«БІЗДІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ НЕМҚҰРАЙЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ»

715 көрілім

Біз өмір сүріп отырған ортада түрлі себептермен төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Мысалы табиғи апаттардың, адамның өндірістік іс-әрекеттерінің әсерімен немесе техногендік сферада өте үлкен қауіптілікке ие болатын транспорттық апаттар, жарылыстар және өрттер, радиациялық апаттар, химиялық қауіпті заттардың бөлінуінен болатын апаттар т.б. Бүгінгі таңда қаламызда айтып келмейтін апатқа қарсы күресу қай деңгейде. Біз осы сұраққа жауап іздеп, Түркістан қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Досалиевпен сұхбаттасқан едік. Талғат Серікұлы: «Бізді тұрғындардың немқұрайлығы алаңдатады» – дейді.

– Алдымен өткен жылғы көрсеткіштермен биылғы көрсеткіштерді салыстырмалы түрде саралап өтсеңіз?

– Орынды сұрақ, облыс орталығы мәртебесіне ие болған қаламызда халық санының артуына байланысты жұмысымыздың да көбейгені рас. Төтенше жағдайлар басқармасының құрамындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімімен 2020 жылдың тең жартысындағы көрсеткіштер көңілімізге кірбің түсіреді. Атап айтсақ, №1 МӨСБ кезекші диспетчерлік пунктіне 140 (2019 жылы – 115) хабарламалар тіркелген. Оның ішінде 22 өрт оқиғасы (2019 жылы – 14), тарқатып айтсақ 16 тұрғын үйде, 2 мейрамхана (Шахсарай және Самрұқ), 1 ҚТЖ АҚ қарасты Түркістан станциясының байланыс бөлімінде, 1 автокөлікте, 1 букмекерлік кеңседе және 1-і артезиан қазу құрылыс алаңындағы контейнерде орын алған. Жалпы өрттен 95 млн 164 мың (2019 жылы 41 млн 700 мың) материалдық шығын келіп, 351 млн 100 мың (2019 жылы 113 млн 700 мың) материалдық құндылықтар құтқарылған.

– Көңілімізге кірбің түсіре деп айттыңыз, осы ретте көрсеткіштердің өсуіне не себеп?

– Мұндағы басты себеп тұрғындардың немқұрайлығы деп ойлаймын. Жылыту маусымы басталған кезде үйлер мен пәтерлерде электрлік құрылғылар, пеш, электр желісінің қызуы мен тұрғындардың салғырттығынан өрт қауіпсіздігі ережелері өрескел бұзылады. Статистика бойынша, көбіне өрт пеші тазаланбаған, электр желісінің тозығы жеткен ескі үйлерде болады. Соңғы жылдары қаламызға көшіп келген халықтың жалдамалы пәтерде тұруы мен жауапкершілікті сезінбеуі де себеп болуда. Осындай қарапайым, бірақ адам өмірі үшін өте маңызды болған қағидаларды сақтамау кесірінен осы жылдың 6 айында өрт салдарынан 3 адам қайтыс болған. Оның ішінде 1 жас бала (артезиан қазу құрылыс алаңындағы контейнерде және Абылай хан көшесі №26/1 тұрғын үйдегі өрт оқиғасынан), өрт салдарынан 4 адам жарақат (түтінге уланған) алған оның ішінде 1 жас бала (2019 жылы қайтыс болғандар жоқ, 3 адам күйік жарақатын алған).

– Осы келеңсіз оқиғаларға байланысты қандай шаралар қолға алынған?

– Жұмысымыз жыл мезгілін таңдамайды. Сондықтан, жыл көлемінде кез келген төтенше жағдайға дайын болуымыз қажет. Біздің басқарма тарапынан бекітілген кестеге сай қала әкімдігінің келісімімен жоспарлы түрде «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі» айлығы аясында біздің басқармамен бірге қалалық полиция басқармасы, «Оңтүстік жарық» ЖШС-і, қалалық тұрғын үй инспекциясы, «ҚазТрансГаз» АҚ мекемесі және қалалық адами капиталды дамыту бөлімімен қаладағы 75 көпқабатты тұрғын үйлер мен 32 сектор бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, бүгінде көгілдір отынды пайдаланып отырған тұрғындарға да қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын қоса жүргізудеміз. Жұмысшы тобымызға «Nur Otan» партиясы жанында «Jas Otan» Жастар қанаты мен «Коммунистик партия» Түркістан облысы бойынша филиалының волонтерлері де басқарма арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес көмек беріп келеді. Бүгінгі таңда жоспарға сай «МИГ» жанар-жағармай бекетіне тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі істер атқарыла бермек.

– Тағы қосымша қандай мекемелер мен нысандарды қамтып отырсыздар?

– Қалалық адами капиталды дамыту бөліміне қарасты білім беру және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ұстаздар мен оқушыларға «Иісті газдан уланудың алдын алу», «Жас балалардың сіріңкемен ойнауы», «Тұрмыстағы және мектептегі өрт қауіпсіздігі» тақырыптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қаламызда орналасқан денсаулық сақтау мекемелері мен жаңа құрылыс нысандарында құрылысшыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында түсіндірме іс-шаралары қолға алынды. Әсіресе, адам көп жиналатын «Қуаныш» орталық базарының «Әмір» сауда орталығы мен «Батыр» сауда үйінің жертөлесіндегі автокөлік тұрақтарына газ қондырғысы орнатылған автокөліктердің кіруіне тыйым салу бойынша автокөлік тұрағы күзетшісі мен автокөлік иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған жадынамалар таратылды.

– Төтенше жағдайлар қызметін не алаңдатады, тұрғындардың жауапкершілігі қандай?

– Алаңдататын мәселесі тұрғын үй иелері түсіндірме жұмыстары кезінде есігін ашпай, біздің жадынама парақшамызға көңіл бөлмейтіні көңілімізді қанжылтады. Ал, сол парақшада барлық қауіпсіздік ережелері жазылған. Екінші мәселе тұрғындардың өрттің шығуына алып келетін қарапайым сақтық шараларын ескермегені. Жұмыс бабымен түрлі жағдайларға тап боламыз, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, көпбалалы аналарға демеушілер есебінен ескі, тозығы жеткен пештерін жөндеуге немесе жаңадан құрып беруге ықпал жасаймыз. Бұл әрбір мұсылманның азаматтық борышы деп ойлаймын.

– Төтенше жағдай орын алған сәтте бірінші кезекте су қажет болады. Осы ретте қаламыздағы өрт гидранттары қаншалықты жұмыс істеуге қауқарлы?

– Алдымен, өрт гидранты туралы түсіндірме беріп кетейін. Өрт гидранты – өрт сөндіруге арналған көшелік су құбырының желісіне орнатылған су бөлетін мұнара. Өрт гидранты жер бетілік және жер астылық болады. Жер астылық өрт гидранты бақылау кұдықтарында орналастырылады. Бүгінгі таңда қала көлемінде 458 дана, объектілерде 27 дана, барлығы – 485 дана өрт гидранттары орналасқан. Өткен жылы «Түркістан-Су» МКК-ның өтініш хатымен қала аумағындағы өрт гидранттарын тексеру жұмыстары жүргізіліп, тексеру барысында 485 өрт гидранттарының 80 данасы жарамсыз жағдайда екендігі анықталды (қисық орналасқан, қоқыс толған). Осы бағыттағы істер биыл да қолға алынып, кемшіліктер біртіндеп жолға қойылуда.

– Алдағы қыс маусымы қарсаңында қарапайым халыққа қысқаша жадынама ескерту айтсаңыз?

– Жылыту маусымында төмендегі қағидаларды ескеру қажет. Олар: жанып жатқан пешті қараусыз қалдыру, жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды жағу алдындағы жерге пештің алдына орналастыруға, қатты отынмен пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдану, пештерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарда көзделмеген жанғыш заттарды (қатты, сұйық, газ тәрізді) отын ретінде қолдануға, пешті пайдалану нұсқаулығымен белгіленген уақыттан тыс жағу, жанғыш заттар мен материалдарды (аяқ киім, киім, отын) пештің және түтін жолдарының бетінен 0,5 метрден ұзақ қашықтықта кептіруге. Халқымызда «Сақтансаң, сақтайды» деген қағидасы бар. Сондықтан, әлем жұртшылығын әбігерге салған індетпен қоса қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтағанымыз жөн. Осы арқылы өзіңізді, отбасыңызды, жақындарыңызды түрлі қауіп-қатерден сақтайсыз.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы