ЖАҢА ТАЛАП – ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

328 көрілім

Түркістан облыстық полиция департаменті жанындағы консультативті кеңесші орган биыл алғашқы жиынын өткізді. ҚР Ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Мұхтар Ермеков төрағалық ететін ұйым отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Алғашқысы 2022 жылдың ақпан айында Мемлекет басшысының ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша ішкі істер органы қызметкерлерін парасаттылыққа тексеру туралы. Бұл жөнінде аталмыш департаменттің кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров баяндама жасап, өңірдегі тәртіп сақшылары арасында қолға алынып жатқан жобаның іске асырылуы және үгіт-насихат жұмыстарының барысына тоқталды.

Сонымен бірге, ҚР Президентінің осы жылғы екінші қаңтарда №81 Жарлығымен бекітілген ҚР құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Шамшат баяндама жасады. Кеңесші орган мүшелері қаралған мәселелерге өз тараптарынан үн қатып, бүгінгі полиция қызметкерлерінің заман талабына сай қызмет етуі барысындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Оған қоса, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілетін министрлік қоғаммен әріптестікке қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасына Түркістан облысы полиция департаментінен жолданған ұсыныстар талқыланды.

Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған штаб басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Дінмұхаммед Рыспанбетов уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарын ашу, арнайы жол қауіпсіздігі бойынша білім беру ұйымдарында дәрістер өткізуді сабақ кестесіне енгізу, «полицияның қоғамдық көмекшілер» лауазымдарын тұрақты негізде енгізу және осы секілді қоғамдық қауіпсіздікке едәуір залал келтіретін әрекеттерді ауыздықтау үшін талаптарды нақтылауға ұсыныстар жолдап отырғанын баяндады. Осылайша жалғасын тапқан жиынға өңіріміздегі барлық аудан, қалалардағы полиция басқармалары және бөлімдерінің басшылары және департаменттің жауапты сала өкілдері қатысқанын айта кеткен жөн. Консультативті кеңесші орган төрағасы Мұхтар Мұхитдинұлы басқосу қорытындысында полиция қызметкерлеріне жаңа заманға сай жаңа талап болатыны, жаңашылдыққа барынша бейім болу қажеттігін атап өтіп, алдағы уақытта тәртіп сақшыларының игі істердің басынан табылатынына сенім білдірді.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы