ӘКІМ КУБОГЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

1  801 көрілім

Жаңа жыл қарсаңында Түркістан қаласы футбол федерациясының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында кіші футболдан қала әкімінің кубогы мәреге жетті. «Аманбай» спорт кешенінде өткен аяқ доп додасында жасөспірімдер жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсті. Турнирдің жабылу салтанатына қатысқан қала әкімі Рашид Абатұлы жас футболшыларға жылы лебізін білдіріп, алдағы жылдары облыс орталығы футболының дамуына ерекше серпін беретін мұндай турнирдің берері көп екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, 20 жасында күллі әлемге әйгілі болған олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтай биік белестерді теңбіл доп арқылы бағындыра беріңіздер десе, Түркістан қаласы футбол федерациясының президенті Нәлібай Дәрібаев жасыл алаңда өз шеберліктерін паш еткен жас футболшыларға алғысын білдірді. «Қайрат» командасының капитаны Ардақ Серікбай жарысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, алдағы жылдары киелі қаланың намысын қорғайтын команда жасақталса деген ұсынысын жеткізді.

Жарыстың марапаттау кезеңінде 10-11 жас аралығында «Бекзат», «Шауғар», «Қыран» командалары үздік үштікті қорытындыласа, 13-14 жас аралығында «Яссы», «Сауран», «Арасан» командалары І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Ал 15-16 жас аралығында «Қайрат» командасының мерейі үстем болып І ші орынға ие болса, «Тұран» мен «Жастар» командалары жүлделі ІІ-ІІІ ші орындарды өзара бөлісті. Жарыс қорытындысында жеңімпаз және жүлделі орындарға ие болған командалар кубок пен алғыс хаттармен марапатталды.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы