ЖАҢА АЛЛЕЯ – ТҰРҒЫНДАРҒА ТАРТУ

225 көрілім

Қала аумағын көркейту және абаттандыру мақсатында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев шаһарды 32 секторға бөлген болатын. Әр бөліктің толық әрі уақытылы жүргізілуі үшін аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшыларына тікелей жауаптылық жүгі артылған. Осы уақытқа дейін  қала аумағында ағаштар отырғызылып, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылған. Біршама уақыт ішінде әрбір аумақта түрлі жұмыстар атқарылып, ойын алаңдары, аяқжолдар, аялдамалар және басқа да бірқатар жұмыстар аяқталып, ел игілігіне беріліп те қойды.

         Солардың бірі 7 секторға саналатын «Ақ мақта» мөлтек ауданы. Бұл аумақты гүлдендіріп, халық қуанышына тарту еткен Кентау қаласының әкімдігі. Халықтың карантиннен соң сыртқа шығып сергуі үшін демалу аймағы салынып, балаларға ойын алаңшалары тұрғызылып, субұрқақ орнатылған. Облыстық ақсақалдар алқасының «Ақ мақта» мөлтек ауданы бойынша сектор төрағасы Сырым Исмайловтың айтуынша бұл аймақ бұрын шашылған қоқыстың ортасында қалған. Кейін Түркістан облыс әкімдігі мен Кентау қаласы әкімдігінің бір жеңнен қол шығаруының арқасында гүлденген аймақ болып шыға келген. – Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлына және Кентау қаласы әкімдігіне халық дән риза,- дейді тағы аймақ төрағасы Сырым Исмайлов – Кешкі салқынмен дем алып, балалардың еркін ойын ойнауы үшін жарықшамдар жүргізіліп, веложолдар төселіп, футбол алаңшасы салынып, келуші қонақтар үшін арнайы автотұрақ салу ісі де естен шықпаған. Карантин кезеңінің аяқталуымен бұл жерге келуші халықтың қарасы көп. Осының барлығы елдің қуанышы мен қаланың көркеюіне үлесімізді қосу үшін,- деп сөзін аяқтады.

Қаламыздың облыс орталығы болғалы оң өзгерістердің көптеп орын алып жатқанын көру үлкен қуаныш сыйлайды. Осы ретте шаһар аумағында тек жаңа нысандар бой түзеп қана қоймай, ескірген аумақтардың заман талабына сай жаңарып жатқаны да құптарлық жәйт.

– 7 сектор, яғни «Ақ мақта» мөлтек ауданы Кентау қаласына бекітілген болатын. 2019 жылдың қазан айынан бастап осы аумақты гүлдендіру мақсатында құрылыс жұмыстарын бастап кеткенбіз. Қазіргі уақытқа дейін 8000 түп көшет егіліп тұрақты климат қалыптастырып тұр. Сонымен қатар 5000 шаршы метрге футбол алаңшасы орнатылып, спорттық воркаут бой түзеген. Осы аумақта тұратын 14 адам Кентау қаласының әкімдігінің тарапынан тұрақты жұмыспен қамтылған,- дейді Кентау қаласы «Жасыл Кентау» мекемесінің басшысы Мақсұт Ғайруллаев.

         Аталған аумақта көлік жүру мен жаяу жүргіншілердің жолына баса назар аударылған. Осы мақсатта екі аялдама бекеті орналастырылып, маңызы бар жол бойына жол жүру ережесі белгілері қойылу жоспарда бар. Дәл осылай тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру басты назарда.

– 7 сектордың жалпы аумағы 545 га-дан астам жерді алып жатыр. Халық саны – 10 525, үйлер – 2 971 және 72 көшеден тұрады. Облыс әкімдігінің бұлайша 32 секторға бөлуінің басты мақсаты қаланы көркейтіп қана қоймай сонымен бірге тазалық сақтау. Тұрғындарды тазалық мәдениетіне үйрету. Осы мақсатта арнайы насихат тобы құрылып, 2 971 үй тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде 2 273 тұрғын үй және кәсіпкерлік, өндірістік нысандар тазалық мекемесімен келісім-шартқа тұрды. Одан бөлек тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін де түсіндірме жұмыстарын қатар жүргізіп келеміз. Біз тек насихаттық жұмыстармен ғана шектелмей тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, қажеттіліктеріне сараптама жасап, Түркістан қаласы әкімдігіне ұсыныс хат жолданды,- дейді Кентау қаласы әкімінің кеңесшісі Ғалымжан Тойшиев.

Қаламыздың көркейіп дамуына үлес қосып жатқан көршілес қала мен аудандарға жергілікті тұрғындардың алғыстан басқа айтары жоқ. Біз де өз тарапымыздан халықтың көз қуанышына куә болып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп қайттық.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары