ХИКМЕТТЕР ТАҚТАСЫ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

80 көрілім

Осыдан он бес жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы алдындағы Алматы алаңына сәулетті мәрмәр тастарға хикметтер қашалып жазылған тақталар орнатылған еді.

Қалаға келген туристер көріп, оқып рухани байлығын арттырсын деген ойдан туған әрекет қой. Оны сол кездегі Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев әр сенбілік сайын жудырып, жазулардың сыры кетсе боятып тұратын. Не керек осы бабамыздың хикметі жазылған тақталар кешегі облыс орталығы атанған кезде көзден ғайып болды.

Сонымен араға уақыт салып, 2022 жылдың көктемінде Ясауи бабамыздың хикметтерін сұрастырдық. Бірі «Жасыл Түркістан» мекемесінде, ендігісі «Түркістан су» ЖШС-нен сұраңыздар деп жөн сілтеген. Соңында «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тапсырылғанын естіп, көңілді жұбатқанбыз. Оны қайта орнатуға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де ниет білдірген екен. Келісім берілмеген?.. Осындай жайттарды баяндап 2022 жылдың 22 сәуірінде «Түркістан» газетінде «Парасат» саябағы сәулет өнерінің «моласына» айналған» атты мақала жарық көрген. Алғашында тақталар сонда апарылған ғой. Енді араға бес жылға тарта уақыт салып, аталмыш рухани маңызы зор тас тақталар өз орнына болмаса да сол маңға сап түзеуде. Жан жадыратқан жаңалықтың мәнісін сол кездегі іздеушілерінің бірі Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаевтан сұраған едік. Айтуынша Түркістан қалалық мәслихаты, аталған музей-қорығының ұжымы, қала әкімдігінің ұйытқы болуымен қасиетті айда іске асырылып отырған іс екеніне көз жеткіздік.

Арасында кей тақталар шытынап, күтімсіз қалған екен. Оларды қалпына келтіруді де ойластырып отырған сыңайлы бастамашылар. Мұндайда құнды дүниелерге жанашырлық танытып, руханиятқа жол ашып жатқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы