ЕЛ БІРІНШІЛІГІ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

997 көрілім

Қаламыздағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде волейболдан 2004-2005 жылғы ерлер арасында Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты мәреге жетті. Байрақты бәсекеде еліміздің өңірлерінен келген 18 команда өз бақтарын сынады. Жарыстың мақсаты балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуіне сеп болу және жасөспірімдер арасындағы Азия мен Әлем чемпионаттарына іріктеу болып табылады. Ел біріншілігінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, құрылысы қарқынды жүріп жатқан облыс орталығындағы жаңа спорт кешендерінің салынып жатқандығын жеткізіп, алдағы уақытта мұндай бәсі биік бәсекелерді жаңа заман талабына сай кешендерде өткізілетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, басқарма басшысы қаламыздағы №2 БЖСМ-нің спортшылары Алматыда балалар арасында үстел теннисінен өткен ҚР чемпионатында 3-ші орынды қанжығаға байлап, Түркістанның мерейін үстем еткен Бабыр Бакаевты, Шардарадағы облыстық турнирде алдына жан салмай 1-ші орын алған Марлен Жұмағұлды арнайы құттықтап, медалдармен Алғыс хаттар табыстады.

Мамандардың айтуынша балалардың волейболға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Биылғы чемпионат оған дәлел. Өйткені, бұл бәсекеге 250-ге тарта спортшы қатысты. Төрт маусымда өтетін бұл чемпионаттың жазғы кезеңін биыл рухани шаһар облыс орталығы атанғалы бері алғаш рет ұйымдастырылды.

Сонымен бес күн бойы жалғасын тапқан ел біріншілігінде облысымыздың жас волейболшылары сәтті өнер көрсетіп, қола медалды еншіледі. Жерлестеріміз Оралдан келген волейболшылардан басым түсті. Ал, бас жүлде үшін таласта «Жетісу» командасы «Тараз» командасына ешқандай мүмкіндік қалдырмай 3:0 есебімен өз пайдасына шешті. Сөйтіп талдықорғандық жастар Түркістан төрінде мерейлері үстем болып 1-ші орынға ие болса, жамбылдық волейболшылар 2-ші орынды қанағат тұтты.

Айта кету керек, облысымыздың намысын абыроймен қорғаған Айтжан Сейілхан, Самандар Саидазимов, Нұрасыл Нарымбетов, Абдулазиз Розбаев сынды жерлестеріміздің есімін мақтанышпен тілге алғанымыз жөн. Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы кубок және медалдарға ие болып, дипломдармен марапатталды.

Р.АРТЫҚБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы