«БЕЙБІТ АТОМНАН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

437 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 6 қазанда АЭС салу жөнінде жалпыхалықтық референдум өтетіні белгілі. Осыған орай, Түркістанға «SARAP» эксперттер клубының аймақтық талқылауына ҚР ЭМ Ядролық физика институтының Бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев келген болатын. Елімізде атом энергетикасы кадрларын даярлау және оны бейбіт мақсатта пайдаланудың ерекшеліктері жөнінде арнайы маманнан сұхбат алып, әңгімелескен едік.

Асхат мырза, дәл қазіргі таңда атом электр станциясын салу төңірегінде бірнеше пікір бар. Жалпы АЭС салу дұрыс шешім бе? Егер дұрыс болса қандай тиімді тұсы бар? АЭС Қазақстанды энергия тапшылығынан қалай құтқарады?

Қазіргі таңда, біз электр энергия тапшылығын көріп отырмыз. Күнделікті энергияны көршілес Ресей мемлекеті мен Қырғызсатннан сатып алуға мәжбүрміз. Мәселен, ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір бізде энергия жетіспеушіліктің қуаты 2 ГВт-тан асып тұр. Бұл біздің қуатты энергия көзіне мұқтаж екенімізді көрсетеді. Тіпті мамандардың айтуынша 2035 жылға дейін электр тапшылығы одан сайын үлкейетіні анықталды. Өйткені тұтыну әр жыл сайын 3 пайызға өсуде. Атом электр станциясын салу – осы мәселені шешетін бірден бір жол. Яғни біз тұрақты және экологиялық таза энергия көзін тұтынатын боламыз. Сондықтан АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз. Атап айтсақ, ол меншікті атом электр станциясы энергия тасымалдаушылардың импортына тәуелділікті азайтуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге АЭС металлургия, химия және машина жасау сияқты энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға қуатты ынталандыру бола алады. Ал атом электр станциясын салу ел экономикасына да оң әсер ететінін бағамдап отырған боларсыздар. Яғни біз оны салу арқылы елдің технологиялық жабдықталу деңгейін арттырамыз. Одан бөлек, парниктік газдар шығындарын азайта аламыз. Себебі атом энергетикасы төмен көміртекті болып келеді. Бұл Қазақстан климатының өзгеруіне қарсы күреске өз үлесін қосуға көмектеседі.

Атом электр станциясын салу ең тиімді шешім болса, неге халықта үрей бар? Жалпы Семей полигонынан кейін атомға деген сенім сейілген сияқты, сіз қалай ойлайсыз?

Семей полигоны 1949-1989 жылдар аралығын қамтыды. Енді оның бағыты мүлдем бөлек. Себебі Семейдегі станцияны ядорлық қару ретінде пайдаланды. Ол ураннан жасалған, байытылуы 90 пайызды құрайды. Енді атом электр станциясына да уран пайдаланамыз. Алайда оның байытылуы 4,5-5 пайыздан аспайды. Оның радиациялық көлемі бағытталған ядролық қарудан аз. Адамдардың атомға деген үрейі содан болып тұр. Себебі Семей трагедиясы әлі күнге дейін халықтың жадында сақтаулы. Көбісі атомды бейбіт түрде пайдалану мен қару түрінде қолданудың мақсатын түсінбейді. Алайда біздің талқыға салып отырған таңдауымыз – бейбіт атом. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ.

АЭС салу бойынша экологтардың да өз айтары бар. Мәселен елімізге танымал эколог Мелс Елеусізов «АЭС салсақ, Балқаштан айрыламыз» деген пікір айтты. Кәсіби маман ретінде экологтардың бұл уәжіне не айтасыз?

Ең алдымен, атом электр станциясының жұмыс істеу принципін түсіну керек. Бізде қарастырылып жатқан атом электр станциясы су-сулы екі контурлы реакторлардың типтері. Ол контурлар тұйықталған тізбекте жұмыс істейді. Бірінші контур активті аймақпен тікелей жанасады, яғни, уран отынымен. Екінші контур біріншідегі жылуды өзіне тартып алады. Алайда бұлардың сулары бір бірімен мүлде араласпайды және жанаспайды. Олар жылу алмастырғыштар арқылы жүреді. Екінші контурдағы су қызып, буланады. Оны арнайы құбыр арқылы айналдырып, электр энергиясын аламыз. Енді осы жүйеде Балқаш көлінің суын қалай пайдаланамыз? Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, екінші контурдағы су буының температурасын төмендету үшін Балқаштың суын қолданамыз. Айта кетейік, Балқаштың суы радиациялық сумен мүлде жанаспайды. Қайтадан аққан кезде кәдімгі су ретінде пайдалана беруге болады. Әрине, одан кейінгі қолданылған судың температурасы 5-7 градусқа дейін аздап көтеріледі. Бірақ алынға су мөлшері Балқаштың көлемінен әлдеқайда аз болғандықтан әсер етуі екіталай.

Экологтар үшін тағы бір мәселе бар. Олар радиоактивті қалдықтарды қайда жібереміз деп алаңдаулы. Бұл мәселе қалай шешілмек?

Радиоактивті уранның қалдықтарын арнайы салынған қоймаларда сақтаймыз. 5-10 жылдан кейін оларды алып, қайтадан байытып, отын ретінде пайдалануға болады. Ондай отындар төртінші буынды шапшаң нейтронды реакторларға пайдаланылады. Қалдықтарды иегру технологиясы қазіргі таңда жүйелі жұмыс. Мысалы Франция мен Ресей осы тәсілді қолданып келеді. Біз де қалдықтарды қайта кәдеге жарату тәсілін қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Ал қауіпсіздік мәселесі қалай болады? Атом электр станциясы қауіпсіз екеніне негізделетін фактор бар ма?

Әрине, бүкіл әлемдегі атом электр станцияларын және бейбіт  мақсатта қолданып жатқан атомды АЭХА (орысшасы – МАГАТЭ) ұйымы қадағалайды. Олар жыл сайын өз шешімдерін шығарып, реакторларды ары қарай пайдалануға арнайы рұқсатнама түзеді. Олардың бақылауынсыз ешқандай станция жұмыс істемейді. Ал бұл халықаралық ұйым атомдық қуаттылыққа қарамайды, яғни қойылатын талаптары барлық елге бірдей. Ол үлкен бе, кіші ме атом реакторына бірдей талаптар қойылады, яғни, бұл қадағалаудың үлкен деңгейде екенін көрсетеді.

АЭС-ті салуға оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме? Осы салада кадр тапшылығы қалай?

Енді қараңыз, біздің реактор 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Одан басқа, ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған екі атомдық реактор Курчатов қаласында бар. 1973 жылдан бастап 1999 жылға дейін Ақтау қаласында БН-350 реакторы жұмыс істегенін қосыңыз. Осының барлығын қазақстандық кадрлар дайындады. Енді ойлай беріңіз, 1957 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан реакторларды игерген – еліміздегі үш буынның өкілдері. Бұл ненің көрсеткіші? Қазақстанда атом электр станциясына қауқарлы мамандарды даярлайтын күштің бар екенін білдіреді. Бізде мамандардан бөлек, үлкен тәжірибе бар. Яғни «маман тапшылығы туындай ма» деп қорқудың қажеті жоқ. Бұдан басқа қарқынды жұмыс істеп жатқан жоғары оқу орындарында инженер мамандар дайындалуда. Оқу орталықтарында атом саласында істейтін қызметкерлердің деңгейі шыңдалып, оқу курстарынан өтеді. Осының бәрі Қазақстанда АЭС-ке қатысты мамандардың дайындалған үлкен легі бар екенін көрсетеді.

АЭС салуға бүгінде 4 мемлекеттің компаниясы ниет білдіріп отыр. Осы төрттіктің ішінде қай елдің технологиясы озық және біз қай елдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұрыс деп ойлайсыз?

Қазір өздеріңізге мәлім, мемлекетке ұсынылған 4 жоба бар. Олар  Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция мемлекеті. Қателеспесем, бұл компаниялар 5 жылдан бері қарастырылып, зерттеліп келеді. 4 мемлекет ұсынып отырған компания да су-сулы реакторлардың типтері таңдалған. Себебі қауіпсіздігі жағынан өте жоғары реакторлардың бірі. Яғни, 50 жыл жұмыс істеген уақыт аралығында бірде-бір апатты жағдай болмаған. Демек, қауіпсіздік деңгейі тәжірибеде расталған. Ал бізге таңдау жағынан ең бастысы қауіпсіз әрі пайдалы, қуатты болса болғаны. Жоғарыдағы ұсынылған 4 мемлекеттің реакторлары аталған талаптарға сай. Ал қай мемлекет салатынын референдум оң шешілген жағдайда сарапшылар, мемлекеттік органдар шешеді.

Ал АЭС салуға қарсы топтарға не айтасыз?

Атом электор станциясын салуға қарсы топтардың көбісі күн, жел электр станциясын салайық дейді. Әрине дұрыс, бірақ оның кемшілігін неге айтпаймыз? Күн және жел станциясы тұрақсыз электр энергия. Яғни күн мен жел болса ғана пайдалана аламыз. Ал олардан алған энергияны біз арнайы аккумуляторларда сақтауымыз қажет. Олар ары кетсе 5-6 жылға дейін жұмыс істейді, содан кейін қайда жібереміз? Күн панельдерін алайық, олар 15 жыл істейді. Одан кейін оларды қайда жібереміз? Осы мәселе айтылмайды. Мысалы атом электр станциясы 80 жылға дейін жұмыс істейді. Сонда күн электр станцияларын 4 рет салуға тура келеді. Әрине, оның бағасы төмендеу. Бірақ қуаттылығы мен алатын көлемі үлкен. Күн электр станциясының панельдерін әр екі апта сайын тазалау қажет. Оған қаншама қаржы, су, ресурс кететінін есептей беріңіздер. Неге осы факторлар есептелмейді? Сондықтан мұндай шешімдерге жан жақты қарау керек. Қайталап айтудан жалықпаймын, атом электр станциясы – тұрақты энергия көзі. Ал электр энергиясының тұрақты болғаны біз үшін маңызды. Себебі экономикалық жағынан орасан пайда. Елімізге ірі инвесторлық жобалар мен компанияларды тарту үшін де біздің электр қуатымыз қауқарлы болуы тиіс. Жалпы сырттан келетін ірі компания ең бірінші бізден жоғары қуатты электр энергиясын сұрайды. Егер біздің қауқарымыз тек ауылдық жерлер мен тұрмыстық жағдайға ғана энергия тартуға жететін болса, сол жерден ол компанияның қызығушылығы бітеді. Себебі үлкен зауыттар мен фабрикалар үшін ең маңызды ресурс – электр энергиясы.

Ал АЭС салу мәселесінде Президент бекіткен референдумның маңызы қандай? Оны талқылап не ұтамыз?

Референдум – жалпыхалықтың пікірімен санасуға негізделген жүйе. Мемлекет басшысы осы тұрғыда халықпен санасып отыр. Бұл өте дұрыс қадам. Себебі АЭС барысында халықтың өзі екі түрлі пікірде болды. Оның үстіне, халықтың болашаққа деген көзқарасын ашуға үлкен мүмкіндік. Себебі өзіңіз ойлап қараңызшы, қазіргі таңда Қытайда салынып жатқан реакторлардың саны 28. Ал біз бір электр станциясын салуда ойланып отырмыз. Менің үнемі айтатын бір мысалым бар. Жер көлемі жағынан біздің Алматы облысындай Оңтүстік Кореяны алайық. Сол мемлекетте 26 АЭС жұмыс істейді. Енді өзіңіз ойлай беріңіз, олардың озық технологияда қаншалықты дамып, алға жылжып кету құпиясын. Себебі технологияның бәрі электр энергиясына тәуелді екенін біз жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты Жапонияны алайық. Хиросима мен Нагасакидегі апаты арқылы бүкіл әлемге танымал. Бірақ олар осынша қасірет көре тұра бейбіт атомнан бас тартты ма? Әрине, бас тартпайды. Себебі олар бейбіт атомның пайдасын жақсы бағамдап отыр. Ал жапон халықтарының қаншалықты мұқият, табанды екенін айтпасам да түсінікті шығар. Сондықтан бейбіт атомнан қауіп жоқ екенін ескерткім келеді. Болашаққа оптимизммен қарайтын әрқайсымыз алдағы референдумда белсенділік танытып, дұрыс таңдау жасайық.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Ғалия БИСЕЙІТ


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы