ТІЛДЕСУ

832 көрілім

Ұлы Абай, Хакім Абай, арыс бабам,

Қайғыңды қатар ішу борыш маған.

Рухыңмен мен бүгін тілдесейін,

Аятым болсын саған бағыштаған.

         Сыйы болып келдің де Жасағанның,

         Қараңғы елден қара өлең жасап алдың.

         Бостандығын тіледің бейбіт елдің,

         Беріктігін тіледің босағаңның.

Қолдан келер қайран жоқ, амалың не?!

Қоғамның дертін жаздың қаламыңмен.

Алайда сенің де жұрт қадіріңді,

Табытыңнан тапқанда ғана білген.

         Аңсайды, енді міне қазақ сені,

         Бойынан арылмаған азап, шері.

         Қар астынан бұлқынған бұлақ едің,

         Сен кеткелі барады қажап шөлі.

Хан да өткен, бұл халықтан хандық та өткен,

Қаңтарылмай мойнына қан жүктеткен.

Қараңғы түн болса егер қара қазақ,

Тау тұлғасы сен едің қалғып кеткен.

         Ажалға кім бар қарсы тұра алардай,

         Өлеңіңді жұбаныш қылады Аллай.

         Байғұс кедей мерт болды жалғыз аты,

         Ер-тұрманын құшақтап жылағандай.

Ұлы Абай, Хакім Абай, арыс бабам,

Қай дұшпаның қалды сен алыспаған?!

Кешегі мен бүгінгің былай тұрсын,

Келешектің өзі де қарыз саған!

         Өткеннен алған талай жұртым секем,

         Соны ойласам қызады бұл күн шекем.

         Өзіңдей біртуар ұл бұл қазаққа,

         Тағы да бір туылар күн туса екен!

Нұрдәулет ӨМІРБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы