«ЫНТЫМАҚ ҮЙІНДЕ» ЖӨНІ БӨЛЕК КЕҢЕС ӨТТІ

739 көрілім

Қасиетті қаланың тізгінін ұстаған Нұрбол Әбдісаттарұлы әкімдіктің қоғаммен байланыс яғни, халық арасында ынтымақ-бірлікті сөзбен емес іспен жүйелеуді де күн тәртібіне қойғаны аңғарылады. Оның дәлелі таяуда ғана ашылған Түркістан қаласы әкімдігінің тікелей ұйытқы болуымен ашылған «Ынтымақ үйі» енді салт-дәстүрдің, имандылықпен ибалылықты дәріптейтін, жұртшылықты осы бастамалар төңірегіне топтастыратын орталыққа айналмақ.

Газетіміздің алдағы санында жария еткеніміздей бұл орталықта облыстық «ақсақалдар алқасы», «ардагерлер кеңесі», «әжелер алқасы», қалалық «келісім кеңесі» секілді қоғамдық ұйымдар шоғырланған.

Иә, идеологиялық жұмыс барысында көпшіліктің ұлттық мүдде шеңберінде ұйыса кетуін қамтамасыз етуді біраз басшылар «қаржымен» шешемін деп ойлайтын болса керек, соның салдарынан жер-жерлерде билік пен халықтың мұраты бір арнаға тоғыспай жатыр. Біздің тақырыбымызға арқау болған кездесу осындай мәселелердің алдын алып, тұрғындарды ауызбіршілікке үндеудің бастауы болмақ.

Апта басында Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Аңсарбек Советұлы аталған орталыққа арнайы келіп, елді ортақ мүддеге жұмылдыру арқылы игі істерімен үлгі болып жүрген аға буын өкілдеріне қала әкімінің алғысын жеткізіп, «келісіп пішкен тонның келте болмасын» алға тартты. Бұл ретте әкімдік өкілі ардаргерлерді тізе қосып жұмыс жасауға шақырып, тұрғындарды ынтымақ-бірлікке ұйыстыру осы қоғамдық ұйымдардың басты ұстанымы болуы қажеттігін және ол мақсатта әкімдік әркез бірлесіп жұмыс жасауға әзір екендігін жеткізді. Сонымен бірге орталықтағы ұйымдардың жоба жоспарларын нақтылап, межелі міндеттер аясында тұрақты түрде жұмыс жүргізуді ұсынды.

Осылайша «Ынтымақ үйінде» еңбек ардагерлерімен ұрпақтар сабақтастығы, тәлім мен тәрбие, бірлік тақырыбындағы пікір алмасу барысында облыстық ақсақалдар алқасының атынан сөз алған Жарылқасын Әзіретбергенұлы ұрпақ тәрбиесінде аға буынға жүктелер жауапкершілікке тоқталып, алдағы жоспарлардың мәні мен маңызын саралау қажеттігін тілге тиек етті. Оған қоса ақсақалдар алқасы осы күнге дейін шаһардағы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында арнайы қайырымдылық дүкенін ашып, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп келе жатқанын және қала тазалығын қалыптастыру мақсатында тұрғындар арасында тазалық байқауын ұйымдастырып нәтижелі істерге ұйытқы болып жүргені сөз болды. Соның ішінде «Үлес» қайырымдылық қоры арқылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай биыл жалпы саны қаладағы баспанаға мұқтаж 30 отбасыға үй кілтін табыстау жоспарларының да межеленіп қалғанын жеткізді Жарылқасын Әзіретбергенұлы.

Сол секілді қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Әбенқызы, «Шұғылалы таң” қайрымдылық қоғамдық қор құрылтай-шысы Дана Орманова өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс тілектерін жеткізді.

Жиын соңында ортақ шешімдер қабылданып, жоспарлар межеленді. Енді келер күндері әкімдік пен қоғамдық ұйым өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс жасауға уағдаласып тарқасты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы