ЕЛДІҢ ЕРКЕСІ ЛИЗА – 50 ЖАСТА

1  015 көрілім

Мәдениет пен өнер, әдебиет, руханият бір-бірімен біте қайнасқан егіз ұғымдар. Тарихы тереңде жатқан шежірелі шаһар Түркістандағы мәдениет саласын ауызға алғанда, Лиза Төлегенқызының есімі еріксіз ойға оралады. Болмысы елудегі емес, он сегіздегі бойжеткенді меңзейтін мәдениет саласының майталманы – Лиза Шамет биыл 50 жасқа табан тіреді. Талай сахна саңлақтарының өнерін өрелі жасқа дәріптеуге үлес қосқан басшы жайында үзік сыр жазуды жөн көрдім.

25 жыл. Ширек ғасыр. Түркістандағы мәдениет бөліміне келген уақыты. Зымырап сағат сырғыпты. Қаншама жас бүгінгі кейіпкердің көз алдында өнерін көкке өрлетсе, бірнеше буын Лиза Төлегенқызы нұсқаған жолмен қанат қақты. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын ер мінезділігі талайдың сағын сындырса да, бағын байлай қоймады. Өзі де осы салада осындай қатал тәртіпті ұстанып, ұшталды, шыңдалды. Бертін келе, мәдениет үйінің директорлығына тағайындалды. Білікті басшы екендігін көпке мойындатты. Өнер иелерімен бірге отқа түсіп, қуаныш пен қайғыны бірге бөлісе білді.

Түркістан қаласы бүгінге дейін көптеген мәдени шаралардың мекеніне айналды. Тоқсан сайын өтетін фестивальдер, ай сайын жоспарланатын байқаулар, апта сайын ағылатын шаралардың басы-қасында Лиза Төлегенқызы өзі жүретін. Қандайда бір айтулы даталарды ұмыт қалдырмай, қоғамдық шаралардың шырайын келтіруге шыңдап кірісетін. Ақын-жазушыларды ұлықтау, өмірден өткендерін ұмытпау мақсатында талай шарамен сахнаның шымылдығын ашқан болатын. Одан қалса, мерейлі мерекелердің мәнін кіргізуде мағыналы үлес қосты. Біршама додадалар мен мүшәйраларды өткізіп,  жас дүлдүлдердің үкілеген үмітіне сенім ұялатты. Әлі де аянып қалған емес.

Мәдениеттің адамы болу – халықтың жүрегінен жылы жол табуға тырысудың баспалдағы. Бұл ретте кейіпкердің сахнада мүлт еткен қателіктерді бір ғана қабағын шытып, білдіртпей жіберетін мінезі бар. Қойылым болған соң ол шығарманың шарықтау шегін шынайы көрсетуді қажет етеді. Осы жолда үнемі ізденіс пен тың идеяларды ұсынып жүру – Лизаның басты ұстанымы. Ақ тер, көк тер болып еңбектенсе де, адалынан қызмет еткенді жаны сүйеді. Биліктің алғысы мен марапатына бөленсе де сатылап жеткен жұмысының қорытындысымен бағаланғанды мақсат еткен. Ол үшін бар алғыс көрерменнің шынайы қошеметі.

Мәдениет үшін төгілген тер мен өнер үшін сарп еткен күш кезінде еленді. Бірнеше рет Алғыс хаттар алып, марапат биігінен көрінді. Атап өтсек, көркемсөз оқудың шебері болған Лиза Төлегенқызы мәдени шараларды жүргізуде еңбегімен қоса өнерінде  аяған емес.

2001 жылы ансамбль мүшелерімен Түрік еліне барып, қазақтың қара домбырасын шет елге паш еткен еді. Түркістан қаласында жастардың Отанға, елге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін ояту, ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатында көптеген қалалық, облыстық, республикалық байқаулар мен мәдени шаралар өткізуде өзіндік үлес қосып, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін бағалап, 2006 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. 2009 жылы Түркістан қаласының мәдениет саласы бойынша «Жыл үздігі» номинациясының иегері атанды. Өмірі мәдениетпен өрілген бақытты ана Лиза ханымның шығар биігі таусылмасын.

Күні кеше көктемнің алғашқы күнімен қатар келген Лиза Төлегенқызының 50 жас мерейлі сәтімен құттықтай отырып, отбасына амандық, деніне саулық тілеймін. Өсіріп отырған Көркем атты ерке қызғалдағының қызығына тоймай жүре беріңіз демекпін.

Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы