Жаңа ғасырдың жастары – ертеңгі елдің үміті, бүгінгі күннің жаңашыл ой иелері. Олар сана серпілісін, рух жаңғыруын көздеген, шекарасы кең, ойы биік ұрпақ. Солардың қатарында өзгеше болмысымен, сергек санасымен, көшбасшылық қабілетімен ерекшеленетін жастар бар. Бүгінгі сұхбат – сондай тұлғалардың бірі, болашағынан үміт күттіретін жас көшбасшы, қоғам белсендісі, студент Ерасыл Бауыржанұлымен өрбиді. Ерасыл тек қана білім іздеген студент емес, ол заманның тынысын тап басып сезінетін, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азамат. Біз бүгін Ерасылмен ел болашағы, қоғамдық сана, саясат және жас ұрпақтың жауапкершілігі төңірегінде әңгімелесетін боламыз.
– Ерасыл, ең алдымен, келісіп алайық. Бүгінгі сұхбатта шекарасыз әңгіме өрбітеміз. Ашық пікір, еркін ой – басты ұстаным. Қоғамдық сана, саясат, руханият, жастар қозғалысы сынды маңызды тақырыптарды бірге талқыламақпыз. Осылардың ішінде сен үшін қозғалмауы керек тақырыптар бар ма?
– Қарсылық жоқ, әр тақырыпқа шамам келгенше пікір айтып отыруға тырысамын. Бастай беріңіз.
– Жақынырақ таныса отырайық. Қайда оқыдың? Қазір қандай мамандықта білім алып жатырсың?
– Мен -Түркістанның төл перзентімін. Қаладағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясын «Алтын белгімен» тәмамдадым. Қазіргі таңда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша 4-курс студентімін. Негізінде, арманым – IT саласы бойынша Малайзияда білім алу еді. Бірақ, отбасының жалғыз ұлы болғандықтан, алысқа ұзап кете алмадым. Бұл таңдауыма өкінбеймін, себебі қай жерде болсам да, пайдалы іспен айналысу басты мақсатым.
– Түркістандық болсаң, онда сен екі маңызды тарихи қадамды өз көзіңмен көрген жаңа буынның өкілісің. Еске салсақ, 2018 жылы Түркістан облыс орталығы атанды, ал биыл оған ерекше мәртебе берілді. Осы екі кезеңді сен қалай қабылдадың? Көз алдыңда қандай өзгерістер орын алды?
– Бұл екі кезең де мен үшін – тарихи уақыт. Екеуін де өз көзіммен көріп, сезініп өстім. 2018 жылы облыс орталығы атанғаннан бастап Түркістанның дамуы қарқын ала бастады. Көшелер көркейіп, жаңа ғимараттар бой көтеріп, қалаға деген қызығушылық арта түсті. Бұрын Түркістанды танығысы келмейтін, аса мән бере бермейтін жастардың өзі қазір бұл шаһарға басқа көзқараспен қарай бастады. Биылғы ерекше мәртебе де сол үрдістің заңды жалғасы іспетті. Бірақ меніңше, Түркістанның мәртебесі шын мәнінде бұрыннан биік еді. Бұл қала – руханияттың, тарихтың алтын бесігі. Соңғы жылдардағы өзгерістер сол биік рухты қайта тірілтіп, жаңаша серпін берді. Иә, тарихи шешімдер қабылданып, заңнамалық негізде жаңа мәртебе берілді, дегенмен Түркістанның түпкі мәні – рухани өзегі мен қоғамдық санасы сол қалпында қалды. Өзгере тұра өзгермеген қала дер едім.
– Қазір немен айналысып жүрсің? Байқасам, «Жаңа адамдар» деген жазу көп көрінеді. Бұл қандай орта өзі?
– Иә, бұл – көпшілік ойлап қалатындай ұйым немесе саяси партия емес. Біз өзімізді «Жаңа адамдар» қозғалысы деп атаймыз. Бұл – жаңа оймен, тың серпінмен, белсенді азаматтық позициямен ерекшеленетін жастардың ерікті бастамасы. Қозғалыстың мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерге заң аясында нақты әрекет жасау. Мысалы, вандализмге, рұқсатсыз қоқыс тастауға, кәмелетке толмағандарға ішімдік сату сынды келеңсіз әрекеттерге қарсымыз. Сонымен қатар есірткі таратушылармен күрес, қоғамдық тәртіпке селқос қарамау сынды бағыттарда да белсендіміз. Біз үнсіз қалмаймыз – реакция білдіреміз, әрекет жасаймыз. Қазір осы қозғалыстың Түркістандағы өңірлік көшбасшысы ретінде жұмыс істеп келемін. Құрамымызда 130-ға жуық жас бар. Жасы 18 бен 30-дың арасындағы белсенді жастар бізге өз еркімен қосылып жатыр. Қозғалысқа кіру үшін ешқандай ресми талап немесе шектеу жоқ. Ең бастысы – шын ықылас пен өзіне жауапкершілік ала алатын көзқарас керек. Біз атауы айтып тұрғандай, жаңа көзқараспен жаңа қадам жасағымыз келетін ұрпақпыз.
– Онда жаңа адам, жаңа көзқараспен айтып көрші. Сенің ойыңша, дәл қазір қоғамның ең үлкен дерті не?
– Бұл сұраққа нақты бір жауап беру қиын, себебі қоғам – көп қырлы, көп деңгейлі жүйе. Бірақ меніңше, қазіргі қоғамның ең үлкен дерті – әр адамның өз-өзімен күресі. Көзқарастар мен құндылықтар күн сайын өзгеріп, әлем жылдам дамып жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай заманда адам сырттағы емес, ішкі кедергілермен күресе алуы керек. Президентіміз де бұл туралы айтып өтті. Жастарға жауапкершілік жүктелді. Жастар масыл болмауы тиіс. «Мемлекет маған не береді?» деген түсініктен арылып, «мен қоғам үшін не істей аламын?» деген көзқарасқа көшуіміз керек. Бұл заманның талабы. Қазір жақсы идея мен нақты әрекет жасай алмаған адам шетке ысырылып қалуы мүмкін. Себебі мүмкіндіктер бар, бірақ оны көре білу, пайдалана білу – адамның ішкі дайындығына, ерік-жігеріне байланысты. Сондықтан менің ойымша, нағыз күрес – адамның өз болмысымен күресі. Өз ішіндегі жалқаулықты, қорқынышты, немқұрайлылықты жеңе алған адам ғана қоғамға пайда әкеле алады. Сондықтан қазіргі қоғамның дерті – өз ішіндегі болмысты жеңе алмауында шығар.
– Ішкі күрес жайлы сөз еттің. Ендеше, құндылықтар қалай қалыптасады деп ойлайсың? Мәселен, күні кеше орын алған «Magnum» дүкендеріне қатысты шулы оқиғаны қалай бағалар едің? Бұл жағдайды ішкі күресін жеңіп, қоғамға ықпал ете алған әрекет деуге бола ма?
– Бұл оқиға, меніңше, бастапқыда тек екі адамның арасындағы сөйлесу мәдениетінен туындаған. Сондықтан бұл жерде мен бейтарап көзқарастамын. Себебі мұндай әңгімелер, шын мәнінде, екеудің арасында қалып, сабырмен шешілуі керек еді. Алайда мәселе ушықты, әлеуметтік желілерде дау туды. Кейбіреулер бұл жағдайды қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы текетірес деп қабылдап жатыр. Бірақ мен бұлай баға беруді орынсыз деп есептеймін. Тіпті бұл соншалықты үлкен дауға айналмай-ақ, байыппен шешілетін жайт болатын. Дегенмен бұл оқиға қоғамдағы бір маңызды мәселені көрсетті. Бізде анализ жасау мәдениеті жетіспейді екен. Кім бас көтерсе, соның соңынан ойланбастан, эмоциямен ілесіп кетеміз. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі демократиялық елдің халқы әр оқиғаның астарына үңіліп, ақылмен, сараппен баға бере алуы керек. Егер қоғамның көп бөлігі эмоциямен ғана әрекет етсе, онда ол нағыз құндылық қалыптастырып, салмақты ұстанымға келудің жолы қиындайды. Сондықтан мен бұл оқиғаны ішкі күресті жеңіп, қоғамға әсер еткен батыл қадам деп емес, керісінше – эмоция мен реакцияның нәтижесі деп бағалаймын. Нағыз құндылық – адам ойы мен әрекетін салмақтай білетін деңгейде қалыптасады деп ойлаймын. Бұл жағдайдың шынайы сипатын халқымыздың «Атың шықпаса, жер өрте» деген нақылына теңеуге болады.
– Қазір үлкен буын жастарды түсінбейді, ал жастар үлкендерді. Біз бұл тепе-теңдікті қашан жоғалтып алдық деп ойлайсың?
– Шынын айтқанда, бұл тепе-теңдікті жоғалттық деп кесіп айту қиын. Себебі әр буынның өз уақытына, өмірлік тәжірибесіне сай қалыптасқан принциптері мен құндылықтары болады. Адамның ұстанымына, көзқарасына шектеу қоя алмаймыз – әркімнің өз таңдауы, өз жолы бар. Сондықтан екі буын арасындағы түсініспеушілікті нақты бір тарихи оқиғамен немесе кезеңмен байланыстыру дұрыс емес. Бұл табиғи құбылыс. Әр уақытта, әр қоғамда буындар арасындағы пікір алшақтығы болған және бола береді. Алайда маңыздысы – сол айырмашылықты ерегеске емес, сабақтастыққа айналдыра білу. Қазір қырсығатын, бір-бірін жоққа шығаратын уақыт емес. Қоғам дамуы үшін буындар бірін-бірі тыңдай алуы керек. Түсініспеушіліктің ең түпкі деңгейі – заң мен құндылықты әркімнің өз ыңғайына қарай бұрып түсіндіруінен басталады деп ойлаймын. Жастар «зайырлы мемлекет» дейді, үлкендер «ұлттық құндылықтар» дейді. Ал тереңінен қарасақ, бұл екеуі бір-біріне қарсы емес, керісінше – бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Мәселе осы екі пікірдің бір арнаға тоғыса алмауында. Бізге керегі қарсылық емес, үйлесім мен диалог. Сонда ғана тепе-теңдік қайта орнайды.
– «Жастар кітап оқудан қалды» деген пікір қазір жиі айтылып жүр. Осыған не дейсің?
– Рас, мен де кітап оқитындардың қатарынан емеспін. Бүгінгі таңда әлеуметтік қажеттілік өзгерді. Бұрынғыдай сағаттап кітап оқып отырғаннан гөрі, қазіргі жастар үшін контентті оңай әрі жылдам қабылдау маңызды. Қазір көруге, тыңдауға бейім уақыт. Кітап оқитын жастар көбіне жеңіл психологиялық немесе мотивациялық әдебиеттерді таңдайды. Біз трендпен жүретін буынбыз, заманына қарай икемделіп келе жатқан ұрпақпыз. Қазіргі жастар ақпаратты әртүрлі формада қабылдауға дайын: видео, аудио, қысқа мазмұнды мәтіндер – бәрі заман талабына сай. Бұл дегеніміз, кітап оқымайды деп қорқудың еш қажеті жоқ. Қазір басты мәселе – жастардың көштен қалмауы, дәуірдің ағымына ілесе білуі. Яғни, кітап оқымайды деп алаңдай бергенше, жастардың заманауи контентке бейімделіп, ойлануға, білім алуға мүмкіндіктері бар екенін түсіну керек. Бізге тек жаңа тәсілдермен білім алу маңызды.
– Әңгімеміз білім тақырыбына ойысты. Қазір оқу процесінде бізге не жетіспейді деп ойлайсың? Студент ретінде нені аңғардың?
– Оқу процесі біздің мемлекетте жеткілікті деңгейде жолға қойылған деп ойлаймын. Оқимын, ізденемін деген адамға барлық мүмкіндік бар. Мысалы, мен өз университетімде белсенді студент болып жұмыс істеймін, көп жастармен кездесіп, сөйлесіп тұрамын. Солармен сөйлескен сайын байқағаным – бізге көбінесе еркіндік жетіспейтін сияқты. Еркіндік тек жеке өмірде ғана емес, оқу процесінде де керек. Еркін адам дегеніміз – ойы мен санасы ашық, өз пікірін айта алатын адам. Ал мұндай адам өз жолын табады, қоғамда жақсы нәтижеге жетеді. Өйткені тек еркін ойлай алатын адам ғана жаңа идеялармен келіп, тың шешімдер ұсына алады. Бұл меніңше, қазіргі жастардың басты қажеттілігі.
– Еркін ойлы адам патриотизмді дәріптей ала ма? Патриот болу үшін қандай құндылықтарды ұстану керек деп ойлайсың?
– Меніңше, патриотизм – жүректің ісі. Оны сөзбен ғана талқылау мүмкін емес. Мысалы, мен сізге «елім, жерім» деп айтып тұрсам, бірақ ол сөздер жүректен шықты ма, жоқ па, оны мен ғана білемін. Әр адамның патриотизмі өзінше, жеке қабылданады. Сондықтан сырттан қарап, біреуге «мынау патриот екен» деп баға беру қиын. Патриот болу – тек сөзбен емес, жүрекпен, іс-әрекетпен дәлелденеді. Бұл ішкі сезім мен ар-ұжданға байланысты. Қоғамға, елге шынайы қызмет ету, оны жақсы тұрғыда дамыту үшін әрекет ету – нағыз патриотизмнің көрінісі деп ойлаймын.
– Қазіргі Түркістан қаласының әкімін білесің бе? Мүмкіндік берілсе, әкімге қандай кеңес, ұсыныс айтар едің?
– Қала әкімін білемін. Бірақ мен қазіргі уақытта ешқандай кеңес немесе ұсыныс айтпаймын. Бұған дейін айтып өткенімдей, егер менде ұсыныс болса, неге оны өзім жасап көрмеске? Өз іс-әрекетіммен үлгі көрсету маңызды деп ойлаймын. Әркімнің өз биігі бар, мен де сол биіктемін. Әрине, біреуден төмен болуым да мүмкін, бірақ бұл – жеке дамудың бір бөлігі. Кеңес беру немесе ұсыныс айту – әлі уақыттың еншісіндегі іс. Ол үшін тәжірибе жинап, нақты нәтижелер көрсетуім керек деп есептеймін.
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңа рақмет, Ерасыл. Болашағың жарқын болсын!
Сұхбаттасқан:
Ғалия БИСЕЙІТ.