ЖАСТАРҒА ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

1  216 көрілім

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында еліміздің алдағы жылдары атқаруға тиіс 10 бағыты сараланып, мақсат-міндеті айқындалған. Мемлекет басшысы әсіресе, Жолдаудың жетінші міндетіндегі білім саласына қатысты бағытта келелі мәселелерді қозғап, білім берудің жаңа сапасына көтерілуді нақты жолдармен ұсынды.

Маңызды құжатта барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу керектігі ерекше назарға алынған. Демек, Президент балабақшалардың жұмысын жетілдіру мәселесін жеделдетуді көздеп отыр.

Жалпы еліміздің дамуы білімді жастардың қолында екені үнемі айтылуда. Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп салынып, балабақша кезегінде тұрған балалар саны едәуір азайды. Бүгінде балабақшамен қамту 85,5 пайызға жетіпті. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Енді Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында балабақшалардың санын ғана емес, сапасын арттыруды, ондағы тәрбие мен алғашқы білімді мазмұнды етуді міндеттеп отыр. Иә, заманның көшіне ілесу үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу үлкен міндет жүктейді.

Бұл маңызды құжатта осындай игі жаңалықтар көп. Мұның барлығы да жастарға жасалған қамқорлық, болашақтың қамын ойлау екені анық. Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы Қазақстанның жаңғыруын жаңа белестерге көтерудің нақтылы бағдарламасы болды. Ол біздің жігерімізге жігер қосып, болашаққа деген сенімімізді нығайта түскені сөзсіз.

Ж.НАҚЫПОВ,

«Балдырған» балабақшасының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы