілісте барлығымыздың назарымыз Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлында. Күн тәртібіндегі мәселелердің ретіне қарай сол күнгі тапсырмалардың орындалу барысын тыңдап, шетімізден есеп алып отыр. Кейде күндікке жұмыстан шаршап, ұйқылы-ояу отырған қызметкерлер де болып қалады арамызда (бір күн бұрын тойда болуы мүмкін дегендей). Ондайларды байқаса жүйкесі шыдамайтын Әлекең сол адамды тұрғызып, сыбап алатын. Сонымен айтып отқандай дәл сондай жағдай орын алды. Бастығымыз сөзінің арасында: «сендер ұйықтап жүргенде мен осы жиналыстан соң бүгін келген хаттармен танысып, бұрыштама жазамын. Одан бөлек күндіз қарай алмаған жоспарлы жұмыстарым бар. Содан соң барып қайтамын үйге. Ал сендер жаңбыр жаумай су болып жүресіңдер. Ел ішінде ағайын-туыстарыңа әкімдікте не жұмыс тындырып жүрмін деп айтасыңдар?»,-деп кейде көңілі толмайтынын байқататын. Сонда әріптестерімізбен «осы кісі неге шаршамайды»,-деп ойлайтынбыз.

Оның сыры Әлекеңнің спортқа жақындығында ғой деймін. Таңертеңгі сағат бестен оянып, 4-5 шақырым қаланың әр түрлі бағытымен жүгіреді. Сөйтіп жүріп, көмекшілеріне телефон соғып, тиісті бөлім басшыларын тәтті ұйқысынан оятып, қаладағы орын алған мәселелерді сұрайтын. Ол қоқыс болуы мүмкін немесе көшенің жарығы жанбай қалатын кездерді өз көзімен көріп, сол күні қалпына келтіруді талап ететін. Жұмыс уақытына дейін тұла бойын ширатып, таңғы сағат сегіздер шамасында жұмысқа келетін. Әкімдік алдынан көмекші күтіп алады. Сөйтіп жаяу Қ.А.Ясауи кесенесіне барып, құран оқып қайтатын. Күн сайын қалыптасқан үрдісі еді. Осылайша Әліпбек Шәріпбекұлының жұмыс күні басталатын.

Бір күні баяндама дайындайтын болып, жұмыста ұзақ отырып қалдық. Содан шаруа біткен соң материалды бастыққа көрсетіп алу үшін көмекшісіне телефон соқтым. Сағат түнгі 10 мен 11-дің аралығы болса керек. Сөйтсем әкім бассейнге түскелі бара жатыр екен. «Жылдамдатып келсеңіз баяндаманы көрсетіп үлгересіз»,-деді. Он-он бес минут шамасында алып-ұшып жетіп барғаным сол еді бастық суға сүңгіп кетіпті. Сонымен бір сағатқа тарта уақыт ол кісінің судан шыққанын күтіп отырдық әріптесім екеуміз. Осы уақыт ішінде екі шақырымдай қашықтыққа тоқтаусыз жүзді.

Міне, адамның өзін-өзі басқаруы, салауатты өмір салтын ұстануы осылай болса керек. Бұл әңгіме «әкім неге шаршамайды» дегеннен шығып отыр ғой. Әліпбек Шәріпбекұлының күнделікті жұмыс күні осылай жалғасып кете беретін.

Жатқан жері жайлы болсын марқұм ағамыздың!

М.ӘЛМАХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы