ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ АЭС САЛУ ЖӨНІНДЕГІ ТАРИХИ РЕФЕРЕНДУМДАР

299 көрілім

Әлемде атом энергетикасына қатысты пікірталас ешқашан толастаған емес. Ядролық энергияның шексіз мүмкіндігі мен қаупі адамзат санасында талас тудырып, бұл технологияны қолдау мен қарсы шығудың арасында үнемі айқас жүріп келеді. Жер бетіндегі әрбір мемлекет үшін энергия қауіпсіздігі – ұлттық мүдденің ажырамас бөлігі. Технология дамып, табиғи ресурстар сарқыла бастаған сайын, атом энергетикасы өзекті бола түсті.

Алайда, ядролық энергияның мүмкіндігімен бірге туындайтын қауіптері – оны қолдайтындар мен қарсы шыққандар арасындағы тартысты күшейтті. Бұл күрделі сұраққа жауап іздеген елдер халықтың таңдауына жүгініп, АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешуді жөн санаған. Сонымен, ядролық энергетиканың тағдырына қарапайым халықтың дауысы қалай әсер етті? Бүгін біз әлем тарихында айрықша орын алған атом электр станциясын салуға байланысты бірнеше елде өткен референдумдарға шолу жасап көрмекпіз.

ШВЕЙЦАРИЯНЫҢ АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ТӘЖІРИБЕСІ

Дәл қазіргі таңда, елімізде атом электр станциясын салуға қатысты қызу талқы жүруде. Осыған байланысты, 6 қазанда республикада жалпыхалықтық референдум өтпек. Негізі АЭС салу сияқты күрделі мәселе бойынша халықтың пікірімен санасу үшін референдум өткізу демократиялық шешім қабылдаудың әділ жолы. Себебі әр адамға ел болашағына әсер ететін маңызды шешім қабылдауға қатысып, саяси жүйеге ықпал жасауға мүмкіндік алады. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, АЭС бойынша референдум өткізген мемлекеттер саны көп емес. Бірақ бірқатар елдер бұл тәжірибені қолданып, АЭС салу не болмаса жабу тақырыбын халықтың талқысына салған. Сондай мемлекеттің бірі – Швейцария. Иә, бейбітшілік пен тыныштықтың символына айналған мемлекет АЭС тақырыбына бей-жәй қарамаған. Алайда, бұл ел тыныштығының астарында маңызды саяси шешімдерге негізделген күрделі тарих жатыр. Швейцарияның АЭС бойынша референдум өткізу тәжірибесі тек елдің ғана емес, бүкіл әлем назарын аудартты. Олар атом электр станциясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесін ұзақ жылдар бойы талқылады. 1970 жылдары әлемде энергетикалық дағдарыс белең алған тұста, көптеген елдер баламалы қуат көздерін іздестіре бастады. Сол кезде, атом энергиясы экономикалық тиімді және қуатты ресурс ретінде көрінді. Швейцария да бұл бағытты қарастырып, ел аумағында бірнеше АЭС салуды жоспарлады. Тиісінше, бұл елдегі алғашқы АЭС бойынша референдум 1979 жылы өтіп, сол жылдары халық-тың басым көпшілігі бейбіт атомды құруды қолда-ды. Одан кейінгі жылдарда да бірнеше референдум өткізді. Алайда 2017 жылы өткен референдум Швейцария халқының тарихи шешім қабылдауына ықпал етті. Себебі Чернобыль апаты мен 2011 жыл-ғы Жапониядағы «Фукусима-1» станциясындағы қайғылы оқиға Швейцария халқын қатты алаңдат-ты. Бұл жағдай қоғамды АЭС қауіпсіздігіне күмән-мен қарауға мәжбүр етті. Осылайша, АЭС салу және жұмыс істеп тұрған станцияларды жабу мәселесі қоғамдық талқылаулар мен саяси жүйенің басты тақырыбына айналды. Нәтижесінде, сол жылы елдегі барлық атом электр станцияларын біртіндеп жабу туралы заң қабылданды. Аталған жалпыха-лықтық референдум қорытындысы бойынша жаңадан АЭС салуға тыйым салынды, ал жұмыс істеп тұрған станциялар техникалық ресурстары аяқталғанша жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

ИТАЛИЯНЫҢ АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ТӘЖІРИБЕСІ

Италия – көне өркениеттің мекені. Бай мәдениет пен ғажап табиғатымен танымал. Алайда елдің даму тарихы тек сәулет өнерімен шектелмейді, сондай-ақ, саяси шешімдерімен де ерекшеленеді. ХХ ғасырдың екінші жартысында атом электр станциясын пайдалану мәселесі Италияда үлкен талқылау тудырды. Атом электр станцияларының салынуы мен олардың болашағы туралы шешім тек саясаткерлердің ғана емес, қарапайым халықтың қатысуымен, референдум арқылы қабылданды. ХХ ғасырдың ортасында Италия атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануға қызығушылық танытты. 1960-1970 жылдары елде бірнеше АЭС салынды. Бұл кезде атом энергиясы экономикалық тиімді және болашақ үшін таптырмас ресурс деп бағаланды. Алайда, 1986 жылғы Чернобыль апаты және ядролық қауіпсіздікке деген алаңдаушылық Италия халқының атом энергетикасына деген көзқарасын өзгертті. Халық арасында экологиялық және қауіпсіздік мәселелері басым болып, атом энергиясынан бас тарту туралы талап күшейді. Нәтижесінде, 1987 жылы Италияда АЭС бойынша алғашқы референдум өтті. Халықтың басым бөлігі атом энергиясынан бас тартуды қолдады. Бұл референдум тарихи шешімге әкеліп, үкімет жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларын біртіндеп жабу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Италия атом электр станциясынан толығымен бас тартып, энергетикалық болашағын басқа бағытта дамытуға бет бұрды. Бұл шешім елдің экологиялық жауапкершілігін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, демократиялық процестердің маңызын дәлелдеді. Алайда, бейбіт атом тақырыбы Италияда толығымен жабылған жоқ. 2000 жылдардың басында ел үкіметі атом электр станцияларын қайта іске қосу немесе жаңасын салу туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Алайда, 2011 жылы Жапониядағы «Фукусима» апатынан кейін, бұл мәселе қайтадан қоғам назарын аударды. Италия үкіметі АЭС салуды қайта қарау үшін барын салды. Референдум нәтижесінде халық тағы да атом электр станцияларын қолдамау туралы шешім қабылдады. Бұл референдум елдің атом энергиясына қайта оралуға дайын еместігін көрсетті. Халықтың негізгі алаңдаушылығы экологиялық және қауіпсіздік мәселелері болды. Одан кейін, Италия үкіметі баламалы энергетика көздеріне көбірек назар аудара бастады. Елдің күн, жел және су энергиясын дамытуға деген ынтасы күшейді. Экологиялық тұрақтылық пен жаңартылатын энергия көздері Италияның басты стратегиялық бағыттарының біріне айналды. Италияның АЭС бойынша референдумдары елдің энергетикалық болашағын айқындап қана қоймай, демократия мен халықтың шешім қабылдаудағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бүгінде Италия атом энергиясынан бас тартып, жаңартылатын қуат көздеріне көшуді жалғастыруда.

АВСТРИЯНЫҢ АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ТӘЖІРИБЕСІ

Австрияның АЭС бойынша өткізген референдумы елдің экологиялық санасының және демократиялық құндылықтарының бірегей көрінісі ретінде есте қалды. 1970 жылдары Австрия үкіметі Цвентендорф елді мекенінде алғашқы атом электр станциясын салуды қолға алды. Ол елдегі энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, экономикалық дамуға серпін береді деп үміттенді. Алайда, атом энергиясы қанша тиімді болса да, оның қаупі мен тәуекелдері халықтың алаңдаушылығын туғызды. Чернобыль оқиғасына дейін де әлемде ядролық қауіпсіздік мәселесі талқыланып жатқан болатын, ал Австрия халқы осы мәселеге ерекше назар аударды. Цвентендорф АЭС-і салынғаннан кейін толық жұмыс істеуге дайын еді, алайда станция іске қосылмастан бұрын, елде бұл мәселе бойынша референдум өткізу туралы шешім қабылданды. 1978 жылы Австрия халқы АЭС-тің тағдырына өз дауысын берді. Референдум күтпеген нәтиже берді. Дауыс бергендердің 50,47% АЭС-ті қолдамаған. Нәтижесінде Цвентендорф атом электр станциясы ешқашан жұмыс істемей, жабылып қалды. Австриядағы бұл референдум әлемдік тарихта ерекше орын алды, себебі бұл оқиға халықтың экологиялық санасының оянғанын және қауіпсіздікті бірінші орынға қоятынын көрсетті. Ел үкіметі халықтың пікірін ескере отырып, атом энергиясынан біржола бас тартты. Австриядағы референдум тек атом энергиясына қатысты шешім ғана емес, халықтың болашағына тікелей әсер ету мүмкіндігін паш етті. Бұл референдум демократияның басты құндылықтарының бірі – халықтың пікіріне сүйене отырып, маңызды шешімдер қабылдау екенін тағы бір рет дәлелдеді.

ШВЕЦИЯНЫҢ АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ТӘЖІРИБЕСІ

Швеция халқы өз болашағын ойлап, экологиялық және энергетикалық мәселелерде ерекше сақтық танытады. 1980 жылы Швеция атом энергиясын дамытуға қатысты әлем назарын өзіне аударған ерекше шешім қабылдады. ХХ ғасырдың екінші жартысында Швеция да көптеген елдер сияқты атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жолын таңдады. Экономикасы дамыған мемлекет ретінде энергияға деген қажеттілік артып, атом электр станциялары елдің болашағы ретінде қарастырылды. 1970 жылдарға дейін елде бірнеше АЭС іске қосылып, елдің энергия көздері атом қуатына арқа сүйеді. Алайда, атом энергиясына қатысты ел ішінде қызу пікірталас басталды. Жаңа технологиялар қаншалықты тиімді және қауіпсіз деген сұрақтар халықты алаңдатты. Әсіресе, атом қалдықтарын сақтау, апаттық жағдайлардың қаупі, экологиялық зардаптар ел тұрғындарының мазасын алды. Осы мәселелерге орай 1980 жылы үкімет халықтың пікірін білу мақсатында референдум өткізуге шешім қабылдады. 1980 жылдың наурызында Швецияда атом энергиясына қатысты тарихи референдум өтті. Дауыс беру нәтижесінде халықтың басым бөлігі атом энергиясынан біртіндеп бас тарту туралы шешімге келді. Бұл шешім бойынша 2010 жылға дейін Швецияда атом энергиясын қолдануды тоқтату жоспарланды. Алайда, іс жүзінде бұл процесс баяу жүріп, ел бірден атом энергиясынан бас тарта қойған жоқ. Бүгінде Швецияда бірнеше атом электр станциялары жұмыс істеп тұр, алайда ел баламалы энергия көздерін дамытуда алдыңғы қатарда келеді. Елдің жел, су және күн энергиясына инвестиция құюы оның тұрақты энергетикалық болашаққа бағыт алғанын көрсетеді. Швецияның АЭС бойынша референдумы демократия мен халықтың шешім қабылдаудағы рөлін айқын көрсетті. Бұл референдум халықтың болашаққа деген алаңдаушылығы мен экологиялық санасының биіктігін байқатты.

ЛИТВАНЫҢ АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ТӘЖІРИБЕСІ

Өзінің тәуелсіздігін қайта алғаннан кейінгі онжылдықтарда Литва көптеген қиындықтармен бетпе-бет келді. Солардың бірі — атом энергиясына қатысты маңызды шешімдер қабылдау мәселесі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығы әрдайым басты назарда болды, әсіресе 2008 жылғы АЭС бойынша өткізілген референдум бұл мәселеде ел тарихындағы бетбұрысты сәттердің бірі ретінде есте қалды. Литваның атом энергиясымен таныстығы Игралин станциясынан басталады. Кеңес Одағының кезеңінде, 1983 жылы іске қосылған бұл станция Балтық елдерінің энергетикалық орталығы болып, аймақтың электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отырды. Игралин АЭС-і Литваның басты энергетикалық тірегі болды, бірақ сонымен қатар көптеген экологиялық және қауіпсіздік мәселелерін туындатты. 1990 жылдары Литва тәуелсіздік алғаннан кейін, Еуропалық Одақпен интеграция процесі басталды. Алайда, Литваның Еуропалық Одаққа қосылуы Игралин АЭС-іне байланысты тақырыпты қайта көтерді. Олар бұл станцияның қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтінін ескертіп, оны жабуды ұсынды. Осылайша, Литва халқы алдында елдің энергетикалық болашағын қай бағытта дамыту керек деген таңдау тұрды. 2008 жылдың 12 қазаны Литва тарихында ерекше күн болып есте қалды. Сол күні елде Игралин атом электр станциясының тағдырына қатысты жалпыхалықтық референдум өтті. Елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды болғандықтан, бұл референдум үлкен қоғамдық пікірталастар туғызды. Литва халқының алдында екі негізгі таңдау болды: Игралин АЭС-ін жабу және баламалы энергия көздерін іздеу, немесе станцияның қызметін жалғастыру арқылы елдің энергетикалық тәуелсіздігін сақтау. Референдум нәтижесінде, дауыс бергендердің басым көпшілігі станцияның жабылуына қарсы болғанымен, референдум заңды күшке ие болу үшін қажетті дауыс шегіне жетпеді. Осылайша, Литва Игралин атом электр станциясын жабу туралы ЕО талабын орындауға мәжбүр болды. 2009 жылы Игралин АЭС-і ресми түрде жабылды. Бұл Литваның энергетикалық жүйесіне үлкен өзгерістер әкелді. Станция жабылғаннан кейін ел импорттық энергияға тәуелді бола бастады, бұл халық пен үкіметті баламалы энергетикалық көздерге көшуге итермеледі. Литва үшін бұл маңызды кезең болды. Игралин АЭС-інің жабылуы тек энергетикалық қауіпсіздік мәселесін ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылыққа көшу мәселесін де алға тартты. Ел атом энергиясынан бас тарта отырып, экологиялық қауіпсіздік пен энергетикалық тәуелсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысты.

Атом электр станциясы – технологиялық прогрестің нәтижесі болғанымен, әлем елдері арасында әлі де даулы мәселе. Әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілген референдумдар атом электр станцияларын салу мен пайдалануға қатысты қоғамдық пікірдің әртүрлі екенін көрсетеді. Алайда, әлемдегі көптеген елдерде АЭС салу немесе ядролық энергетиканы дамыту мәселелері әлі де қызу талқыланып келеді. Дегенмен, ел болашағы үшін маңызды қадамға немқұрайлық танытпай атсалысу – мемлекет алдындағы халықтық борыш екенін ұмытпаған абзал.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы