ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚША БАСШЫЛАРЫ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚТЫ

882 көрілім

Түркістанда жүзден астам балабақшаның қызметкерлері, облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар мемлекет есебінен бала басына берілетін қаражаттың өзге аймақтармен салыстырғанда тым аз беріліп жатқанына наразы.

Айтуларынша, биылғы қаңтардан бастап бала басына кемінде 42 мың теңгеден төленуі тиіс екен. Алайда, қазіргі алып отырғандары 31 мың теңгеге де жетпейді. Наразы топ бұл жерде кәсіпкерлерден бөлек педагогтар мен балалардың да құқығы тапталып отыр деді. Заңға сәйкес қаңтардан бері 25 пайыздан екі рет қосылуы тиіс еңбекақыны әлі өзгерте алмай отырғандарын алға тартты. Жиналғандар осы мәселемен шенділердің табалдырығын тоздырғанмен нәтиже шығар емес десті. Жағдай реттелмесе балабақшалардың дені жұмысын тоқтату қаупі барын айтады.

«2021-дің ақпан айында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Жолаевқа кіргенмін. Ол кісі 2021 жылдың қыркүйек айында қаражат беріледі. Үстіндегі айырмашылығын сол кезде береміз деді. Міне, қыркүйек те өтті, қазан да өтті. Ешқандай себеп жоқ, бізге не себепті қаражат көтерілмейтіндігін айтпайды. Қиналып жатырмыз», – деді балабақша құрылтайшысы Ләззат Убайдаева.

«Біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санатты тәрбиешілеріміз базарға шығып істеп отыр. «Апай, біз бір күнде базарға шықсақ 10 мың теңге табамыз. 60-70 мың теңгемен біз қалай күн көреміз, қалай бала-шағамызды асыраймыз» деп отыр», – деді Түркістан облысы балабақшалар қауымдастығының төрайымы Дилбар Хабибова.

Қауымдастық төрайымының мәліметінше, облыс бойынша 115 мың бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленеді екен. Онда 40 мың адам жұмыс істейді. Соның 19 мыңнан астамы педагогтар. Наразы топты өңір атқамінерлері Конгресс холл ғимаратына кіргізіп, сөйлесті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов жұртшылықты тыныштыққа шақырды.

– Түркістан облысы дотацияда отырған облыс. Түркістан облысының бюджеті бұл қаржыны көтере алмайды. Бұған 23 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Біз былтырдан бері республикалық бюджеттен төлеу туралы өтінім жазып жатырмыз. Бізде 1400-ден астам балабақша бар. Сіздерге рахмет. Тұрғындарды балабақшамен қамтуға үлес қосып отырсыздар,-дейді Арман Сәбитов.

Алайда, әкімдік өкілдерінің жауабы көңілдерінен шыға қоймады. Өңір шенділері жағдайды аймақтағы бала санының көптігімен байланыстырып отыр.

Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі түсініктеме берді. Бюджет кодексіне және «Білім туралы» Заңға сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне ақшалай қаражат төлеу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне жатады, – делінген түсініктемеде.

Айта кетейік, өңірлердің басым бөлігі балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бөлуді бекітілген әдістемеге сәйкес жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етеді. Алайда, жергілікті бюджетте қаражаттың жетіспеуіне байланысты Түркістан облысының әкімдігі республикалық бюджеттен берешекті өтеу үшін қосымша ақшалай қаражат бөлу туралы өтінім жіберді, – дейді ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы