ЖАҢА БАҒДАР ЖІГЕРЛЕНДІРДІ

1  216 көрілім

Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы біздің де тебіренуімізге түрткі болды. Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты «Ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша туындысын тарту етті.

Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын Егемен елге еркін тілмен тағы бір мәрте жеткізді.

Бұдан бөлек, жастарды тәулік сайын түрленген технологиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуын да атап өтті. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз. Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын «Туған жердің» қадір-қасиетін саралай өтіпті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл аймақты абаттандыруды көздейді. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетулері қажет екенін ұсынған Көшбасшымыздың бастамасы қолдаусыз қалмауы қажет деп санаймыз.

Т.ЕРГЕШОВ,

Шымкент қаласындағы №2 жалпы орта білім беретін кешкі мектептің химия, биология пәнінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы