Маржан МЫРЗАМЕТ: «ӘДЕМІ МАМАНДЫҚТЫҢ ӘДЕМІ ИЕСІ БОЛЫҢЫЗ»

2  263 көрілім

Бет әрлеу де бір өнердің иесі екені баршамызға белгілі, әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы болады. Бүгінгі күні бет әрлеу мамандығы қыз- келіншектер үшін сұранысқа ие салалардың бірі болып тұр. Десе де, Түркістан қаласы бойынша саны көп сапасы жағынан аз болып тұрғаны қынжылтады. Сырттан келген қала қонақтарының да көңіліне қонымсыз болып тұрған ұсыныстары бойынша осы сала маманын іздестіріп көрдік. Жас та болса, бас болып өз ісінің шебері, қаламызда еңбегі ерекше бағаланып жүрген танымал визажисттердің бірі Маржан Мырзаметпен жүздесіп, сұхбат жүргізген едік.

– Көпшілікке белгілі Түркістан қаласы бойынша сапасы жағынан ең жоғарғы дәрежедегі визажист ретінде танымалсыз. Бұл мамандықты таңдауыңыздың себебі неде?

– Түркістан қаласы бойынша мені таңдап, менен сұхбат алып жатқан сізге рахмет. Жалпы менің визажист мамандығынан бұрын Еуразия ұлттық университетінде математика пәні бойынша тәмандаған болатынмын. Әрлеуші мамандығын таңдауыма түрткі болған себептердің бірі Түркістан қаласына 2015 жылы келін болып түскеннен кейін, өзімнің той образымды жасайтын дұрыс мастер жоқтығына көзім жетті. Себебі, кез-келген салондарға барсам өзімнің талғамыма сай образды таппай біраз қиналып, той көйлегімді де өз ойымдағыдай кие алмадым. Соған көңілім толмай Түркістан қаласы бойынша осы саланың кәсіпқой маманы жетіспейді екен деген ой туындады. Сол себепті мен өз таңдауымды жасадым. Осылайша негізгі мұғалімдік мамандығымды тастап, визажист кәсібіне бет бұрып қолға алдым. Әрі осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқаныма бес жылдың көлемі болыпты. Өзімнің жеке «МARZHAN MYRZAMET» атты сұлулық салонымның 2017 жылы ашылып қазіргі таңда қол астымда он үш мықты жоғарғы тәжірибесі бар білікті, өз ісінің шеберлерімен бірлесіп тізе бүгіп жұмыс жасап жатырмын. Айта кетейін, олардың қазіргі таңда бір айлық табыс көзі үш жүз мың теңгеден асады.

– Визажист болу өнер ме, әлде кәсіп пе? Өзіңіздің тәжірибеңізбен қанша шәкірт тәрбиеледіңіз? Күнделікті шығыныңыз бен кірісіңізді де бөлісе кетсеңіз?

– Менің ойымша, ең бірінші кезекте өнерді алға қоямын. Ал өнер тазалық пен ұқыптылықты қажет етеді. Әрі әр тұтынушының өз ойындағыдай етіп әсерлі көңіл-күй сыйлап өз өнерімен таңғалдыру керек деп ойлаймын. Себебі, сіз бір затпен емес бір адамның бетімен жұмыс жа-сағандықтан әрбір келушінің көңіл күйіне қарап, талғамы-мен санасасыз. Визажисттің өнерін кәсіпке айналдыру деп бағалайтын едім. Өнеріңіз жақсы бағаланып ақысы төленеді. Әуел баста қиындық тудырған мәселелердің бірі, Түркістан қаласында визажист мамандығын онша қабылдай бермейтін еді. Қала тұрғындарының сапалы опадалапқа қалтасы көтермей қымбатсынғаны рас. Дегенменде, басқа қарапайым бет әрлеу жұмыстарымен біздің сапалы визажисттің бағалы LUX опадалаптан жасалған макияждың түрлері өте қымбат болады, яғни кешкі әрлеу 5000 теңге, тойға арналған әрлеулер 7000 теңге болып есептеледі. Екі әрлеудің сапасы жағынан қаншалықты маңызды екенін айыра білген соң кәсіпқой опадалапқа үйренді. Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқанымызға бес жылдың көлемі болды. Бес жылдан бері 15 мыңдай адамның бетін боядым. 300-ге жуық қыз-келіншектерге дәріс беріп, тәжірбеммен бөлістім. Көбіне менің тұтынушыларым той образын таңдап келеді. Атап айтсам той иелері, жаңа түскен келіндер және сахна алдындағы шығармашылық иелері, маңызды рөлдегі адамдар да меншікті тұтынушыларыма айналған әрі қаламызға келген жұлдызды қонақтарымыздың сұранысына да үлгермей жататыным бар. Визажист мамандығы 300 мыңнан 1млн-ға дейін табыс таба алады. 2015 жылдан кейін екі жыл бойы басқа салонда жұмыс жасап өзімнің тәжірбиеммен алмастым. Көптеген шеберлік сағатына қатысып шетелдің ең мықты деген Гоар Аветисян, Danessa Mirics, Диана Омарова, сонымен қатар, өз еліміздің белгілі Гаухар Жақсыбаева, Санди Бексырға сынды тағы басқада визажисттердің сертификаттарына ие болғанмын. Өзімнің білімімді одан әрі шыңдау үшін ешқандай ақшаны үнемдеген емеспін. Сән-салонмен қатар той көйлектерін Түркия елі мен Гуанчжоудан арнайы алдырып кепілдікке беріп отырамын. Ал, қазақша көйлектерді қаламызда ерекше дизайнмен тіктіріп, қосымша табыс көзі ретінде қатар алып жүрмін.

– Бұл мамандықты дәл қазіргі таңда әлеуметтік тұрғыда қаншалықты қажет етеді, қызығып қолға алып жатқан жастарымыз қанша пайыз деп айта аласыз? Бүгінгі күні карантин режимі жұмыстарыңызға кедергі болып жатқан жоқ па, жұмыстарыңыздың қарқыны қалай болуда?

– Қазіргі біздің мамандыққа жастар өте белсенді. Сондықтан біздің саланы таңдап келіп жатқан адамдар саны жетерлік деп айта аламын. Біздің мамандық тазалықты талап ете отырып, адамдармен тікелей байланыста қарым қатынаспен жұмыс жасайды. Түркістан қаласында сапасы жағынан ауыз толтырып айтарлықтай мықты визажисттер жоқтың қасы. Саладағы әрлеуші болу үшін әлі де тізгінді мықтап иемденіп атын шығаруға мүмкіндіктер жетерлік деп ойлаймын. Әрине, төтенше жағдайға байланысты карантин талабы бізге өте қатты зиянын тигізді. Себебі, біздің жұмыс тікелей тойға байланысты болғандықтан жұмысымыздың жалақысы 50 пайыз қысқарды. Дегенмен, тұтынушылармен қатар түрлі конкурстар мен онлайн режимінде өзін-өзі әрлеу сабақтарын өткізіп, базалық сертификаттарын беріп, қосымша табыс көзін тауып жатырмыз. Алдағы уақытта карантин режимі аяқталып, еркін өмірімізге оралсақ деген үміттеміз.

– Визажист болу үшін көптің көкейінде суретші болу маңызды деген ұғым бар. Сіз қаншалықты растайсыз?

– Визажист болу суретшілікті қатты қажет етпейді. Тек ұқыптылық пен тазалықты талап ететін, жауапкершілігі жағынан жоғары мамандықтың бірі. Сурет салуға икемі жоқ, жазуы нашар қыздарымызға да қиындық тудырмайды. Әрине, тынбай еңбектенсе кез келген адам алып кете алатыны шүбәсіз. Өз ойым «үйрене алмайтын адам жоқ, еңбектене алмайтын адам бар» деп есептеймін. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 2020 жылғы Түркістан қаласының «Ең үздік сұлулық салоны» номинациясын иелендік. Еңбегімізді бағалап жатқан халқыма алғысымды білдіремін. Бұл жетістік – біз үшін қуанышты жаңалық. Түркістан қаласына әлі де көптеген мықты мамандар керек. Сондықтан да визажист мамандығын иеленгіңіз келсе әлі де кеш емес. Түркістанымыздың көркеюіне байланысты алда талай концерттер болады. Соған еліміздің атақты жұлдыздары келеді. Бәріне жалғыз өзім үлгере алмаймын, әрине… Сондықтанда сіздерді визажист мамандығына шақырамын. «Әдемі мамандықтың әдемі иесі болыңыз» дегім келеді.

– Арнайы уақытыңызды бөліп, өз ойыңызбен бөлісіп, сұхбаттасқаныңызға үлкен рахмет. Жұмысыңызға толағай табыстар тілеймін.

Сұхбаттасқан

Айнұр ШАРАСУЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы