ШЕНДІ ПСИХОЛОГ

359 көрілім

Ішкі істер саласында  қызметке орналасатын мамандардың эмоционалдық реакциясын психофизиологиялық зерттеулерден өткізетін психолог,  полиграфолог  маманының еңбегі ерекше. Солардың бірі өз ісінің майталманы – Түркістан облысы Полиция департаментінің шенді аруы Сұлушаш Шакірханқызы.

Сұлушаш  Көшімбетова кішкентайынан полицей болуды армандап,  қазіргі таңда полиция  капитаны шенімен Кадр саясаты басқармасының инспектор-полиграфы болып қызмет атқарады.

Тайсалмас қайсар мінезі мен табандылығының арқасында табысқа жеткен білікті маман, еңбек жолын 2008 жылы  Ақтау қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында кадр бөлімінің аға инспектор-психологы болып  бастады. 2019 жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап Түркістан облыстық Полиция департаментінде Кадр саясаты басқармасының полиграфологы қызметін әлі күнге дейін абыроймен атқарып келеді.

Биылғы жыл капитан психолог үшін ерекше себебі, дәл осы жылы Ішкі істер саласында қызмет атқарып жүргеніне 15 жыл. Негізгі  қызметі ішкі істер органдарына кандидаттыққа үміткер жастарға үкімет қаулысымен бекітілген талаптарға сай полиграфологиялық зерттеу жүргізу.

«Әр үш жыл сайын Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің полиция қызметкерлері аттестатациялау кезінде полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Толықтай тексерістен өткізіп, қызметкердің жай-күйіне мониторинг жүргізіп, нәтижесін басшылыққа ұсынамыз» -дейді психолог Көшімбетова. Полиграфологтың айтуы бойынша қажет болған жағдайда қызметтік тергеу жүргізіп, теріс әрекеттер, атап айтқанда алкогольге және есірткіге тәуелділік, суицидтік іс-қимылдарға бейімділікті анықтайтынындарын жеткізді. «Психология саласы ең күрделі салалардың қатарына жатады.  Сондықтан өз білімімді арттыру мақсатында жылына кем дегенде 2 рет біліктілікті арттыру курстарына қатысып, білімімді жетілдіріп отырамын. Себебі мамандардың құмар ойынға, есірткіге деген тәуелділігін тек аппаратпен анықтау жеткіліксіз. Бұл жағдайда психологиялық және нумерологиялық білім де қажет болары анық» – дейді,  полиция капитаны Сұлушаш Шакірханқызы. 

Білікті маманның сөзінше қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Қиындығы сол тек заңда бекітілген ережеге сай болуың. Нысанды киім киетін болғаннан кейін шаштан бастап тырнақ бояуының түсіне дейін заңды талаптарға сай аса көзге түспейтін,  таза, ұқыпты, бір сөзбен айтқанда мінсіз болу маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар басшылардың басқару стилі мен көшбасшылығын және қызметкерлердің психологиялық жай-күйін анықтау мақсатында  аудандарға іс-сапарға шығып тұрамыз. Жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде орындау үшін ерте келіп, кеш қайтатын кездеріміз де көп болады. Сол үшін әрдайым қолдауын білдіріп отыратын отбасыма да алғысымды айтқым келеді, – дейді Сұлушаш Шакирханқызы.

Бүгінде Сұлушаш өз шаңырағының ұйытқысы, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, бақытты жар. Демалыс күндері отбасымен бірге фильм көріп, табиғат аясында серуендегенді жақсы көреді. Апта сайын бассейнге барып, гимнастикамен де айналысуды әдетке айналдырған. Отбасында да, жұмысында да өзіндік орнын қалыптастыра білген полицей Сұлушашқа алдағы уақытта еңбегінің жемісін көріп, ары қарайда Ішкі істер саласында адал қызмет атқара беруіне тілектеспіз.

Жазира ЖҮСІП,

ХҚТУ-дің 4 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы