ТҮРКІСТАН МЕН ҮРГЕНІШТІҢ АРАСЫ

1  292 көрілім

Түркістанда мекені,

Көтеншілер халқынан.

Үргеніште қалды сүйегі,

Телқожа батыр алпының.

Талай жауды жайратып,

Көрсеткен еді салқынын.

Иесіз шөлдер тартылып,

Қайраны қалды артының…

МАЙЛЫҚОЖА.

«Қарашаның өтті хандары».

Халқымыздың ұстаздық, тәрбиелік қуаты зор, өлең – сөз зергерлерінің бірі Майлықожа атамыздың жоғарыда келтірген өлең жолдарымен 2000-жылы танысқам. «Түркістанда мекені» деген жолы мені қызықтырды. Мектепте сабақ берген ұстазым Майжан Қамбатыровтан Телқожа туралы сұрағанымда – кеше ғана өзіңмен бірге мектепте қызметтес болған Уахит Сейдахметұлы Серәлінің әкесі Телқожамен аталас болған, соған жолық деді.Ол кісі Телқожа туралы өзі білген біраз нақты, түйінді әңгімелер айтты. Ізденуге күш-қуат берген.

Содан, бір күні кітапханалардың бірінен «Сұлтаны Кенесары и Сыздык» деген (орыс тілінде) кітап қолыма түсті. Телқожаның Кенесарының ұлы Сыздықпен бірге Түркістан, Шымкент, Тәшкен одан әрі Өзбекстан жеріне, Хиуа, Бұқараға дейін орыстармен қарсы соғысқаны, сол кездегі Русия патшалығы ұйымдастырған баспасөздерде жарияланған құжаттарда келтірілген мәліметтерге тап болдым.

Түркістандағы «Тұран –Түркістан» телеарнасының директоры Мұрат Бекбаевқа жолығып, жағдайды айтқанымда: – Барып келіңіз, көмектесемін, – деді.

– Жаныма серік қосып бер,- дедім.

– Кімді қалайсыз – деді.

– Өзіңнің қарамағыңдағы Тасболат Сүйімбаевты – дедім.

Тасболат екеуміз Үргенішке, Төрткүл қаласына екі рет барып келгенбіз. Нәтижесінде «Қайта оралған есім, «Вновь возвращенное имя» атты кітап дүниеге келген. Кітаптың дайындалып, баспадан шығуына қаржы жұмсаған тағы да Мұрат Бекбаев.

Бірер жыл бұрын Мұрат кітапты тағы да тың деректермен қайта шығарсақ,- деп ұсыныс жасаған еді. Жуырда реті келіп, Үргенішке, Төрткүлге үшінші рет түркістандық дарынды ақын, екі-үш кітаптың авторы, Телқожа туралы дастан жазған Әбдіғаппар Жақыпов екеуміз бардық. Бірінші рет Тасболат екеуміз Үргенішке барып екі күн болып, сұрастырмаған адам, мекеме қалған жоқ, қайтайын деп тұрғанымызда, (пойызға екі-ақ сағат қалғанда) Кәмілжан Нұрджанов деген азаматпен кездейсоқ кездессек бола ма?

– Мен, – деді Кәмілжан әкә – Біраз нәрсе тауып қойғам, – деп, суырмасынан бұдан 15 жыл бұрынғы дәптерін алды. Осы Кәмілжан әкә ұлық (ұлы) адам екеніне жұртты сендіргім келеді. Бұл кісі туралы арнайы шығарма жазу ойда бар.

Кәмілжан әкә Хорезм облысындағы Қазақтар Мәдени Орталығының басшысы Полат Изюмовпен бірге бізді пойыздан күтіп алды. Кәмілжан ағамыз біз барғанша Қарақалпақстандағы Төрткүл қаласының әкімдігінде аймақтағы қазақ зиялылармен кездесуді жоспарлап қойған екен.

Кездесу өте мазмұнды өтті.Жиынды қала әкімінің орынбасары жүргізді. Өлкетану музейін облыс орталығы өзіне көшіріп алыпты. Жиналған бауырларымыз: «алқа құрсақ»,- деген тілектерін айтты. Біз өз тәжірибемізді айттық. Осы жиында ақын Әбдіғаппар жауһар өлеңдерін жатқа айтқанда, қайта-қайта сұрап ризашылықтарын білдірді. Телқожа жатқан қорымға, батырдың зиратына барып Құран бағыштадық.

78 жастағы Кәмілжан әкә қазірде Халықаралық «Авесто» қайырымдылық қорының төрағасы, Үргеніштегі «Авесто» музейінің директоры. Музейіне апарып музейінің қазіргі, келешектегі жоспарлары туралы айтты. Үйіне шақырып, бауырмал, мейманшыл екенін тағы да танытты. Көп мәліметтермен қоса, Үргеніштік ақын Шарофат Ашурованың («Телхожа Садык Булиш») Телқожа туралы өзбек тілінде кітап шығарғанын көзбен көрдік. Кәмілжан бір данасын бізге берді. Бұл кітапқа әрине біздің көп жылдық ұжымдықпен ізденіп, насихаттаумен әсіресе, Кәмілжан ағаның әсерінің зор болғаны анық.

Түбі бірге туысқандық, қарашы,

Алыстан да жарқырап тұр жарасым.

Қаһармандар қандастығы жалғап тұр,

Түркістан мен Үргеніштің арасын.

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

түркістантанушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы