АТА-АНАЛАР НАЗАРЫНА!

546 көрілім

Биылғы оқу жылы жылдағыдан өзгеше басталғаны белгілі. Бұрын-соңды мұндай жағдайда жұмыс жасамаған еліміз үшін бұл біршама қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Уақыт өте жүйелі жасалынған жұмыстардың нәтижесінде  негізгі мәселелер шешімін тауып, қазіргі таңда оқыту жүйесі қалыпты жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен, ата-аналар арасында оқушыларға берілетін жеңілдіктер мен көмектер тұрғысында түсініспеушіліктер әлі де орын алуда. Сондықтан да облыс және қала басшылығына қойылып жатқан ең негізгі сұрақтар бойынша яғни негізгі 4 бағыт бойынша ата-аналарға түсіндірме жолдағанды жөн санап отырмыз.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ

     Биылғы жаңа оқу жылындағы негізгі басымдық білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Бұл үшін жаз айларында оқушылардың техникалық байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі жайлы деректер жиналып, соның нәтижесінде әлеуметтік аз қамтылған оқушыларды компьютер, ноутбук, планшеттермен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілді.

     Түркістан қаласы бойынша 44732 бала 2020-2021 оқу жылын бастады. Онда 1 сыныпқа келген 5185 баланың ішіндегі 4382 бала кезекші сыныптарда оқиды. Бұл оқушылар мектептерде білім алатындықтан оларға байланыс құралының қажеті жоқ. Жалпы 27231 балада техникалық құрылғы мен интернет жүйесі бар. Жүргізілген анықтау жұмыстары барысында қашықтан оқыту бойынша интернет және құрылғысы жоқ 17093 бала анықталды. Ондағы 11758 бала көп балалы отбасы балалары. Ал әлеуметтік осал топтағы балалар 5335 (оның ішінде аз қамтылған отбасында – 4805, жетім балалар – 135, ерекше білім беруді қажеттіліктері бар балалар – 395). Қазіргі таңда мектеп есебіндегі 1400 дана компьютер мен ноутбуктар оқушыларға таратылды. Жергілікті бюджеттен 1113 дана планшет 4 айлық интернет тарифімен оқушыларға пайдалануға берілді. Республикалық бюджет есебінен алынған 1562 дана планшет те 4 айлық интернет тарифімен таратылды. Ал, алдағы уақытта яғни 1-қазанға дейін Республикалық бюджет есебінен «Бір отбасыға – бір компьютерлік техника»принципіндегі алгоритмі негізінде облыстық адами әлеуетті басқармасының 4851 дана компьютерлері және ноутбуктері қаламызға жеткізіліп, олар да  интернет тарифімен таратылатын болады. Осылардың нәтижесінде жалпы саны 8926 бала интернет және құрылғымен қамтылды. Бір отбасында бірнеше бала оқитындығын ескерсек, берілген құрылғылар одан да көп баланың сабақ оқуына құрал болатындығын ұғыну қиын емес.

     Осы тұрғыда туындап жатқан тағы бір түсініспеушілік, құрылғылардың мектепке қайтарылуы болып отыр. Бұлардың барлығы мемлекет мүлкі болып табылатындықтан қашықтықтан оқыту аяқталып, дәстүрлі режимге көшкен жағдайда оқушылардан қайта алынатынын да айта кеткен жөн. Сондықтан ата-аналарға мемлекет мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі түсіндірілуде.

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНДЕРМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Оқушыларды оқу жылы басынан оқулықтармен қамтамасыз ету басты назарымызда. Бұл үшін биыл бюджеттен қаралған қаржы негізінде 17 баспамен келісім шарт жасалынды. Соның нәтижесінде биылғы жылы жаңартылған оқу бағдарламасына көшіп отырған 11-сыныптар оқулықтармен толық қамтылды. Сонымен қатар, мектептерде оқушы санының артуына байланысты жетпейтін кітаптар үшін 1-10 сыныптарға да қажетті оқулықтар сатып алынды. Ал, қалған оқулықтарды мектептерде алмасу тәртібімен жүргізіліп, 2020-2021 оқу жылында оқушылар оқу әдістемелік кешендермен толық қамтылды.

ОҚУШЫЛАРҒА БЕРІЛЕТІН КИІМ-КЕШЕК ПЕН ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР ЖӘНЕ АТА-АНАЛАРҒА ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША БЕРУ МӘСЕЛЕСІ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1032 қаулысына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға яғни мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына берілетін әлеуметтік топтамада мектеп формасы не спорттық форма және мектеп жазу керек-жарақтарының жиынтығын алып беру қарастырылған. Осы мақсатта 2020-2021 оқу жылында 1 балаға 25000 мың теңге көлемінде көмек көрсету көзделген. Мұндай санаттағы балалардың саны қазіргі таңда 4231 бала болып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің шешімімен карантин жағдайында мектеп формасы міндеттелмегендіктен сатып алу конкурсы тоқтатылған. Дегенмен, конкурс қайта жарияланғаннан кейін бөлінген бюджет қаржысы игеріліп, қажетті заттар сатып алынатын болады. Бұл жұмыстарды мектеп есепшілері жүзеге асырады. Қолма-қол ақша тарату жүйесі қаралмаған. Сондықтан киімге қаралған қаржы нысаналы түрде жаратылады. Яғни, ата-аналардың есебіне аудару деген мәселе болмайды.

МЕКТЕПТЕ ТЕГІН ТАМАҚТАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

     Қазіргі таңда қашықтықтан оқытуға байланысты мектепте тегін тамақтануды ұйымдастыру тоқтатылған. Алайда, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты жақсаруымен 1-11 сынып оқушылары қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, штаттық режимге өтеді. Сол жағдайда қайта ыстық тамақпен қамтамасыз ету жалғасады.

 

       Құрметті ата-аналар! Қала әкімдігі, қалалық адами капиталды дамыту бөлімі карантин жағдайында қаламызда білім беру жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында ауқымды шаралар атқаруда. Қажетті жұмыстар жасалынып, оқушылардың өз деңгейінде білім алуына жағдайлар жасалуда. Сондықтан да сіздерден әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан түрлі тексерілмеген, жалған ақпараттарға сенбеулеріңізді сұранамыз. Кез келген мәселе бойынша ақпарат алу үшін тікелей қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің 8-707-493-30-87 ватсап нөміріне, немесе әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында сұрақ жолдауларыңызға болатынын ескертеміз.

Түркістан қаласы әкімдігінің
адами капиталды дамыту бөлімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы