Ғалымжан ағаны сырттай білетінім болмаса, ол кісімен 2007 жылы арнайы таныстым. Ол уақыт Түркістан қаласының облысымыздағы көп аудандардың бірі кезі. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің осы қаладағы меншікті тілшісімін. Орталығымыз – Шымкентке басшылық шақырмаса көп бара бермеймін. Қысқасы өңіріміздегі ірі басты журналистермен Шымкентте жиі кездеспеймін. Көбінде оларды Түркістанға келгенде ғана көремін. Сол секілді Ғалымжан ағаны да Түркістанға іс-сапармен арнайы келіп қалмаса көп көре бермейтінмін.
Сырт көзге сұсты, бойында нағыз журналиске тән мінезі бар жан бізді көре қалса қалымызды сұрап, қамқорлық танытып тұратын. Осылай уақыт өтіп, 2010 жылдардан ағамызбен арадағы іскерлік байланысымыз нығая түсті. Мен әкімдікке баспасөз хатшысы болып ауысқан едім сол жылы. Арасында жағдайымды біліп, жұмысымдағы мәселелер туралы сұрап «егер менің жәрдемім қажет болса, қысылмай хабарласа бер»,- дейтін. Әдетте баспасөз қызметінде жүргенде мұндай жылы сөзді көп әріптестерден еститінбіз. Түркістанға қатысты журналистерге қажетті ақпараттарды алып беру, қалаға қатысты кез-келген уақытта туындап қалған мәселелер болса қол ұшын созу, керек адамын бірге іздеп деген секілді өзге де жұмыстар «пресс-сектердің» үйреншікті шаруасы ғой. Осындай қарым-қатынастан басталған Ғалымжан ағамен арадағы байланысымыз осы күні бірге тумасақ та аға мен іні арасындағы жақын қарым-қатынасқа ұласып келеді. Осылайша аға мен ініге тән сыйластықтың үйлесім тауып келе жатқанына да 20 жылға жуықтады. Бойынан жанындағыларға жақындығын білдіріп, ініге деген шынайы ізетін көрген соң біз де әр кез ондай ағаға құрмет көрсетуге асығып тұрамыз.
Кеше наурыздың 12-сі күні Ғалымжан Қамытбекұлы 50 жасқа толды. Қазір біраз мәселені әлеуметтік желіге де қарап өлшейтін болдық қой. Сол желідегі құттықтаулардың астына пікір жазбақ түгіл бәріне бірдей «лайк» та баса алмадық-ау. Бұл ағамызға деген көпшіліктің құрметі. Мұндайда әңгімені елуге жеткен де бар, жетпеген де бар деп бастаймыз ғой әдетте. Енді осы жасқа лайықты абыроймен жету деген мәселе де жаңағы сөздің қабатында жүреді. Айтқым келгені әркім әр салада, өзінің мүмкіндігінше қызмет етіп, еңбегін сіңіруде. Бірақ осы жасқа жеткенде ел арасындағы жинаған абырой-беделі, атқарған еңбектері мол азаматтар көпшілік тарапынан үлкен құрметке бөленіп жатады. Осындай үндемей-ақ елеулі іс тындырып жүрген азаматтар қаншама. Міне, солардың қатарына Ғалымжан ағамды қосқан болар едім. Жоғарыда айтқан желідегі сансыз құттықтаулар да елге лайықты еңбек сіңіргеннің дәлелі болса керек.
Мен өзім былтырдан бастап ағамыздың ізін жалғап, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағалығын атқарып келемін. Осы бағыттан қарасақ Журналистер одағының өңіріміздегі филиалының тұңғыш төрағасы Ғалымжан Қамытбекұлының Түркістан облысы құрылғалы бергі уақытта сіңірген еңбегі аз емес. Әріптестердің басын біріктіріп, ортақ іске үн қосу бағытындағы бастамалардың барлығына дерлік куә болдық. 2019 жылдан бастап кешегі 2024 жылға дейін Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен елеулі шаралар атқарылды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында ынтымақ-бірлікке негізделген басқосулармен қатар, дәстүрлі түрде өтетін спорттық шаралар өз кезегімен жалғасын тауып, тіпті маңызы арта түсті десек болады.
Әсіресе масс-медиа туралы заң жұртшылықтың талқылауына шыққанда заң жобасын жетілдіруге қатысты түркістандық әріптестердің ұсыныс-тілектері аз айтылған жоқ. Жаңа медиа кеңістігінде күнделікті тіршілікте кездесетін мәселелердің заңмен айшықталуы ақпарат құралдарының өкілдері үшін жаңа заң жобасының жағымды тұсы еді. Осындай игіліктерге қол жеткізу барысында Ғалымжан Елшібай бастаған Журналистер одағы бір емес бірнеше мәрте басқосулар өткізіп, талқылаулар жүргізді. Оған қатардағы журналистерден бастап, жауапты министрліктегі заң жобасын әзірлеуге қатысқан өкілдер, сенат депутаттары, заңгерлер тартылып, сол сәтте Астана мен Түркістанның арасында тікелей байланыс орнады. Осындай үн қатулар, келелі мәжілістердің барлығына облысымыздағы БАҚ өкілдері алысқа ат арылтпай-ақ Түркістанда отырып қол жеткізді. Соның ішінде аудан, қаладағы БАҚ-тың жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Заң жобасы әсіресе шалғайдағы әріптестеріміздің тұралап тұрған тіршілігіне жол ашатын мүмкіндік тудыруы керек-тін. Осы тұрғыда ұйымдастырылған басқосуда «Масс-медиа туралы» Заң жобасына қосымша айтылған келелі ойлар, ұсыныс-пікірлер болды. Солардың бірқатары «Масс-медиа туралы», «Заң және журналистика тағдыры», «Медиакраттар медиафорумы» деген тақырыптар да өңірдегі журналистердің қызу талқысына түсті. Нәтижесінде қатысушылар тарапынан ұсыныстар түсіп, тиісті орындарға жолданғанын да көпшілік жақсы біледі.
Осындайда ойға оралатыны көп жігіттер өз саласының білгірі болғанымен ұйымдастырушылық істерге келгенде тірліктері тұралап жатады ғой. Ғалымжан ағамыздың араласуымен өңірдегі әріптестеріміздің жеке мәселелеріне дейін оңынан шешіліп жатқанын көргенде осы бір қабілетінің зор екенін де білесің.
Құдай бетін аулақ қылсын. Адамзат баласының басына төнген пандемия кезінде аты өшкірдің тұзағына ілінгенін байқаған журналистердің көпшілігі көмек сұрау үшін қолына телефонын алғанда әуелі «контактідегі» Ғалымжан Елшібайды теріп, қоңырау шалғанын естідім және одан жаман болмаған. Жығылғанның үстіне жұдырық демекші, сол кезде тоғыз жолдың торабындағы Арыстағы азап қосылды. Пандемияға қарамай өңірде басшылығынан бастап Арысқа ағылды. Сол кезде жарылыс орын алғанда шұғыл қызмет ету саласының өкілдерімен бірге ақпарат құралдарының қызметкерлері қауіпті аймақта тік тұрып қызмет етті. Одан кейін Өзбекстан Республикасында Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданы су асында қалғанда ағамыз бастаған Журналистер одағының мүшелері елге қызмет етудің және жақын жанға қамқорлық танытудың ерен үлгісін көрсетті десек қателеспейміз.
Ал, журналистер арасындағы дәстүрлі спартакиада, мерекелік және басқа да басқосулардың ұйымдастырылуы Ғалымжан ағамыздың тіс шұқып отырып шеше салатын шаруалары еді.
Осындай қым-қуыт тірліктің арасында жүріп, Ғалымжан ағамыз Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне жүзден астам журналисті өткізді. Сонымен бірге, 10-ға тарта аға буын өкілдерінің кеудесіне «Қазақстанның құрметті журналисі» медалін тақты. Бәрі де лайықты жандар болатын. Жас журналистерге ерекше көңіл бөліп, елеулі еңбек етіп жатқан жандарға лайықты қолдау көрсетумен қатар, осы салада тер төксем деген студенттер де Ғалымжан ағамыздың назарынан тыс қалған жоқ. Өзіміз куә болған шаралардың бірі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірқатар озат студенттері Журналистер одағының қолдауымен стипендия иегері де болды. Осылай тізбектеп отырсақ Ғалымжан аға туралы әңгіме жалғасып кете береді. Мақсатымыз – жақсының жақсылығын айтып, мерейін тасыту.
Өткен жылы өзінің одаққа төрағалық мерзімінің соңы таяғанда «Мәлік, менің өкілеттік мерзімім аяқталды. Оның үстіне басқа да шаруаларым бар өзің білесің, енді осы іске сен аралассаң қайтеді. Сайлауға қатысып бағыңды сынап көр. Сені қолдайтын әріптестер аз емес. Өзің Түркістанның төл тумасысың, әріптестерді танисың, олар сені таниды дегендей. Оның үстіне ертеңгі күні сайланып, филиал төрағасы болып жатсаң жәрдем беріп тұрамыз»,-деп ағалық жолымен осы міндетті алып жүруімді ұсынып еді. Басында мұндай жауапкершілікті алып жүруден қашқақтадым, бірақ түбі төраға болып сайландым. Сөйтіп «эстафета» маған табысталды. Реті келгенде айта кетейін, содан бері әріптестеріміздің кей тойларында ағаммен қатар барып төрге шығып жүрміз. Сондай қуанышты тойлардың бастауында Ғалымжан ағам сөз сөйлеп, ол кісінің иығына қуаныш иелері шапан жабады. Шапан жабылған соң иесі ағамыз ғой, кімге жапса өзі біледі. Сөйтіп оны маған жабады ағам. Осылай қатарынан екі жиында өзінің шапанын маған кигізгені бар. Содан бері «Ғалым ағам тойды ашады, шапанды мен киемін» деп жүрмін. Түркістан облысы құрылғанда да одақ филиалының алғашқы төрағасы болса, ағамның ізін жалғап екінші төраға атандым. Содан берідегі аз уақыттың ішінде ағамның қолдауын көріп келе жатырмын. Әңгіме өзіме байланысты болып кетпесін. Негізгі айтпағым Ғалымжан ағамыздың ердің жасы елуге толған мерейлі жасына байланысты өткен күндерге шолу жасап, жол бастар ағаның игілікті істерін еске түсіру. Бұл жазбамыздың түйіні – жалпы әріптестер, одақ мүшелері ағамыз бастаған жолды жаңғыртып, ынтымақ пен бірлікті ту етіп, қасиетті өңірдің атына сай жұмыла жұмыс жасайық дегім келеді.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағы
Түркістан облыстық филиалының төрағасы.