ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕ ЖАБДЫҚТАЛҒАН – ФАРАБ КІТАПХАНАСЫ

2  920 көрілім

Кітап – рухани азық. Ал кітапхана болса оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады. Оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін кітапханалардың бірі де бірегейі тарихи шаһардағы жаңадан ашылған «Фараб» кітапханасы. Сәулелі ғимараттардың ортасында орналасқан бұл білім ошағы бүгінде Түркістан қаласының кітапқұмар оқырмандарының көзайымына айналып отыр.

Аталмыш кітапхана облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша көпфункционалды білім кешені болып, заманауи үлгіде жасақталды. Үш қабаттан тұратын білім ошағының сақтау қорында 480 мың кітап қорына арнайы орын белгіленген. Ал бүгінде кітапханада 280 мың кітап қоры бар.

Төменгі қабатында орналасқан кітапхананың кітап сақтау қоры

Кітапхананың әр қабаты түрлі бөлімдер мен салаларға бөлінген. Үшінші қабатта құнды, сирек кездесетін тарихи кітаптар мен қолжазбалар, әлемге танымал ақын – жазушылардың, қазақ-орыс жазушылары кітаптарының түпнұсқалары орналасқан арнайы өлкетану бөлімі бар. Дегенмен бұл кітаптар қолдан қолға берілмейді. Тек кітапхананың оқу залында ғана оқуға мүмкіндік бар. Онымен қоса, оңтүстік өңірден шыққан дарынды тұлғалар мен ақын жазушылардың кітаптары оқырмандарға ұсынылған.

Бір ғасырлық тарихы бар көне кітаптардың түпнұсқалары

Өлкетану бөліміндегі ең құнды болып саналатын тарихи жәдігер 1919 жылғы атақты «American Quartet» тобының орындауында Бобби Джонес пен Джек Стерннің «Түркістан» деп аталатын музыкалық пластинкасы. Бұл туындының жазбасы «Farab» кітапханасының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесінде АҚШ Конгресі Кітапханасының мұрағаттарынан табылды. Әр түрлі мұрағат көздеріне сәйкес, жазба 1906 немесе 1919 жылы жазылуы мүмкін. Сонымен қатар бұл туынды 1919 жылы Бродвейдің хитіне айналған.

«American Quartet» тобының орындауында
Бобби Джонес пен Джек Стерннің «Түркістан» деп аталатын музыкалық пластинкасы

Білім ошағының екінші қабатында балалар кітапханасынан бастап, мәжіліс залы, оқырман залы, компьютер сыныбы орналасқан. Кітапханада каллиграфия және дыбыс жазу және аниматорлар студиясы бар. Онымен қоса баспасөз бөлімі де бар. Еліміздегі маңызды, бірнеше жылдық тарихы бар газет журналдар, өңірлік баспасөздердің газет тігінділері кітапхана сөресінде оқырмандарға ұсынылып отыр.

Балалар кітапханасы
Оқырман залы
Кітапхананың мәжіліс залы
Компьютер сыныбы
Өңірлік газеттердің газет тігінділері
Республика бойынша жарияланатын газеттердің газет тігінділері

Бірінші қабатта ерекше көзге түсетін жұмсақ орындықтары бар үлкен ағаш баспалдақ бар. Ол баспалдақтарда жайлы жұмсақ жастықшалар мен орындықтар арнайы оқырмандар үшін қойылған. Қазіргі таңда бұл баспалдақ кітапсүйер қауымның оқыған шығармаларынан алған әсерлері мен ойларын талқылауға таптырмас орын болып отыр.

Кітапқұмар оқырмандар қауымы
Кітапхананың жоғарғы қабатындағы әсем көрініс

Оқу ордасының ең ерекшелігі «Fab-lab» ғылыми өндіріс зертханасы болып табылады. Лабораториядағы заманауи техникаларды пайдалана отырып, кез-келген адам ойындағы дүниенені, сәндік заттардан бастап, техникалық бұйымдарға дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар. Тағы бір ерекше тұсы, білім ордасы қолға берілген кітаптарды заманауи үлгіде дезинфекция жасайды. Яғни арнайы лазерлік тазартудан өткізеді. Үш минут ішінде лазерлік құрылғыға кітапты салып, толық дезинфекция жасалғаннан соң, кітап сөресіне қойылады.

“Fab-Lab” зертханасы
Арнайы лазерлік құрылғы кітапты тазарту үстінде

Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады. Тағы бір айта кетерлігі, білім кешенінде тек қана оқырмандарға ғана емес, кітапхана қызметкерлеріне де жағдай жасалған.Төменгі қабатта қызметкерлерге арналған асхана бар.

Дегенмен кітапхананың бір кемшілігі 280 мың кітап қоры толығымен электрондық нұсқаға өтпеген. Кітапхана қызметкерлері алдағы уақытта кітаптардың «Ирбис» (ИРБИС – заманауи кітапхана жүйелеріне қойылатын барлық халықаралық талаптарға жауап беретін жүйе) автоматтандыру жүйесіне және әр кітапқа чип пен штрихкод қою арқылы енгізілетінін жеткізді. Кітаптар толығымен бір жүйеге енгізілген уақытта әр оқырманға арнайы «Фараб» карта беріледі. Картада оқырманның өзі жайлы және оқып жатқан кітаптарының тізімі шығады. Осы карта арқылы оқырман алған кітабының уақытын өзі создырып, кітапханашының көмегінсіз арнайы құрылғыға өзі өткізе алады. Ол қалай десеңіз кітапханада кітап қабылдап алатын автоматтандырылған сандық құрылғы бар. Және бұл автоматтандырылған құрылғы 24 сағат жұмыс жасайды.

Әр оқырманға берілетін “FARAB” карты

Қазіргі таңда заманауи білім ордасы кітапқұмар оқырмандардың сүйікті ортасына айналды. Жаңашылдыққа құмар, ізденімпаз жастар үшін құрылған білім ошағы ел игілігіне үлкен үлес қосары сөзсіз.

Ұлпан АБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы