БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

1  085 көрілім

“Ұстазды алтын діңгекке теңер едім”, – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы –  қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік.  Солардың бірі  Абай атындағы №31 жалпы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тұрғаныс Маденқызы Қалдыбаева. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен              дараланған Тұрғаныс Маденқызы жайлы ерекше ілтипатпен  айтуға болады.

Тұрғаныс Маденқызы 1985-87  жылдары  Түркістан пед.училищенің  мектепке  дейінгі мекеменің  тәрбиешісі факультетін  бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Абай атындағы №1 жалпы орта мектепте тәрбиеші  болып бастаған. 1992-2002 жылдары бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқара жүріп,  Оңтүстік Қазақстан Ашық    университетінің (1999-2002 жылдары) тарих факультетін  сырттай оқып бітіріп,     тарих пәнінің  мұғалімі болып еңбек етеді.  2002-2007 жылдары директордың   тәрбие  ісі  жөніндегі орынбасары,  2007 жылдан бастап директордың  оқу ісі жөніндегі орынбасары  қызметін абыроймен  атқарып  келеді. Қызы Айару 5 сыныпта   оқиды.    

Жан-жақты білікті ұстаз оқушыларды білім нәрімен сусындатып білгенін үйретуден жалықпайды. Жаңалыққа жаны құмар Тұрғаныс Маденқызы қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді. Шәкірттеріне қатаң талап қоя білумен қатар аналық қамқорлығын аямаған ұстаздың бұл қасиеті жастарға үлгі-өнеге. Сонымен қатар,  қысылған жанға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды басты адами парызы санайды.

Ол – шәкірттердің ғана емес, осында еңбек ететін ұстаздардың да ұстазы. Педагогикалық шеберлікті, ғылымды ұйымдастырушылық қабілетпен ұштастыра білді. Мұғалімдердің өткізетін әрбір сабағы мен балалармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының мазмұнына терең барып, жаңаша бағыттарда жұмыс істеді. Жемісті еңбегіне орай, 1998 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен, 2019 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы медальмен марапатталып, мерейі үстем көрінді.

Табаны күректей 33 жыл ішінде қаншама шәкірттің жүрегіне жол тауып, бала жанының бағбанына айналған
кейіпкеріміз ғибратты ғұмырының ең қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.

-«Қазірде орын алып отырған жағдайға байланысты қащықтан оқыту тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде қолданылып отыр. Осыған орай ата-аналар мен педагогтар ұжымы толық қолдау көрсетіп,індеттің таралуының алдын алуға бар мүмкіндікті пайдалануда.Басты мақсатымыз-жастар мен балалардың өмір қауіпсіздігі, олардың білім алудан қол үзбеуін назарда ұстау. Ата-аналарға , мұғалімдерге, оқушыларға қашықтықтан оқыту онлайн платформаларында қалай жұмыс істеудің әр қадамын көрсететін ұсынымдардың сілтемелері мен онлайн оқытудың қадамдық нұсқамасы беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Әкімшілік мүшелерімен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлер оқушыларға уақытша пайдалануға берілді. Сонымен қатар  қажет болған жағдайда  демеушілік көрсетуге дайын екенімізді айтқым келеді.

Әр адамның алдына қойған мақсаттары болады.  Адам баласы кемелденіп, өзін ұштау үшін алдына мақсат қойып, діттегеніне жетуге талпынады. Мақсатым-шығармашыл, қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығаруға үлес қосу, өйткені  еліміздің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында, ал ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында. Өмірлік ұстанымым-әркез ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау. Ақылды жүрекке бағындырып, адал еңбекке қайрат жұмсаудан артық ешнәрсе мені бақытты ете алмайды,- дейді ұлағатты ұстаз.      

Асыл ана, ардақты ұстаз Тұрғаныс Маденқызын  төл мерекесімен  құттықтап, алда да алар асуларының мол болуын тілейміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы