ТҮРКІСТАН ҒАЗАЛЫ

1  567 көрілім

О, Түркістан бұлт жапса кесенеңді,

О, Түркістан Ұмайдай шешең өлді.

Арыстан баб ілкіден ырымдаса,

Алаша хан ақкиіз төсер еді.

Қалың түмен қорымнан қорым аттап,

Қаратаудың құла дүз жалын ақтап.

Ақсақ Темір боталап бара жатыр,

Аңырақай аңырап дала жатыр,

Жесір қыздай ханшалар жарын жоқтап.

Қарашаға қисайып күйік қалды,

Шырылдатып Шығысты сүйек қалды.

Шыжыған күн астында тостағыма,

Омар қарттың шарабы иіп қалды.

Сақалдарын сипатып иек қалды.

Күлтөбеде күркіреп баhадүрлер,

Балбал тастар шіренер миықтағы.

Қос қарлығаш үркіді елесіңнен,

Мен өлеңді қайтемін иықтағы?!

Мен тағдырды қайтемін тұйықтағы?!

Шайырлармен түн жылап жыл көшінде,

Нажағайы серпілер күн бесінде.

Дариясын атызға шайып берген,

Күздің ғашық бейбақпын күндесіне.

Алты бақсы жырына шомылдырды,

Қан тамғызып Қаныбек мүрдесіне.

Елең-алаң молаңда есті жимай,

Тоз-тоз кейпі түнеймін шілдесіне.

Ойларымды жаныштап сүресіне.

Шатқаяқтап құлаған кəрі əжемді,

Жылатуға аттанды тіл несіне?!

Көрдің биін билетіп термесіне.

Шым-шым терге шыланған тұзды жалап,

Мен тозақта аламын кімді есіме?!

Мен жұмақта аламын кімді есіме?!

О, Түркістан…

Тəңірі!

*   *   *

Беу, Жаратқан езуімнен езу тартып күлем Мен,

Мына Күннің бетпақ болған қақ кеудесін тілерме ем!..

Бір сұлудың көз жасына қалам деген арманым,

(Бір сұлудың көз жасында көре алмадым бұл өңнен…)

Бұл өңімді ел көрмесін, жұрт көрмесін, сен көрме!

Сенсіз тарих – сегізінші ғасырдағы сергелдең!

«Сіз» дегенді жүрек тілі жырлағанда жеті түн,

Қалай ғана айта алмаған тіл жарықтық «Сен» деуге?!

Шаhит кеткен шайыр əнге салар еді қыр асып,

Жылау деген – ең ұлы сөз, иə, солар жыласын!

Мың қайталап жаттамаған өлеңім ед сорлылық,

Мың қайталап оқып тұрмын сол өмірдің дұғасын!

Өмір сүрдім, келдім, кеттім бəрі маған жесірім,

Қайран менің ағып жатқан Ертісім мен Есілім.

«Кешірші» деп жыларман күй сезімнің де сөнгені,

О дүниенің бір аты бар – сүйгенді де кешіру!

Сүйгенді де кешем дедім, кешем дедім не болды?!

Тəңір биі билеп алды уыт жайған денемді.

Бақытсыз боп Бетпақдала кезетіндей жөнім не?!

Бақытты боп кететіндей бұ жалғанда Ол енді.

Бақытты боп кетсе кетсін, табар бəлкім, сол ебін,

Өзге жырдың құшағында құшырланар бөбегім.

Ұйықтай алмай жатқанымды тағы сенен көремін,

Əрі кетсе бір, екі тал шылым үрлеп шегемін.

(…не болмаса өлемін!)

*   *   *

Қараңғыда көз көрмейтін жолды аршып,

Жасын төкті жауар бұлттай аңғал шық.

Мен Ертісті қимаймын ғой сары аяз,

Түркістанда сен барсың!

         Толқын жоқта толқып жатқан теңіздер,

         Менің құрбым күзгі іңірмен сені іздер.

         Күнəлары тозаққа да жанбайтын,

         Сенің құрбың мені іздер.

Əкем аты Нілдің құйы – қанды алап,

Түйе сайға түн құлатып, тоң қалап.

Əжесінің тізесінде Ай жатыр,

Өгейлігі өксігінен сорғалап.

(О, Ханбалақ, Ханбалақ!)

         Сүйек қажап кемпіртіспен інісі,

         Ақиданың ақырында жүрісі.

         Қорымдарға Құдай қалжа таратса,

         Хауа-Ананың ырысы.

Жұлын үзер аяттары жұмалық,

Жұмыр басы шалтаяқта қуарып.

Желкесінен тіл сөйлесін көңге аунап,

Жəбірейіл тамырымен суарып.

         Осы маңда үрке соғар дауыл бар,

         Жын-жыбырға жыр оқитын бауыр бар.

         Мүңкіп жатыр қырқын беріп аруақтар,

         Мен қонатын ауылдар.

Енесіне еңіреді-ау ендігі ол,

Жылай-жылай жусан басы көндігер.

Жайнамазға жығылғанда мəмүлік,

Кесетұғын қолды бер!

         Құлшылығы зиратында Тінейдің,

         Құлшылығы қоңыр көзі кедейдің.

         Босағасын құбылаға қаратып,

         Құдайларға шірейді.

Балалығы екі бұтта базданып,

Сүйген ерін саздауытқа назданып.

Құсұйқыда қожа Хафиз тісейді,

Шапан жабар тозған ұлт.

         Көшкен жұрттың бүйрек майы тершісін,

         Шағылдардың жылан сипар емшісін.

         Ақ маңдайын əлдилейді əупілдек

         Саумал ішкен жолшысын,

         Қазан қырған елшісін

         Соры Өлең – еншісі.

Мейір ОРАЗҒАЛИ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы