«КАБИНЕТТЕ ОТЫРЫП ЕЛ БАСҚАРУ – ДИАГНОЗЫН БІЛМЕЙ ДӘРІ ІШКЕНМЕН БІРДЕЙ»
Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстары және кей салалардағы өзекті мәселелер төңірегінде әлеуметтік желілерде ақпараттар жарияланып жатыр. Соның ішінде қоғам талқысына түсіп жатқан өзекті деген мәселелердің жауаптары әр жерде әртүрлі айтылып жүр. Осы және қала тынысы өткен жылы қалай қорытыланды деген сауалдарды алға тартып, шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Ендеше әкімге қойған сұрақтарымыз бен жауаптарды қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз, қадірлі оқырман.
– Өткен жылды Түркістан қаласының әкімдігі қалай және қандай жетістіктермен қорытындылап отыр?
– Өткен жыл Түркістан қаласы үшін толағай табыстарға, маңызды өзгерістерге толы болды деп айтсақ қателеспейміз. Ең басты жаңалығымыз – Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан қаласына «Ерекше мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Оның аясында жергілікті атқарушы органға арнайы құзыреттер беріліп, мүмкіндіктер арта түскенін айта кетуіміз керек.
Бұған қоса, киелі шаһар ерекше мәртебеге ие болып, халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін алдық.

Қаламыздың инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындар игілігіне бағытталған бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырдық. Сонымен қатар, «Жаңа қала» шағын ауданында Орта Азиядағы теңдесі жоқ нысандарының бірі «Ескек есу» каналы, Халықаралық ІТ бағытындағы Woosong университеті ашылды.
Жаңа мәдениет үйі, бірнеше спорт кешендері мен тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Жалпы айтқанда, сан салаға серпін берген жемісті жыл болды десек артық емес.
– 2025 жылы Түркістан қаласында мәдениет, спорт салаларын дамытуға қатысты бірнеше нысан іске қосылды. Енді осы салалар жылды қалай қорытындылап отыр. Мәдениет саласы мен спорт саласында жетістікке жеткен жандар бар ма?


– Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – аймаққа инвестиция тартып, өнеркәсіп саласын дамыту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту екені белгілі. Тартылған инвестиция есебінен қанша жұмыс орны ашылды және оның есебінен қазынаға қанша қаржы түседі?
– Жоғарыда айтып өткенімдей өткен жыл – табыстарға толы болды. Құрылысы ұзаққа созылған мәдениет үйі пайдалануға берілді. 3 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, дәл осындай тағы 2 нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Қаламыздың намысын қорғап жүрген Нұрислам Сұлтанхан, Әсия Асылхан, үлкен теннистен Дурдана Дауранова бар. Шахматшыларымыз Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен әлем чемпионатында ІІ орын, Әсиямыз Монголия елі Улан-Батор қаласында оқушылар арасында шахматтан 98 ел қатысқан Азия чемпионатында классикалық шахматтан II орын, командалық есепте классикадан және блитц ойын түрлерінен I орын иеленді. Тайландтың астанасы Банконгта өткен шахматтан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында блиц түрінен І орын иеленді.
2025 жыл 16-20 желтоқсан Түркия мемлекеті, Анталия қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатында рапид ІІІ орын, блиц ІІ орын иеленді. Дурдана Өзбекстан Республикасында үлкен теннистен қыздар арасында І орынға ие болды.
Бұдан бөлек, Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі, түркістандық балуан Шұғыла Өмірбек тарихи жетістікке қол жеткізіп, әйелдер күресі тарихында тұңғыш рет алтын жүлдегер атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шұғыла Өмірбекті әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, тарихи жетістігін атап өтті. Әрине мұндай жетістікті біздің түркістандық аруымыздың тіркегені біз үшін үлкен мәртебе және аймақтағы спорт саласының қарыштап дамып келе жатқанын білдіреді.
– 2025 жылы Түркістан қаласының экономикасына жалпы көлемі 502 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 113,6 пайызды құрап, қаладағы инвестициялық ахуалдың тұрақты түрде жақсарып, іскерлік белсенділіктің артқанын айқын көрсетеді.
Тартылған инвестициялар есебінен қала аумағындағы өндірістік және индустриялық аймақтарда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, аумағы 290 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 147,5 млрд теңге болатын, 4 356 жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған 12 инвестициялық жоба жоспарланған. Қазіргі таңда «Алтын дала мақта», «Басполимер» және «Ер-Кан групп» жобалары толық іске қосылды. Қалған жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар өндіріс, құрылыс және тоқыма салаларын қамтиды.

Сонымен қатар, аумағы 63,8 гектар болатын индустриялық аймақта жалпы құны 19,8 млрд теңгені құрайтын 31 жоба орналастырылған. Оның ішінде 22 жоба іске асырылды, ал қалған 9 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде қосымша 284 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар негізінен күнделікті тұтынуға қажетті өнімдер өндірісіне бағытталған. Бұдан бөлек, жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 76 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 4445 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа жоба жоспарлануда. Қазіргі уақытта бір жоба іске қосылып, алты жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қалған жобалар бойынша инвесторлармен келіссөздер 2026 жылы жалғасын табатын болады.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалар Түркістан қаласының өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.
– Биыл қолөнершілер орталығының құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Одан соң қоғамда «қолөнершілер орталығының жұмысы тоқтап тұр» деген ақпарат тарады. Бұған байланысты қандай қадам жасап жатырсыздар?
– Орталықтың жұмысы тоқтап тұр деген мәселеге де жан-жақты қарағанымыз жөн болар. Себебі, жаңа нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілді. Оған қоса қысқы маусымға дайындық барысында жылу жүйелерінің сапасын тексеру барысында біршама уақыт кідірістер болды. Соның салдарынан келушілерге аталмыш ғимаратта толық қызмет көрсетілген жоқ.
2025 жылы Түркістан қаласы ресми түрде – Халықаралық Қолөнершілер қалашығы аталды. Қазіргі таңда орталық толық жұмыс істеп тұр. Аталған қолөнершілер қалашығында бүгінде ағаш шебері, тоқыма бұйымдарын жасау шебері, киіз басу, керамика бұйымдарын жасау, суретші, дизайнерлер, жас қолөнершілер мектебі және тағы басқа қолөнер бұйымдарын жасаушы 20-ға жуық шеберлер (субъектілер) ғимаратқа орналасып, жұмыс жасауда. Одан бөлек, ғимарат аумағында, әр түрлі ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, дайын қолөнер бұйымдарын сататын дүкендер, ресторан, кофейня және дәмхана жұмыс жасауда.
Сонымен бірге, біз қала әкімдігі тарапынан қолөнершілерге қажетті құрал-жабдықтар алу үшін қолдау көрсетіп жатырмыз. Оған бізде толықтай мүмкіндік бар. Қаламызға берілген «Ерекше мәртебе» заңы аясында туризмді және осы салада қызмет ететіндерге қаржылай қолдау көрсетуге жол ашатын құзыреттер берілген. Осының аясында қолөнер шеберлерін барынша көтермелеу жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Ғимарат жұмысын жандандыру мақсатында тұрақты түрде тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өзекті екені белгілі. 2025 жылы тұрғын үй кезегіндегі қанша азамат баспаналы болды. Осы жылы шаһарда қанша пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
– Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 25 мыңнан астам азамат тіркелген. 2025 жылы әлеуметтік 432 пәтер табысталды. 1 ай ішінде 512 арендалық пәтерді табыстаймыз.
Жалпы айтқанда, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Отырар шағын ауданында 5 қабатты 20 тұрғын үй салынды. Негізінен 800 пәтер жоспарланған, оның ішінде 1 бөлмелі – 200, 2 бөлмелі – 200, 3 бөлмелі – 400 пәтер. Бүгінгі күнде 15 тұрғын үйдің құжаттары толық аяқталып, тұрғын үй қатынастары бөліміне өткізілген.
Сонымен қатар, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 тұрғын үй – 512 пәтер арендалық бағытта пайдалануға беру жоспарланса, 4 тұрғын үй – 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы ипотекалық кредиттік бағдарламалар аясында тұрғындарға ұсынылатын болады.
Сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан кредиттік 22 тұрғын үйлердің құрылысы бар. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары 80 пайызға, қасбет жұмыстары 75 пайызға, шатыр жабу жұмыстары 80 пайызға орындалған. Жалпы бұл кешенде 880 пәтер қарастырылған.
Тағы да 7 қабатты 14 тұрғын үйден тұратын кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл бағытта барлығы 588 пәтер пайдалануға беру жоспарлануда.
Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында кешенді жоспарларымыз бар. Иә, бір-екі жыл төңірегінде кезекте тұрған 25 мың азаматқа пәтер беру мүмкін емес. Бұл сандар одан әрі арта түсуі де мүмкін. Дегенмен жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шеңберінде жұмыстарды үйлестіре беретін болады.
– Қ.А.Ясауи кесенесінің маңын абаттандыруға қатысты сын-ескертпелер айтылып жатқанынан хабардар боларсыз. Бұл дүниелер сізге дейін жасалды. Дегенмен қаланың әкімі ретінде осы мәселеге қатысты ұстанымыңыз қалай?
– Бұл жерде көпшіліктің қасиетті мекеніміздің бойтұмарындай болған Қ.А.Ясауи кесенесінің қауіпсіздігіне алаңдаушылығы мен қамқорлығының белгісі шығар. Сол секілді барша түркі жұртына ортақ мұрамыздың сақталуына біз де шын ниетпен алаңдаймыз. Бірақ, олай екен деп ойымызға келген әрекетті жасай беруге болмайды. Арнайы мамандар, ғалымдар осы кесененің бойындағы ылғалдылықты, жалпы алып ғимаратқа төнетін қауіп-қатерді ескеріп, зерттеу жүргізіп келе жатыр. Олардың нұсқауынсыз біздер шешім қабылдап, артық әрекетке баруымызға жол берілмейді. Сондықтан бұл жерде барлық әрекет тиісті мамандардың нұсқауына сәйкес жүргізіледі. Қоғам белсендісі немесе ақпарат құралының өкілі айтты, сынға алды екен деп атүсті шешім қабылдауға болмайды.

Қазіргі күндегі нақты әрекеттерді айтатын болсам, республикалық «Қазқайтажаңарту» мекемесінің жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, облыс әкімінің тапсырмасымен кесене аумағының 150 метрлік периметрінде орналасқан барлық көгалдарды алып тастап, олардың орнына ақ мәрмәр тастар төсеу туралы шешім қабылданған болатын.
Көгалдарды алып тастаудың негізгі мақсаты – кесене маңында артық ылғалдың жиналуын болдырмау, суару жұмыстарын барынша азайту, сондай-ақ ылғалдың тарихи нысанға тигізетін кері әсерлерінің алдын алу болып табылады. Бұл шаралар кесененің сақталу деңгейін арттыруға және оның ұзақ мерзімді қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Түркістан қаласының тазалығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды көріп жүрміз. Енді жиналған қоқыстарды тастайтын орынға қатысты қандай әрекеттеріңіз бар. Қоқыс полигонын заман талабына сай жаңғыртуға қатысты бастамаларыңыз бар ма?
– Түркістан қаласында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбіліктер апта сайын ұйымдастырылып, жоспарға сай толық орындалды. Жыл басынан бері қалада 40 рет сенбілік өтті.
Қала тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС атқарып келеді. Қазіргі таңда мекемеде 505 қызметкер еңбек етеді. Күн сайын әр жұмысшы өзіне бекітілген аумақта аулалар мен көшелерді тазалап, қоқыс жинаумен айналысады. Әр аумаққа жауапты бригадирлер бекітілген.
Жалпы қала аумағында барлығы 875 көше бар. Оның ішінде 30 көше күнделікті, 120 көше аптасына үш рет, ал қалған 725 көше аптасына бір рет санитарлық тазалау жұмыстарымен қамтылып отыр.
Қала көшелерінен ай сайын шамамен 1950–2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылып отырады.
Қоқыс жинау жүйесін жақсарту мақсатында қала аумағында 500-ден астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар, жарамсыз күйге түскен қоқыс жәшіктері жөнделіп, бұрын контейнер қойылмаған аумақтарға ауыстырылды. Бұл жұмыстар қоқыс жинау инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 1262 қоқыс алаңшасы мен 2719 қоқыс контейнері бар. Қалдықтарды уақытылы шығару үшін 34 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды үш мекеме атқарады. Сонымен қатар, көгалдандырумен екі мекеме айналысады. Ал тазалық пен көгалдандыру жұмыстары бойынша жеті кәсіпкермен келісім шарт жасалған.
Қоқыс полигонын жаңғыртуға қатысты жоба-жоспарларымыз бар. Бүгінгі күнде әкімдік тарапынан осы мақсатқа инвестиция тарту жұмыстары қарастырылып отыр. Шетелдік және еліміздегі компаниялармен қоқысты қайта өңдеу бағытындағы өндіріс орнын қалыптастыруға қатысты уағдаластықтар жасалып жатыр. Дегенмен әлі де болса мәселені пысықтайтын тұстарымыз бар. Осыған қатысты біз ұсынған шарттарға қолайлы келетін компаниялар іріктеліп, көп ұзамай тиісті қадамдар жасалатын болады.
– Байқаймыз, көбінде сала мамандарымен бірге нысандардың құрылысымен танысып немесе басқа да мәселелермен көшеде жүресіз. Одан бөлек ресми іс-шараларға да қатысуыңыз керек. Шамамен бір күндік жұмысыңызда қанша уақытыңызды кабинетте өткізесіз? Жалпы бір тәулікте демалатын уақытыңызды қоспағанда қанша уақытты жұмысқа арнайсыз?
– Мен жаспын, жаратқанға шүкір. Елге қызмет ету жолын таңдадық. Сондықтан бойдағы күш-жігерді халықтың игілігіне жұмсап жатырмын деп есептеймін. Кабинетте отырып, тапсырма беріп, қолыңа түскен мәлімет бойынша жұмыс істеуді құптамаймын. «Кабинетте отырып ел басқару ол – диагнозын білмей дәрі ішкенмен бірдей» деген сөз бар ғой. Сол секілді болмас үшін қандай да бір мәселені мамандармен бірге жүріп, елдің арасында және құрылыс нысандарының басына барып, көзбен көріп, қолыңмен ұстап шешім қабылдаған жөн.

Көп уақытымды жұмысқа арнаймын. Бір тәулік ішінде жұмыс уақытынан тыс жүретін кездер әдетіме айналған. Өйткені берілген тапсырмалардың орындалуын өз көзіммен көрмейінше көңілім көншімейді. Мен үйге демалу үшін ғана барамын. Мойнымда жауапкершілік жүгі тұрған шақта оны сапалы орындау және ел сенімін ақтау жолында ештеңеден аянып қалмауымыз керек.
Уақытпен санаспай, күн-түн демей жүретін сәттерім көп. Ол үшін кейбір әріптестерім ренжитін шығар. Бірақ, жұмысты жауапкершілікпен ақтару қажет деп есептеймін.
– Отбасыңыз бар шығар. Құпия болмаса өзіңіздің шаңырағыңызда қанша жансыздар? Бала тәрбиесіне, отбасыға көңіл бөлу мәселесіне қалай қарайсыз? Күнделікті қызу тіршілік арасынан балаларыңызға, жұбайыңызға жақсы әке, адал жар ретінде көңіліңізді және уақытыңызды бөле аласыз ба?
– Әрине, уақыт бөлуге тырысамын. Мен де жұбайыммен бірге жақсы ата-ана атанғымыз келеді. Дегенмен мемлекеттік қызметте жүрген соң көбінде мүмкіндігім бола бермейді. Бірақ әр демалыс күндері арнайы уақыт табуға тырысамын. Көбінде үйге кеш барамын, ерте шығып кетемін. Сол кездерде ұлым мен қызым мені күтіп отырады. Сондай сәттерде бір-бірімізбен қауышып, сағынышымызды басамыз.
Абай деген ұлым бар. Халқымыздың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған кезде ұлым дүниеге келіп, есімін біртуар тұлға Абайдай болсын деп үлкен атасы қойған. Одан кейін Зере деген қызым дүниеге келді. Жұбайым – Айғаным. Осылай тұрмыс кешіп жатқан жайымыз бар.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет! Қызметіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан:
М.ДӘУЛЕТОВ.
