ЖАС ТЕННИСШІЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ

573 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің спортты дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үстел теннисінен 2005-2007, 2008-2009, 2010-2011, 2012 жылғы және одан кіші туылған ұлдар мен қыздар арасындағы Түркістан қаласының біріншілігі өтті. «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өткен жарысқа 100-ден аса жас теннисшілер қатысты. Жарыстың негізгі мақсаты мен міндеті бұқаралық спортты дамыту, оқушыларды жүйелі түрде үстел теннисі, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Жарыстың ашылу салтанатында қалалық мәслихаттың депутаты Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық спортты дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Асилбаев, №2 БЖСМ мектебінің директоры Әнуар Сәрсенбаев және жарыстың бас төрешісі, спорт ардагері Оразбек Божбанбаевтар сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №2 БЖСМ, ІІ орынды «Астана ССК», ІІІ орынды «Береке ССК» және Сауран ауданы Қаражон жалпы орта мектебінің командалары иеленді. Жекелей сында 2012 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасында Жұмағұл Абай (ұлдар), Сейдрахим Арайлым (қыздар), 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында Жұмағұл Марлен (ұлдар), Жания Абидинова (қыздар), 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында Ибахан Санжар (ұлдар), Байболат Ұлдана (қыздар), 2005-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында Фахри Бакаев (ұлдар), Бегайдар Қарақат (қыздар) үздік деп танылып, біріншілік жеңімпазы атанды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Түркістан қаласы әкімдігінің спортты дамыту бөлімінің арнайы дипломдары мен медальдары тапсырылды.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары