ЖАҢА ЗАҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

547 көрілім

Елімізде ағымдағы жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» № 333-VІ ҚР жаңа Заңы қабылданды.

Жаңа заңның артықшылықтарына тоқтала кететін болсақ:

Жаңа заңды қабылдау республиканың барлық өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай ережелерін белгілейді. Сонымен қатар, Заң жобасына түсінік аппаратын енгізу қолға алынған. Қолданыстағы заңның кемшіліктерінің бірі бейбіт жиналыстар нысандарының нақты регламенттелмеуі. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын орнату ұсынылған. Бұл бейбіт жиналыс, митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді.

Заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттары енгізілмек, оның ішінде зорлық-зомбылық сипаты, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, Заңда бейбіт жиналысты ұйымдастырушының, қатысушылар мен журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілмек. Қолданыстағы заң қатысушыларды, ұйымдастырушыларды ажыратпайды, журналистер қызметінің тәртібін реттемейді. Осыған байланысты, заңда ұйымдастырушылардың, қатысушылардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін анықтау ұсынылған. Бұл бейбіт жиналыстарға қатысушылар мен ұйымдастырушылар бола алатын тұлғаларға қойылатын талаптарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталатын болады, бұл бейбіт жиналыстар субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. БАҚ саласындағы уәкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысқан журналисттің (бұқаралық ақпарат құралы өкілінің) қызметінің ережелерін, журналисттің айырым белгілерінің нысандарын қабылдайтын болады. Бейбіт жиналыстарды өткізуді ұйымдастыруға ыңғайлы болу мақсатында ұйымдастырушыларға олардың ерекше белгілерінің нысандары қабылданбақ.

Тағы бір айта кетерлігі бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіт институтын енгізу. Қолданыстағы заңмен азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіт жүргізу құқығы регламенттелмеген. Осыған байланысты, хабарламаны қарау немесе ЖАО келісімін алу мерзімі аяқталғаннан кейін БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы бейбіт жиналыстар өткізу бойынша үгіт жүргізуге ұйымдастырушылардың құқығын регламенттеу ұсынылады.

Одан бөлек бейбіт жиналыстар өткізуді келісу процесін ырықтандыру қарастырылған. Аралас тәртіпті енгізу. Қолданыстағы заң ЖАО рұқсатын алғаннан кейін ғана бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігін көздейді. Заң жобасында пикеттеу нысанында бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігі тек хабарлама тәртібімен ғана қарастырылады. Сондай-ақ, хабарлама тәртібі митинг, жиналыс үшін, ЖАО-дан қандай да бір жауап немесе келісім алмай саны 250 адамнан кем азаматтар қатысқан жағдайда көзделген. Бұл ретте, саны 250 адамнан асатын азаматтар қатысқан жағдайда демонстрация, шеру, сондай-ақ митинг, жиналыс өткізілген жағдайда, ЖАО қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыс өткізуге келісім беретін болады.

Сонымен қатар, хабарламаларды немесе өтініштерді қараудың нақты және түсінікті тәртібі белгіленбек. Қолданыстағы заң рұқсат алу үшін өтініштерді қарау мерзімін ғана белгілейді. Бұл ретте өтінішті қараудың толық тәртібі реттелмеген. Осыған байланысты, хабарламалар мен рұқсаттардың нақты және түсінікті қарау тәртібі белгілей отырып, қараудың нақты мерзімдерін, хабарламалар немесе өтініштер нысандарын, қабылданған шешім туралы ұйымдастырушыларға хабарлау нысандарын орнату ұсынылады. Осы түзетулер бейбіт жиналыстар тараптары арасындағы жанжалды жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді және азаматтардың билікпен қарым-қатынасында айқындық пен ашықтық қосады.

Елді мекендердің орталық бөліктерінде арнайы орындарды орналастыру туралы талаптарды белгілеу де қамтылған. Қазіргі уақытта әртүрлі өңірлердегі мәслихаттар бейбіт жиналыстар өткізуге арналған орындарды елді мекендердің әртүрлі бөліктерінде анықтайды. Мысалы, Алматы қаласындағы арнайы орынды «Сарыарқа» кинотеатры ауданын анықтау үлкен сын тудырды. Осыған байланысты, заң жобасында аталған арнайы орындар елді мекендердің орталық бөліктерінде анықталатын болады, қауіпсіздік талаптарына сәйкес болады деп көзделген.

Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды жаппай іс-шаралардың басқа түрлерінен ажырату да қамтылған. Заң жобасында аталған заң жабық үй-жайларда өткізілетін қоғамдық іс-шараларға, ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларға, жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстары мен жиындарына, үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жиналыстарына, сондай-ақ құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге және (немесе) жиналыстарға қолданылмайды деп көрсетілген. Бұл іс-шаралар салалық заңнамамен реттелмек.

Заңда бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге шағымдану құқығы қарастырылған. Заң жобасында бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдану үшін мүмкіндік беретін баптар енгізілген.

Жаңа заңмен, проблемалық сұрақтардың көбі келмеске кетуі керек. Бәрі де қолжетімді, қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түспек. Баршамыз үшін митингтер әдеттегі әрі қарапайым сипатқа ие болары сөзсіз.

Б.БЕКДИЛДАЕВ,
Түркістан қаласы әкімі аппаратының заң бөлімінің бас инспекторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы