Туғанына – тасбауыр, жақынына – жау, досына – дұшпан болу деген жат қылықтар неге үйреншікті қалыпқа айналып барады?
Неге тек кемшілікті көруді басты өлшем, негізгі көрсеткіш деп танитын теріс үрдіс күшейіп тұр?
Бүгінгі қоғамда болашағына сеніммен қараудың орнына, үмітсіздік пен үрей неге белең алуда?
Бұл – бір ғана себептен емес, сан түрлі факторлардың ықпалынан туындаған күрделі құбылыс. Парламент депутаты Ринат Зайытовтың айтуы орынды – себеп көп. Бірақ меніңше, бәрінің түп тамыры – мейірімділіктің кедейленуінде, жүректегі жылылықтың суып, жанардағы шырақтың сөне бастағанында жатыр.
Бұл қатігездік қайдан келді?
Тәрбиенің әлсіреуінен.
Тәрбие дегеніміз – отбасынан басталады. Ал тәрбие берушінің өзі рухани кедей, ішкі мәдениеті төмен болса, бала қайдан мейірімді болсын?
Материалдық мұқтаждықтың көбеюінен.
Күнделікті күйбең тіршілікте қарын тойдыру – басты мақсатқа айналды. Рухани құндылықтар екінші, тіпті соңғы орынға ысырылды.
Жалған үлгі, шынайы тұлғаның тапшылығы.
Жастар еліктейтін тұлғалар көбіне танымал, бірақ мәнсіз. Ал шынайы, терең ойлы, рухты тұлғалар көлеңкеде қалып жатыр. Соның салдарынан жас ұрпақ бағытсыз кеме секілді, жел қай жақтан соқса, солай қарай жылжиды.
Жүйенің кері әсері.
Кешегі кеңестік жүйенің сарқыншақтары мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары – адамның рухын қажытып, сенімін шайқалтып тастады.
Ақыл айтушы көп, бірақ үлгі көрсетуші аз.
Ауызбен айтып, өзі өмірімен дәлелдемейтін, керісінше өзін жарнамалауға құмар пенделер көбейді. Мұндай ортада шынайылық тұншығып, жасандылық үстемдік құрады.
Не істеуіміз керек?
Меніңше, бүгінгі таңда біз үшін ең маңыздысы – ауызбіршілік пен өзара мейірімділік.
Бір-бірімізге жылы сөз айтып, шынайы тілеулес болсақ – қоғам түзеледі.
Бауырмалдық пен достықты қайта тірілтіп, бірлік пен адамгершілікке негізделген орта құра алсақ – болашаққа сеніммен қарауға болады.
Біз бабалар аманатына адал болуға тиіспіз.
Тек асқақ сөзбен емес, нақты әрекетпен.
Мұхиттай терең ойлы, асқар таудай биік рухты бабаларымыз бізге өздері аманат еткен асыл мұра – адамдық пен арды, имандылық пен ынсапты, бірлік пен мейірімділікті қайта тірілтіп, соны басты бағдар ету – ұлт ретінде тірі қалудың жалғыз жолы.
Қорытынды:
Біздің басты міндет – өзімізді түзету.
Бір-бірімізге тас лақтырмай, жүрек жылуын ұсыну.
Кемшілікті емес, игілікті көруге үйрену.
Сонда ғана ұрпаққа сенімді жол қалдырамыз.
Қыдырәлі РЫСБЕКОВ,
Түркістан қаласының ақсақалдар мен билер алқасының төрағасы,
қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі.
