ТӨЛ ӨНЕРДІҢ ТӨРЕСІ ­­- ҚАЖЫБЕК БЕКБОСЫН

3  052 көрілім

Дәстүрлі әннің біліктісі Қажыбек Бекбосын өнері мен өнегелі өмірі жас ұрпақ жетік білуі керек тұғыры биік тұлға. Жаны мен жүрегін әуелеткен әнге арнаған, қайталанбас қоңыр дауысымен халықтың сүйіктісіне айналған дарын иесінің есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылуы ол үшін ең ұлы құрмет. Шынайы болмысы мен өзгелерден табылмайтын қарапайымдылығы бойындағы талантымен қосылған қазақтың жаны жайсан азаматы әрқашан халық жадында қалады.

          Төл өнерден шабыт ала білген, бойындағы ерекше қасиеті шексіз шыңдарға жетелеген, дәстүрлі өнерге өз үлесі мен ізін қалдырған озық майталман бойына барлық жақсы қасиеттерді сіңірген қазақтың біртуары. Ол үшін өнердің орны бөлек, беделі асқақ. Тыңдаған жанның құлақ құрышын қандыратын әдемі әндер шырқаған Қажыбек Бекбосын қазаққа дәстүрлі әнді ұмыттырмай, жас өрендердің төл өнерге деген қызығушылығын оята білді. Орындауы мен талғамы бөлек асыл азаматты халқы әрдайым құрмет тұтады.

Бекбосын Қажыбек Құдайбергенұлы 1946 жылдың 19-мамыр айында Талдықорған облысы Қапал ауданы, Қоңыр ауылы, Ұзынбұлақ бөлімшесінде дүниеге келген. Ғ. Орманов атындағы 11 жылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы Эстрада және цирк өнері студиясында ҚАЗССР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің Халық әні класына оқуға түсті. Оқуды бітіргеннен кейін Мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші-домбырашы болып қызмет атқарған. Кешегі Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естайларлың ізін жалғап, олардың есті әндерін нақышына келтіріп орындады. Халқына өнерін паш етіп, Қазақстан Республикасының халық әртісі атағын иеленді. Өнерін жалғаушы шәкірттер тәрбиелеп, кәсіби әрі жан-жақты ұстаз болды.

Ұлт жанашыры, замана шындығы мен өмірдің айшықты өрнектерін киелі домбыраның үнімен жеткізген өресі мен білімі терең азамат өз ұлтына бойындағы ізгі өнерімен рух берді. Тіл мен дінді, рухани құндылықтарды жетік біліп, санасына сіңіріп өскен текті жан дәстүрлі әнге өзіндік әр берді, шырайын келтірді. Адал жаны мен ешкімнен табылмайтын көрнектілігі оның жалған фәниде жақсы адам, ұлағатты ұстаз әрі ғажап таланттың иесі екенін көрсетеді.

Қажыбек Бекбосын санаулы ғұмырын өнерге арнаған тағылымы бөлек тұлға. Бала кезінен халық әртісі, қоғам қайраткері Ғарифолла Құрманғалиевті үлгі тұтқан дәстүрлі әншінің болашағынан зор үміт күттіретін ұлы адам болатыны сол кезден ақ белгілі болған. Оқуға да Ғарифолла Құрманғалиевтің ордасына түсіп, үлгі тұтқан адамы оған ұстаз әрі өмірдің небір қиындықтарынан қорықпай өту керектігін үйреткен екінші әкесіндей әзиз жан болды.

 Сөздеріне халық мұрасы мақал атты жауһарды тиек еткен Қажыбек Бекбосын (https://astana-akshamy.kz/qazhybek-bekbosyn-qazaqstannyng-halyq-artisi-astana-bizding-idealymyzgha-ajnaldy/) «Астана ақшамы» газетіне  берген сұхбатында былай деген екен:

Әсілі халықта «жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп тегін айтпаса керек. Адам өзі деңгейлес, өзінен жоғары адаммен жақын болса, өзі де рухани жағынан өсе бастайды. Сондықтан, рухани биіктегісі келген адам жүріп-тұрар ортасының өресіне мән бергені жөн, жақсымен жолдас болғаны абзал екен.” Ол осы сөзін өз өмірлік ұстанымы еткені “менің академиям қазақ өнерінің көжиегінде бірегей қолтаңбасын қалдырып, ірі тұлғасымен елге танылған майталман өнер иелері – Қазақстанның халық әртістері : Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Нұғыман Әбішев, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев сынды біртуар тұлғалар”. Осы  сөздерінен-ақ ол кісінің қазақтың дәстүрлі өнерінің қаймағынан қанып ішіп, мықты ұстаздардан тәлім алған бірегей  өнерпаз екенін білуге болады. Қажыбек Бекбосын жақын тұтқан өнердегі достарының талантынан өзгеше шабыт пен әсер алды. Тіпті, осы шабыты оған бұрын сонды қазақ өнерінде болмаған басқаша әндерді шығаруға үлкен септігін тигізген.

«Алтын қорға» 100 ән енгізген

Өнер факультетінің кафедра меңгерушісі, Қажыбек Бекбосынның шәкірті әрі әріптесі Әлімбай Ботақараевтан дәстүрлі әнші жайлы, оның өмірі мен өнері туралы аз-кем сұхбат алдық.

-Дәстүрлі әннің біртуары Бекбосын Қажыбек әндерінен қандай әсер аласыз?

­­­-Қажыбек Бекбосын Құдайбергенұлы дәстүрлі әнді дәріптеп, қазақты қазақ қылып көрсететін, дидары нұрлы, дауылпаз әнші. Оңтүстік өңірде мынадай бір сөз бар, “қаймағы бұзылмаған” деген сөздерге дәлел болатын дәстүрлі әнші өнердің қалыптасқан іргелі  салтын бұзбай сол қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Қажыбек Бекбосынның орындаған әндерінен қазақ болмысының  исі шығып тұрады. Нағыз қазақ деп кімді айтамыз?  Ешкімге бағынбайтын, өз мақсаты бар, мына кең дүниені өзіне бейімдей алған, кеңдікті сүйетін, өз ойы, ұстанымы  бар адамды нағыз Қазақ дейміз. Міне, осы мәртебеге лайықты талант иесі Қажыбек Бекбосын деп айтар едім. Қазіргі эстрададан бұрын қазақты ұлт ретінде  ерекшелейтін, қазақтың қазақ болуына ең үлкен септігін тигізген, қасиетті  қара домбырамен шырқалатын дәстүрлі ән, дәстүрлі күй өнерінің шоқтығы биік. Мәдениет министрлігіне қарасты Қазақ халқының  дәстүрлі әндерінің «Алтын қоры» бар. Қордың фонотекасында  1948 жылдан бастап 100 мыңнан астам фонограмма сақталған. Яғни, әні бар, күйі бар, жыр-дастандарын қоса санағанда  соншалықты мол қазына. Осы алтын қордың құрамында дәстүрлі әншінің орындауындағы 100 ән сақтаулы тұр. Сол алтын қорға осы уақытқа дейін ешбір әнші өзінің жүз әнін енгізбеген. Қажыбек Бекбосын 100 әнді «Алтын қорға» енгізген жалғыз адам. Дәстүрлі ән біздің болмысымызбен, табиғатымызбен, дәстүр-салтымызбен тікелей байланысқан біздің төл үніміз.Түпнұсқа өнер. Дәстүрлі өнерде жасандылық, синтез деген ұғым жоқ.  Қазақты қай жерде болсын осы дәстүрлі ән мен күй арқылы танитыны  белгілі.

­     -Саналы өмірінің барлығын бір өнерге арнаған дәстүрлі әншінің қай шығармаларымен таныссыз?

­     -Қажыбек Бекбосын киелі Жетісу өңірінің тумасы. Оның көп шырқайтын әндері Естайдың әні, қазақ сал-серілері Біржан, Ақан серінің әндері және қазақ сахнасында мүлдем шырқалмай кеткен “Қазақ жауынгері” атты ән болатын. Қажыбек ағай “Қазақ жауынгері” әнін шырқаған уақытта дене шымырлап, көзге жас үйірілетін. Ол осы  ән арқылы соғыс кезіндегі қазақ жауынгерін көз алдына елестетті. Дәстүрлі әннің кез-келгені ол үшін тансық болмайтын. Барлығын өз ырғағына салып, әуелете отырып, шырқады.

­    -Қажыбек Бекбосын сіз үшін кім және қандай адам?

­  -Қажыбек Бекбосын мен үшін қазақ сахнасындағы  қайталанбас, аңыз адам. “Алтынның қолда барда қадірі жоқ” демекші біз адамды тірі кезінде бағаламай жатамыз, өмірден озғаннан кейін ол туралы көп еске алып айта бастаймыз. Ал, Қажыбек ағай мен үшін өзіңдік ерекшелігі бар, асыл өнерден өз орнын тапқан, дәстүрлі мектебін қалыптастырған ұлы ұстаз. Барша қазақ халқына өз тәлім-тәрбиесі мен үлгі өнегесін бере білген ерекше талант иесі.

     -Қажыбек Бекбосын өнері сізге қандай қырларымен үлгі?

-Ол кісі ешкімге ұқсамайтын. Ұстазының берген тәрбиесін бұзбай сол қалпында сақтаған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы, өз ісінің кәсіби маманы болды. Дәстүрлі өнердің қандай мектебі болсын еш өзгеріссіз орындап келе жатқан ерекше орындаушы. Әннің ырғағы мен салтын бұзбай орындауы мен үшін үлкен үлгі болды. Ұстазы үйреткен әр дүниені сол қалпында өз шәкірттеріне жеткізген, ән өнерін одан әрі көркейткен ұлағатты ұстаз болды. Шетелдегі ең танымал дүниелерді шығарушы жұлдыздарды олардың туындыларынан ақ тануға болады. Олар біреу, қайталанбайды. Сол сияқты, Қажыбек Бекбосын да біреу, біртуар азамат.

Өнер үшін жанын берер ардақты тұлғаның әр орындаған әні біз үшін қайталанбайтын ғажайып. Қажыбек Бекбосын өзіңдік өнерін қалыптастырып қана қоймай, дәстүрлі әннің деңгейін асқақтатып, үлкен үлесін қосқан талант. Бойындағы өнерімен өміріне әр берген біртуар тұлға жас ұрпақ үшін нағыз үлгі болған тұлға. Тұлғалық қасиетін жоғалтпаған ізгі жан, асыл азамат, көрнекті, ұлағатты ұстаз.

Ұстазды ұлықта парыз.Сондықтан, біздер ізбасар шәкірттері есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылуы тиіс шынайы әрі нағыз ұлы өнердің өкілі ҚР халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосындай ғажап тұлғаға арнап Өнер факультетінен ол кісінің атына арнайы дәрісхана аштық.

Ұсатазды ұлықтау парыз

Еңбек жолын Құрманғазы оркестрінде өнер көрсетіп, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік оқу ордасының өнер факультетінде ұстаздық етумен жалғастырған. Құрманғазы оркестрінде ғұмырының сегіз жылын өткізген болса, осы оқу ордасында өмірінің соңғы жылдары қызмет етті. Екі ұжымда да  бойдағы сарқылмайтын өнерін халқына сыйлады. Әсіресе оқу ордасында өшпес із қалдырғанын дәстүрлі әнші тұлғасын бөлек кеңістіктен аңғара аламыз. Ол Қажыбек Бекбосынның жеке заттары орналасқан кішігірім мұражай секілді. Онда әншінің шапаны, ойнаған аспаптары мен оқыған кітаптары және өмірі жайлы барлық мағұлматтар сақталған. Кішігірім мұражай бүгінгі күні Халықаралық қазақ-түрік оқу ордасының өнер факультетінде орналасқан.

Алданыш ОЛЖАБАЕВА, 3 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы