ҚАЛА ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

3  132 көрілім

«Жақсы сөз жарым ырыс» дегендей, мектеп оқушыларына оқушы ретінде қарамай, жас ақын-жазушыларымыз деп атап, оларды қажырлы еңбек етуге шақырған. Аға буын ағаларынан осындай үлкен сенім жүгін арқалаған сол жастар еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосты.

Осы жастардың қатарында аты аталған әкем, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев сол тұста 15 жаста екен. Бүгінде өмірден озса да артында өлмес жырлары қалды.

Ал, №38 санда «Аудандық газетті оқушылардың пікірі» айдарында топтама берілген. Солардың арасында «Интернационал» колхозының председателі Мұзаппар Нарметовтың «Газет озат адамдардың тәжірибесін көп жазуға міндетті» тақырыбында жазған мақаласында:«Біздің колхозымызда аудандық газетті алдырып оқымайтын семьяны жоқ деуге болады. Колхозға газеттің бір жүз данадан астам экземпляры тарайды.

Бізді қанағаттандырмайтын бір нәрсе бар. Ол – аудандық газетте алдыңғы қатарлы адамдардың озат тәжірибелерінің аз, өте аз жазылатындығы.

Мәселен, соңғы жылдардың ішінде аудандық газет озат сауыншылар туралы, көрнекті жылқышылар туралы, білікті мақташылар туралы көзге көрінерлік бір нәрсе де жазған емес. Газетте табысқа жетудің тәсілі, әдісі көрсетілмейді. Менімше, бұл аудандық газет қызметкерлерінің негізгі кемшілігі» деп атап көрсеткен. Бұл осыдан 67 жыл бұрынғы газет оқырмандарының ұсыныс тілегі. Ендеше, «Түркістан» газеті редакция алқасы да оқырмандарынан басылым бетінен нені оқығысы келетіні туралы ой-пікірлерді күтеді. Біздің де оқырмандарымыз белсенділік танытады деген ойдамыз.

Ал, №39 санда М.Яковенконың «Колхоздың бал арасы» атты мақаласы жарияланып, онда: «Атабай ауыл советіндегі Тельман атындағы ауылшаруашылық артелінде бал арасының 47 ұясын тәжірибелі баларашы Сайдулла Нұрланов аса жауаптылықпен бағып күтуде. Нұрланов жолдастың бағуындағы «Кавказдың сары арасы» дейтін тұқымның әрбір семьясында 10000-15000нан ара тұрады. Ол бұл ірі ұяның әрқайсысынан 30 килограмнан бал алады. Колхоз басқармасы мен бастауыш партия ұйымы бал арасын өркендете берудің қажетті шараларын іске асыруда. Биыл мұнда бал аралары үшін 2,5 гектар жерге күнбағыс егілді» деп жазылған.

«Түркістанның» сарғайған ақ парақтарын ақтарып отырғанымызда Түркістанның тарихы бізге сыр шерткендей күй кештік. Сыр шерткені емес пе, заманның қиын кезеңінде біздің қаламызда қаншама өндіріс орындары жұмыс істегенінен хабардар болып отырмыз. Әсіресе, елге пайдасы мол бал арасын өркендеткен. Бүгінде, қаламызда ішінара баларашылардың кездесіп қалуы тегін емес екен. Ендеше, жас ұрпақтың денсаулығы мықты болуы үшін бал арасын өндіруді қолға алып, өркендетсе екен деген ұсынысымыз бар.

№45 санда жергілікті тілші К.Сабыржанов «Қалалық кітапханада» атты шағын ақпараттық мақалада: «Қаладағы кітапхананың қоры жылдан жылға толықтырылып, молайтылуда. Кітапханаға биылғы жылдың өзінде 2 мыңнан астам әртүрлі жаңа кітаптар алынды. Жыл басынан бері үнемі кітап алып тұрушылардың саны мыңға жетті» деп қалалық кітапхана туралы қысқа әрі нұсқа мағлұмат беріп өткен. Сонымен қатар, кітапхана ұжымы тарапынан қала тұрғындарын жаңадан келіп түскен кітаптармен таныстыру мақсатында «Жаңа кітаптар» айдарында жаңа кітаптардың атаулары тұрақты беріліп отырған. Бұл оқырмандар санын арттыруға да көмегін тигізсе керек. Бұл игі бастаманы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қолға алса оқырмандар санын арттырары сөзсіз.

№46 санда «Жаңа автомашиналар алынды» атты ақпараттық материал жарық көрген. Онда: «Қаладағы автобазаға жаңадан 44 машина келтірілді. Жаңа машиналарды автобаздың дирекциясы мен партия ұйымы тәжірибелі шоферларға бекітті. Олар өзара социалистік жарысқа түсіп, жаңа машиналарды ұқыпты пайдалануға сөз берді. Шоферлер Бабажанов, Курсин, Юлдашев, Пардабаев және басқалар күрделі жөндеуге түспестен жаңа машиналармен 100 мың километр жол жүруге міндеттеме алды» деп жазылған.

Осы орайда кеңестік одақтың да жақсы бастамалары болған екен,-деген ойда болдық. Шіркін-ай, қазіргі таңда да қаламызға жаңадан автобустар көптеп әкелініп, тәжірибелі шоферлерға бекітіліп, олар оны ұқыпты ұстаймыз деп сөз беріп жатса облыс орталығының дамуына қосқан үлестері болар еді.

Басылымның жыл соңындағы №92-93,94 сандарында Түркістан қаласында фельдшерлік мектеп ашылғаны, ол 1953-1954 оқу жылына YII кластық білімі бар 14 пен 30 жас арасындағы ерлер мен қыздар-әйелдерді қабылдайтыны жазылған. Бұл үлкен қуаныш түркістандықтарды бір желпіндіріп тастағаны белгілі. Бұл сірә, қаламыздағы медицина саласындағы алғашқы оқу орны болса керек. Қазіргі таңда Түркістан жоғары медицина колледжі мен Түркістан көп салалы жоғары медицина колледжінде облысқа қарасты қала, аудандардан келіп білім алушылардың қатары жылдан жылға көбеюде. Бұл жаңа облыс орталығы атанған Түркістан қаласының даму көрсеткіші жоғарылап, өркендеп дамығанын көрсетеді.

1953 жылғы 65-інші нөмірінен бастап редактор үшін газетке Б.Шадменов қол қойса, 1954 жылдың 25-і нөмірден бастап редактор Т.Мырзахметов газетке қол қойған.

Аудандық жюри комиссиясының ұсынуы бойынша төрт айлық мемлекеттік жоспарды асыра орындағаны үшін Ащысай түсті металл комбинаты, май заводы, Түркістан станциясы, Түркістан тау темір жолы, вагон депосы, аудандық Құрмет тақтасына жазылады» деп хабарлайды газеттің № 32-33 санында.

Иә, ол кезде озат ұжымдар мен еңбеккерлердің есімдері мен суреттері «Құрмет тақтасына» шығарылып, көрнекті жерге ілінетін. Бұған бүкіл қала халқы назар аударып, оларға құрмет көрсететін. Біз де осындай «Құрмет тақтасын» көріп өскен буынбыз. Қызыға қарап, өміржолдарына көз жүгіртіп, ұқсауға тырысқанбыз. Осы «Құрмет тақтасын» қайта жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді. Түркістан өңірінде өмірлері жас ұрпаққа үлгі өнеге боларлық қаншама тарихи тұлғаларымыз, ақын-жазушыларымыз, еңбек ардагерлеріміз бар. Қаламыздың өсіп өркендеуіне үлестерін қосқан әр саланың майталман мамандары қаншама. Тұлғалы азаматтарымыздың есімдері «Құрмет тақтасында» жарқырап тұрса «Болмасаң да ұқсап бақ бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай данамыз жырлағандай, оларға ұқсауға тырысқан ұрпақтарымыз көбейетіні сөзсіз.

Осы жылдың маусым айында жарыққа шыққан жергілікті тілші Р.Абдрахманованың «Шөже шығарылуда» атты мақаласында: Қалада шөже шығаратын инкубатор станциясы жұмыс істеуде. Ол соңғы айларда 15 мыңға жуық шөже шығаруда» деп жазған.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп дана Абай айтқандай, сол тұста халқымыз тынымсыз еңбек еткен секілді. Оны қала тарихының шежіресін парақтай отырып, көз жеткізіп отырмыз. Соның бір үлкен куәсі, шөже шығаратын инкубатор станциясының айтулы еңбек еткенін айтсақ болады.

№62 санда Қаныбек Сарыбаевтың «Редакцияға хат» айдарында «Қыздардың оқуына көңіл бөлінсе екен» атты мақаласы жарық көріп, онда жас тілші «аудандық оқу бөлімі жас қыздардың білім алуына жете көңіл бөліп, селолардағы қыздардың оқуын қамтамасыз етсе екен» деп жазған. Иә, 16 жастағы жалынды жас өз қатарластары туралы, соның ішінде қазақ қыздарының оқуды жалғастырмай, ерте тұрмысқа шығуларына жол беріліп жатқанын үлкен мәселе ретінде көтерген.

Бүгінгі қыздарымызды салыстырмалы түрде айта кетейік. Дәл қазіргі таңда ерте тұрмысқа шығу мәселесі тиылғанмен, оның орнына қыздарымыздың одан да сорақы тірліктерді жасап жатқаны бар. Жалпы, қазақта «Қызды қырық үйден тыю» деген сөз бекер айтылмаған. Біздің ата-бабамыз келешек ұрпағының тазалығын қыздың тәрбиесінен бастаған. Осындай дәстүрдің бәрін жоққа шығарып, демократияны желеу етіп, өркениеттілік осы екен деп, бетімен кету – ол біздің ата дәстүрімізге, жалпы ұрпағымызды тәрбиелеп-өсіруге кері әсерін тигізуде. Оң жақта отырып балалы болған қыздар, бұдан бөлек ата-анасынан жасырып туған сәбилерін кез келген жерге тастап кетіп жатқан қыздар… Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып тұрғаны өтірік емес. Сондықтан, қызбала тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөліп, бұған әрбір отбасы, әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарауы керек.

Газеттің 67-інші нөмірінде «Астық тапсыру жоспары орындалды» тақырыбында жазылған ақпараттық материалда «Аудан бойынша мемлекетке астық тапсыру жоспары мерзімінен бұрын, 23 августа орындалды. МТС-пен толық есеп жасасты. Сонымен қатар мемлекетке 90 мың пұт астық сатылды» деп, халыққа жеткізілген қуанышты хабарды біз де қуана оқыдық. Біздің ауданның мемлекетке астық өткізгені зор мақтаныш емес пе. Шіркін-ай, сол тұста біздің аймақ та астық жоспарын орындаған, бидайы мол өлке болған екен. Қазіргі таңда солтүстік өңірде бидай егу ісі жүйелі қолға алынып, еліміздің астық науқанын солар орындап жатыр емес пе?

Ал, 69 санда аудандық ДОСААФ комитеті шоферлер даярлайтын бес айлық курс ұйымдастырып, 62 адам өндірістен қол үзбей шофер мамандығын алу үшін оқып жатқандығы жазылған.

№80-81 нөмірде «Казгипроводэлектро» институтының директоры И.Денисенконың жаңадан салынып жатқан Арыс-Түркістан каналының халыққа берер игілігі мол екендігі жайында жан-жақты зерттелген мақаласы бір бет көлемінде жарық көрген. Онда автор: «Салынып жатқан каналдың жобасында Арыс өзенінің 730 миллион текше метр құйылма суын, Бұғын өзенінің 62 миллион текше метр суын және Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі кішкентай басқа өзендердің 63 миллион текше метр суын, сөйтіп, барлығы 855 миллион текше метр суды пайдалану белгіленген. Бұл барлық көлемі 117,7 мың гектар жерді, оның ішінде Арыс ауданында 35 мың, Шаян ауданында – 24,5 мың, Шәуілдір ауданында – 7 мың, Түркістан ауданында – 30,9 мың, Фрунзе ауданында – 19,7 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік береді.

Дұрыс суландырылатын жердің көлемі 70,7 мың гектар болады, оның ішінде жаңадан суарылатын жердің көлемі 63,3 мың гектар өседі, оның 45,3 мың гектары ауыспалы танапты мақта егісіне пайдаланылады. Мал азығындық дақылдар үшін көлдетіп суаратын жер көлемі 53,8 мың гектарға көбейеді. Каналдың жалпы ұзындығы 194,5 километр. Бұғын су қоймасының сыйымдығы 370 миллион текше метр болады. Суару жүйесінің бойында тас жол салынады, ол облысаралық маңызы бар Шымкент – Түркістан жол магистралінің негізгі бөлігі болып табылады. Құрылыстың жалпы құны 250 миллион сом болады. Республиканың өте-мөте қуаң аймағында табиғатты өзгерту жөніндегі орасан зор программаны жүзеге асыру 120 мың гектарға жуық бос жатқан жерлерді колхоздар мен совхоздардың жоғары құнарлы егіс далаларына айналдыруға мүмкіндік береді.

Арыс – Түркістан каналы құрылысын 1957 жылы толық аяқтау белгіленіп отыр. Бұл құрылыс Қазақстанның – бүкілхалықтық құрылысы болуға тиіс. Халық шаруашылығы үшін өте маңызды бұл шараны жүзеге асыруға белсене қатысу – бүкіл республика еңбекшілерінің абыройлы ісі. Небәрі арада үш-ақ жыл өтеді, міне совет адамдары тағы да бір табысқа жетеді. Біраз уақыттан кейін сусыз шөлейт даланы ұзындығы 200 километрдей жасыл алқап кесіп өтеді, оның төңірегінде өмір гүлдей түседі» деп жазды.

Мына тарихи оқиғаны айта кетуіміз керек.1936 жылы Түркістаннан СССР халық депутаты болып сайланған Шараф Ниязовты Арыс Түркістан каналы құрылысы жобасын И.В.Сталин бекітіп беруі үшін мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың бастамасымен Кремлге бірге барады. Ш.Ниязов И.Сталинның кабинетіне кірген кезде ұлы көсем трубкасын тартып столдағы қағаздарға үңіліп отырған болады. Еңбекпен есейген Ш.Ниязов қарапайым депутат – орысшаны жақсы білмейді. Қолындағы Арыс Түркістан каналын құру қажеттілігі туралы Н.Оңдасынов дайындап берген құжат жобасын И.Сталинның алдына қойып сөзін бастайды.

– Товариш Сталин. Мы хлопкоробы дехкане. На поле иду – воды нету, в арык смотрю – воды нету, в карман смотрю – денег нету. Дайте нам воду.

Әдеттегідей ашулы отырған И.Сталин қарапайым дихан депутаттың суармалы су тапшылығы жөніндегі өзекті мәселені қарапайым тілде бар ынтасымен түсіндіруге тырысып жатқанын көріп бірден күліп жібереді. Аз уақыттан соң өзіне тән қаталдықпен сұрайды.

– Товариш Ниязов. Если вода будет в Туркестане будет хлопок.

– Да, товариш Сталин, хлопок будет.

И.Сталин Ш.Ниязов бекітуге алып кірген құжатқа қол қойып болған соң тарихи соңғы сөзін айтады:

– Вода будет!!!

И.Сталиннің кабинеті алдындағы фоесінде не болады екен, деп күтіп тұрған Н.Оңдасыновтың сұрағына Ш.Ниязов әлі Сталинмен кездесу буы әсерінде: «Вода будет!» – деп айтады.

Міне, И.Сталин мен Ш.Ниязовтың екеуара сөйлесуі (мәлімет әріптесіміз Шағмырза Мадалиевтің архивінен алынды) халықтың жадында мәңгіге сақталып қалған. Ендеше «Арыс-Түркістан» каналының қазылуына мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов пен Шараф Ниязовтың қосқан үлесі зор.

Сондай-ақ, осы беттен: «Арыс – Түркістан каналы құрылысына көмекке Түркістан МТС-нен жер қазатын екі скрепер және бір бульдозер жіберілді. Бұл жер қазатын машиналарды МТС-тің өздері барып жұмыс істеуге тілек білдірген Өтепов, Абдрахманов сияқты алдыңғы қатарлы механизаторлары алып кетті» деп Арыс – Түркістан каналын салуға алғашқылардың бірі болып түркістандықтардың өз үлестерін көрсеткені жайлы ақпаратты оқып, көңіліміз марқайды.

Осыдан 66 жыл бұрын Арыс – Түркістан каналын салу жұмысына бүкіл республика жұмылыпты. Қашан-да ынтымақ, бірлігі жарасқан халқы-мыздың ақ пейіліне не жетсін, шіркін.

Дәл қазіргі таңда жаңа Түркістан облысының орталығы болған Түркістан қаласының өркендеп, дамуына Елбасымыз бен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бүкіл республика өз үлестерін қосуда. Бұл ел бірлігінің жылдан жылға қуаттанып келе жатқанын көрсетеді.

Газеттің №103 санында аудандық ХХ партия конференциясы болып өткені жайлы кең көлемде мақала жарияланған. «Баяндамашы және шығып сөйлеушілер аудан партия ұйымдарының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, транспорт және идеологиялық жұмыстарға басшылығында орын алып отырған кемшіліктерді көрсетіп, оны жоюдың жолдарын, сондай-ақ, аудан партия ұйымдары алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Делегаттар Қыянбеков, Таукебаев жолдастар өз сөздерінде милиция, сауда, денсаулық сақтау орындарының жұмыстарындағы кемшіліктерді айтып, оны жоюдың жолдарын көрсетті. Баяндама бойынша 32 адам сөйледі». Мақаланың өн-бойын ашып тұрған осы сөздерге аса мән бердік. Өйткені, кемшілікті айту оңай, ал сол кемшілікті жоюдың жолын көрсету керек. Бізде осы тұсы кемшін болып жататыны өтірік емес. Тағы бір селт еткізген жайт баяндама бойынша 32 адамның өз пікірін білдіруі. Алдын ала сөзге жазылмай, баяндаманы тыңдап, сол бойынша өздерінің ойларын ашық жеткізу үлгі аларлық іс.

Сондай-ақ, осы нөмірде аудандық ХХ партия конференциясы сайлаған ҚКП аудандық комитетінің бірінші пленумы өтіп, алғашқы пленум ҚКП аудандық комитетінің бірінші секретарлығына И.Умаровты, екінші секретарлығына Ә.Кенжеев, ҚКП аудандық комитетінің Көксарай МТС-і аймағындағы секретары етіп С.Сариевті сайлады. Осы пленумда аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы болып Т.Мырзахметов бекітілгені туралы жазылған. Міне, газет редакторының пленумда бекітілуінің өзі баспасөзге деген халық пен биліктің жауапкершілігін көрсетсе керек.

1956 жыл

1956 жылдың алғашқы нөмірінен бастап газетке редактор А.Абдусаттаров қол қойған. Газеттің № 1 санында жергілікті тілшілер В.Федоров пен И.Жорабаевтың «1956 жылды – қаламызды көркейтудегі көрнекті жыл етейік!» деген айшықты материалы жарияланған. Қала тұрғындарының тілегі мен ұсыныстарын жеткізген мақаладан үзінді келтірейік. «Парк, бау, сквер – бұлар қала еңбекшілерінің мәдениетті демалуында үлкен орын». Алайда, бұл мәселелерге бізде тиісінше назар аударылып отырған жоқ.

Жақсы көшелер мен оның тазалығы – бұлар да қаланың сәні, сәулеті.Бірақ, бұл екі мәселеден де мақтануға болмайды. Көшелерді, тротуарларды, көпірлерді, ондағы тазалықтарды біздің қаладағы басшыларымыз әлі де іскерлікпен шыңдап, ескермей жүр. Алайық, Карл Маркс көшесінің аяқ жағы мен Тастақ көшесін. Айнала – шұңқыр, ой. Көшелердің табаны ойылып, жарты метрдей төмен түскен. Ал, тастанды, ластық қоқырсықтар дегеніңіз бұл көшелерде төбе болып жатады.

Біздің тілегіміз сол – 1956 жылды қаламызды көркейтудегі көрнекті жыл етуіміз керек. Бұл іске қалалық совет пен қалалық коммунальдық шаруашылық бөлімі шындап көңіл бөлуге тиісті.

Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ екенін айтқымыз келеді. Жаңа Түркістан облысының орталығы болған Түркістан қаласы күннен күнге өрістеп, дамып келеді. Қаламызда қаншама жаңа ғимараттар бой көтеруде. Саябақтар саны артуда. Жол бойлары түзеліп, аяқжолдар мен веложолдар жаңадан салынды. Қаламызда осы уақытқа дейін болмаған көріністер күн санап көбейіп келеді. Соның бірі әрбір әудем жер сайын отырып демалатын орындықтар (скамейка), беседкалар орнатылған. Оның жанында қоқыс жәшігі орнатылды. Бұдан бөлек жерлерде де заманауи қоқыс жәшіктері қойылды. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан осындай шараларға халық тарапынан да оңды көзқарастар көрсетілуі керек. Ол дегеніміз – қоқысты жерге тастамай арнайы жәшікке тастау. Бұл енді аса қиын емес деп ойлаймыз. Алайда, қазіргі таңда қоқыс жәшігінің төңірегінде шашылып жатқан шылым тұқылдарына қарап, шылым шеккен жандардың қолы кемтар ма дейін десең, сол шылымды қолдарымен ұстады емес пе? Ендеше, сол шылым тұқылын жерге емес, арнайы қойылған қоқыс жәшігіне салса болмас па екен? Бұл жай ғана нәрсе емес, салғырттық, еріншектік. Мұның соңы тазалықшылардың еңбегін бағаламауға апарып, үлкен мәселе тудырып отыр. Сондықтан қала тұрғындарының көше тазалығын сақтауға тиіс екенін айтқымыз келеді.

Осы жылдың №5 санында «Фрунзе атындағы колхозда» атты ақпараттық мәлімет жақсы жаңалықтарымен көпшілікті қуантқан. Атап айтсақ, «Фрунзе атындағы колхозда өткен бір жылда 500 кісілік үлкен клуб, оның жанынан кеңсе, кітапхана салынды. Сондай-ақ, монша, ірі малдар үшін қора салынып, пайдалануға берілді» деп жазған жергілікті тілші А.Абдрахманов.

№9 санда жергілікті тілші Жұма Егениннің «Өлең сөз сарасы» тақырыбында жас ақындардың өлеңдеріне шолуы жарияланған. Бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтпаған мағынасы зор әдеби шолуынан үзінді беруді жөн көрдік. Сонымен қатар, ақыл-кеңестер мен бағыт-бағдар көрсетілген.

Иә, ақындық – үлкен өнер. Бұл жоғары талап. Өлеңде өмір үйрету шеберлігі мен дәрежесі қара сөздегідей дәл, толық, терең пәрменді келмегенімен, әйтсе де, жақсы жазылған өлеңнің жаназықтық нәрі ерекше-ақ, қымбат-ақ.

Өлең, – данышпан Абайдың дәл айтқанындай ,- сөз сарасы. Жақсы өлең жазу үшін осы жолға жарасымды талантты бола білу қажет, өлең жазудың шеберлігіне баса үйрену, оған шын беріліп, өлеңді сүйіп жаза білу керек.

Өлең жолын шығарушыға да, қарасөзді жазушыға да, бәріне қойылатын ең қажетті шарттың бірі – асықпаушылық. Жұртшылық – ақынның оқушысы, ол бізді асықтырып-үсіктіріп отырған жоқ.

«Асыққан – шайтанның ісі» деген мәтелдің де бар екенін есте ұстау жөн.

Ең әуелі, өлеңді өзің үшін, өзіңнің жаның үшін жаз! Сонда өлеңің жүрекке жылы келеді. Сонда ғана сенің өлеңіңнің басқаға да керегі бар болады. Өлеңіңді ең алдымен, өз елегіңнен өткіз, шығармаңа шыныңмен қара: идеясын санаңмен сарала, мазмұнын жүрегіңмен сымбатта, қанатын рухыңмен көтер!

Біздің ауданымызда өлең жазушы жастар аз емес. Сондай жастың бірі – Қ.Сарыбаев. Газеттің осы номерінде мұның «Қар» деген жалғыз куплетті өлеңі басылып отыр. Расында, бұл екі куплетті өлең еді, бірақ соңғы төрт жолы өте нашар шыққан.

Ол мынау:

«Ертеңгі нан, бітік өнім – сыйларың,

 Мейірлене қазіргі әр құйғаның.

Қыстың көркі – сүйем сені аппақ қар,

Көрем сенен халқымның ақ дидарын!»

Біріншіден, «ертеңгі нан мен бітік өнімді» табиғаттың жалғыз қары бермейді. Негізгі шешуші фактор – адам күші, адамның прогрестік ісі. Екіншіден, «мейірлене қазіргі әр құйғаның» деп ақын кімге айтып отыр – қарға ма?

Ау, қар құйып отырған жоқ, қайта ол табиғаттың құбылыс өзгеріс күшінің тарапынан аспаннан өзі құйылып отырған жоқ па? Үшіншіден, халықтың ақ дидарын қардан көрем деу қаншалықты дұрыс теңеу бола қояр екен?! Жапонияға бір метр ақ қардың (ескерту: ол жақтағы қар да – ақ қар) жауғандығы мәлім. Сонда, Сарыбаевша алып: «Жапон халқы дидарың өте жарқын екен, бір метр ақ қар жауды ғой!» деуге сыя ма?!

Никитин мектебінің 10 класс оқушылары И.Ахметов пен А.Абилпасов та өлең жазуға құмар. Бірақ, бұлар сол құмарлық пен әуестікті мәдениеттен іздестірмейді, біліммен, ізденумен өмір ұғымына шыңдамайды, өз еріктерін жақсы шығарма берушілерге тән сабырлылықпен, төзімділікпен қаруландырмайды.

«Біздің жас ақындарымыз көп оқып, көп ізденіп, көп үйреніп, тек осының ғана нәтижесінде жақсы өлең шығара білуге жаттығулары керек. Творчестволық жол – бұл қиналу арқылы өсіп, жетілу жолы. Өлең жазуға үстірт, атүсті қарауға болмайды. Ұзақ түндерде оңаша жалғыз өзің отырып, терең ойланып барып жазу қажет». Жұма ЕГЕНИН.

ҚҰНДЫ ДЕП ЖАЗҒАН ӨЛЕҢІН КҮТТІ

 Сатира

Біріне бірі батыл сын айтып,

Артығын алып, кем жерін қосты.

«Бұл өлеңді кем дерсің қайтіп?!»

Деп екі ақын ісініп, бөсті.

Өздерін мықты ақынға балап,

Әр тармақтарға мән бере шолды.

Мәнерлеп оқып, алыстан күле қарап,

Қайтадан тағы өңдеген болды.

Тәуекелге мініп, үмітін артып,

Журналға бұлар жолдады, тіпті.

«Өлең жібердік, басылады» деп баж қып,

Сонан соң төрткөз болды да күтті…

Алды бір күн жауап редакциядан:

«Жетіспей жатыр көркемді жағы.

Қысқа жаз да, тереңдеу ойлан,

Көп оқы, ізден!»

 Есітті тағы!

 С.ХАНЕТОВ.

 «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, жастардың өлеңдеріне сын көзбен қарап қана қоймай, жіберген кемшіліктерін көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар бергенін көріп отырмыз.

Дәл қазіргі таңда елімізде баспасөзде жарияланған өлеңдерге дәл осылай шолу жасайтын сыншылар жоқтың қасы. Міне кезінде қолына қалам ұстаған жастардың өлеңдерін ерінбей оқып, мазмұнын осылай жілікше шағып, кемшіліктерін айтып, бағыт-бағдар берулерінің арқасында сол жастардың көпшілігі нағыз ақын болып шықты. Сол жастардың ішінде тағы да айтамын, есімі аталған Қаныбек Сарыбаев елімізге танымал ақиық атануы осындай ұстаз сыншысы болуының арқасы десек болады.

Осы орайда айтарымыз, алдағы уақытта «Түркістан» газеті жанынан ашылғалы отырған әдеби бірлестік мүшелері редакцияға келіп түскен өлең-жырларды сараптап, оларға шолу жасап отыратын болады.

Аудан мектептерінде оқушыларды ауылшаруашылық жұмыстармен дағдыландыру, еңбекке баулу ісі жайлы газеттің 17-нөмірінде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ә.Бекеновтың «Политехникалық оқуына жете көңіл бөлінсін» атты мақаласы жарияланған.

«Биылғы көктемде қала көшелерінің бойында және баулардың ішінде гүл және жоңышқа араласқан түрлі оттардың құрамында газон егу жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Ол үшін 30 түсті түрлі гүлдің тұқымы әзірленді» деп жазады газет 24-нөмірінде, «Гүл питомнигі мен газон» атты мақалада.

«Түркістан станциясы паровоз депосының аға машинисі Д.Хильветовтың бригадасы 28 ауыр салмақты поезд жүргізіп, жоспардан тыс 9633 тонна жүк тасыды, 8162 килограмм отын үнемдеді.

Бірқатар озат машинистер Түркістан-Шиелі станциялары аралығында поездарды су алмастан жүргізуде инициатива көрсетті» деп жазады паровоз депосының бастығы Ф.Гончар.

Газеттің №32-70 сандарында «Жүгері егісі басталды», «Мол өнім үшін күрес», «Шит себу қарқыны еселеп арттырылсын!», «Мақта егісін тез аяқтайық», «Егін жинауға әзірлік күшейтілсін», «Барлық күш егін орағына жұмылдырылсын», «Егін жинауда – бір сағат та қымбат!», «Барлық күш егінді ысырапсыз жинап алуға жұмылдырылсын», «Кім алда келеді?», «Астық мемлекетке», «Мал азығын мол дайындайық», «Егін жинауда қажырлы еңбек етуде», «Отан алдындағы міндеттемені абыроймен орындайық!», «Мал өнімін дайындау жоспарларын мезгілінде орындайық», «Жастар, Отанға «ақ алтынды» көп беру күресіне жұмылыңдар!» тақырыбында жарық көрген мақалаларда астық пен мақта жинау науқанына атсалысуға, мақташы, колхозшыларға көмекке келуге барлық еңбекшілердің назарын аударып, астық пен мақта өнімін жинау науқанын жоғары ұйымшылдықта өткізуге шақырады.

Сондай-ақ, газеттің №71 санында «Озаттарға теңеліңдер!» тақырыбында Жүйнек ауылдық советіне қарасты Фрунзе атындағы ауылшаруашылық артелінің көпмыңшы терімшілері,-деп түркістандық екі озат терімшілердің суреттері мен олар жайлы қысқаша ақпарат берілген.

«Сәмиева Айымхан күніне 130-140 килограмнан, Мәмбетова Нышан күніне 130-135 килограмнан мақта теріп жүр. Озат терімшілер Сәмиева мен Мәмбетова өзара социалистік жарыста күрделі міндеттеме қабылдаған. Ол- маусым ішінде бірінші сортты 12 мың килограм мақта өнімін жинау». Міне осындай озат терімшілердің есімі халық жадында, ұрпақтарының есінде деп ойлаймыз. Өйткені, сол бір қиын кезеңдерде әрбір аудан, қала мемлекетке астық, мақта өнімін өткізу міндеттеме болатын. Сондай міндеттемелерді қабылдаған ауданымыздың еңбекшілері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, біркісідей жұмылып еңбек еткен. Көбіне астық майданында ерлеріміз еңбек етсе, мақта терімінде қыз-келіншектер мен аналар қызу қарқында болатын. Сонымен қатар, мектеп оқушылары да жұмылдырылатын. Біздің буын да жазда жүгері теруге, күз айы басталысымен мақта теріміне шығатынбыз. Тіптен, 3-ай мектептен босатылып, мақта алқабында жатып, жұмыс істейтінбіз. Сондықтан мақта терудің қиын екенін сезініп өскен буынбыз.

Ал, бүгінгі жас ұрпақ не дейді? Жасөспірімдер мұндай жұмысқа жегілсе, жауаптыларды жазалайтын заң бар. Десе де бала тәрбиесінің негізі – осы еңбекпен өрілмей ме?

Газеттің 83-нөмірінде «Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының «Оңтүстік Қазақстан облысының таңдаулы терімшілерін Қазақ ССР Жоғары Советінің грамотасымен наградтау туралы» Указы жарияланған. Олардың арасында түркістандық 29 терімші бар» деп жазылған. Бұл, түркістандық терімшілердің еңбегі бағаланып, республика көлемінде мерейлерінің үстем болғанын көрсетеді.

Түркістандық еңбеккерлер мемлекет тарапынан марапатталып қана қоймай, елдің игілігіне пайдаланатын жаңа машиналардың келуіне ұйытқы болған. Оны газеттің 92 санында «Колхоздарға жаңа машиналар берілуде» ақпараттық материалында «Биылғы жылы аудан колхоздарына мемлекет тарапынан жаңадан 15 машина берілді, оның төртеуі жеңіл, қалғандары жүк машиналар. Бұлардың ішінен «Құмайлықас», Фрунзе атындағы және «Қосқорған» колхоздарына машиналар олардың мақта егісі үстіндегі жеңісті жұмыстары үшін берілген. Сондай-ақ, «Қазақ ССР-нің 30 жылдығы», «Коммуна», Ленин атындағы колхоздарға машиналар мемлекетке жүн өткізудегі табыстары үшін беріліп отыр» деп жазылған ақпараттық материалдан көруімізге болады.

№95 санда Оңтүстік Қазақстан облысының колхоздары мен совхоздары мақта дайындаудың мемлекеттік жоспа-рын орындады деп жазған. Осы нөмірде аудандық ХХІІ партия конференциясы болып өткені, алғашқы пленумда аудан-дық партия комитетінің бірінші секре-тары болып И.Умаров, екінші секретары болып А.Сасбұқаев, Түркістан МТС-і аймағындағы секретары болып Ғ.Абді-рахманов, Көксарай МТС-і аймағындағы секретары болып Е.Көшімбаев, Шорнақ МТС-і аймағынан секретарь болып Атахан Абдусаттаров сайланғаны, сонымен қатар, аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы болып А.Абдусаттаров бекітілгені жазылған.

Ләззат САРЫБАЕВА,

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы