ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫ АСТЫНДА ҰЛЫ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ ЖАСАЛДЫ

782 көрілім

Сонау ғасырлардан бері ата-бабалардың асыл арманы Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толғалы отыр. Осы бір мерейлі де мерекелі жыл аясында барша түркі әлемінің ортақ ұлы ақыны Әлішер Науаидің 580 жылдығы Тәуелсіздікпен құрдас «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығы, қалалық «Туркистон» газетінің 65 жылдығы қатар келіп отыр. Осы бір айтулы даталы күндер мен түркі өркениетіндегі ұлы тұлғаның туған күні қарсаңында қаламыздағы Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназиясында облыс көлемінде мүшәйра ұйымдастырылды.

Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен ауыл-аймақтардан руханият және мәдениет жанашырларының қыс қаһарына мініп, бірер күн бұрын жауған қалын қарға қарамастан толық қатысқаны аталмыш шараның қаншалықты маңызға ие екендігін көрсетіп тұрғандай. Байқауға өлең, шығарма және сахна көріністері арқылы өз шеберліктерін паш етуге келген 24 үміткердің бойындағы қабілеттерін бағалауға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ерназар Розметов төрағалық еткен қазылар алқасы бағалап отырды. Шара қаламыздың қарт тұрғыны, бір ғасыр ғұмыр кешкен кейуана Шахадат Разыққызының ақ батасымен басталды. Содан кейін, қатысушылар өз өнерлерін сахна төрінде паш етіп, ұлы тұлғаға деген құрметтерін көрсетті.

Атап айтсақ, байқаудың ең егде қатысушысы ескіиқандық Айниддин Абубакиров, Оранғай ауылынан Абиддин Пахриддинов, Қарашық ауылының өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Мырзахан Адхамов, ескіиқандық мәдениет жанашыры Ырысқұл Аббасовтар өз шығармаларын ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.

Ұлы тұлға ұлықталған күні байқаудың барша қатысушыларының шығармалары қазылар алқасының елегінен өтіп, марапаттау кезеңіне де жетті. ҚР «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, «Жанубий Қозоғистон» газетінің директор-редакторы А.Сатвалдиев, «Түркістан» газетінің директор-редакторы М.Дәулетов, «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Р.Қошқаров, Кентау қалалық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Х.Низамовтар шараның тәуелсіз мемлекетіміздің руханияты мен өркениетіне қосар үлесі зор екендігін, осы шаралар арқылы ұлы ғұламаға тағзым еткенімізді, келер ұрпаққа үлгі боларлықтай ізгі іс болғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, барша қатысушыларға «Алғыс хаттар» мен қаржылай сый-сияпаттар тапсырылды.

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов, журналист Абдужаббар Абдусаттаровтар сынды руханият жанашырларының бастамасымен жарыққа шыққан «Туркистон» газетінің 65 жылдығы, егемендік таңымен бірге жарыққа шыққан «Жанубий Қозоғистон» газетінің 30 жылдығы қарсаңында аталмыш басылымдарға қолдау көрсету мәселесі осы шараның өзекті тақырыбына айналды.

Шара аясында мектеп ауласында орнатылған Ә.Науаидің ескерткішіне «Әлішер Науаиға – 580 жыл», «Әлішер Науаи түркі халықтарының ортақ ұлы ақыны» деп жазылған гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Осы ретте «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген қанатты сөзі осы кезде ойға оралады. Бұл ескерткіш Ә.Науаи атындағы мектепте өткен ғасырда білім алған – ақын Ерназар Розметов пен қаламызға белгілі архитектор Садулла Садықовтардың орасан зор еңбектерінің арқасында бой көтергені көпшілікке үлгі-өнеге екендігін айтып өткеніміз абзал.

Р.S. Иә, айтулы күндер аясында Түркістандағы шара жоғары деңгейде өтті. Мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Ал, рухани азық беретін қаламыздағы екі тілде шығатын ресми қос газеттің таралымына үн қосар азаматтар қатары алдағы уақытта көбейе түсеріне сеніміміз мол. Лайым солай болар деп үміт артайық, ағайындар!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы