БІРТҰТАС ТӘРБИЕ – БАСТЫ БАҒЫТ

3  187 көрілім

Білім саласында елеулі жаңалықтар аз емес. 2023-2024 оқу жылының жартысы артта қалды. Осы орайда «еліміздің рухани астанасының мектептерінде нендей жаңалықтар бар? Білім беру саласының ахуалы қандай?» деген сауалдардың төңірегінде Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасовамен арадағы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Оразкүл Шайхықызы, өзіңізге белгілі, биылғы оқу жылы да өрмек жүзінен ауып барады. Киелі қаланың білім саласында қандай айрықша өзгерістер бар?

– Өзіңіз білесіз, білім саласы өте күрделі, өте нәзік, мол жауапкершілікті талап ететін сала. Себебі, қаншама ата-ана мыңдаған балаларын терең білім мен тәрбие алсын, өмір жолын қалыптастырсын деп бізге яғни педагогтарға тапсырады. Әр ата-ана өз перзентінің болашағынан үміт күтіп, ұстаз алдына алып келеді. Ал, одан әрі ол балаға біліммен қатар саналы тәрбие беру жауапкершілігі ұстаздар қауымына жүктеледі. Сондықтан да біздің алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі – әр балаға тиісті білім беруге лайықты жағдай жасау.

Өзіңіз айтқандай, 2023-2024 оқу жылының жартысы артта қалды. Жұмысымыз жүйелі, жоспарлы іске асып келеді. Алдымен Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бекітілген оқу жоспарын басшылыққа алып, жұмысымызды жүйелейміз, өз жоспарымызды жасаймыз. Биылғы басты өзгерістердің бірі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын айтар едім. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры десек, ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болатыны сөзсіз. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу біз үшін маңызды бағыт. Осы мақсатта жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарламаны іске асыру мақсатында жоспар құрылып, қаншама іс-шаралар өткізілуде. Мұндаңы мақсат – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.

– Жаңа қоғам – жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Соның бір көрінісі, әркім қалауына қарай балаларын жалпы білім беретін мемлекеттік немесе жеке мектепте оқытуда. Дегенмен, материалдық- техникалық базасы, білім негізі, кадр мәселесі ондаған жылдар бойы қалыптасқан мектептер мен жаңадан ашылған жарнамасы жарқырап тұрған жеке меншік мектептердің деңгейі бір-біріне тең келе ме?

– Дұрыс айтасыз, жаңа Қазақстанда шынайы бәсеке ғана жетістікке жеткізетініне тағы бір көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласында мемлекеттік мектептер саны 34 болса, жеке мектептеріміздің саны 39-ға жетті. Дегенмен, мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөліп қарамауымыз керек деп ойлаймын. Себебі, ол мектептердің барлығында оқып жатқан Түркістан қаласының балалары, яғни біздің балаларымыз. Оқу жоспарымыз да бірдей. Министрлік бекіткен оқу жоспары бойынша жұмыс жүргізіледі. Кәсіпкерлеріміз мектептер ашу арқылы білім саласының одан әрі дамуына, білім айдынында бәсекелестік қалыптастыру арқылы білім сапасын арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Ал, өз перзентін қай мектепке беру ата-ананың еншісіндегі шешім. Қай білім мекемесінде оқытамын десе де шешімді өзі қабылдайды.

Жеке мектеп ашуға рұқсат министрлік тарапынан беріледі. Айтпағым, алдын ала зерделеу барысында ашылатын мектептің барлық мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылады. Материалдық-техникалық базалары да талапқа сәйкес болса ғана мектеп ашуға мүмкіндік алады. Сондықтан жеке мектептерді мемлекеттік мектептермен бірдей демесем де, оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндіктері бар деп айта аламын. Мектептің «жүрегі» педагог болғандықтан кадр мәселесі де алдыңғы қатарға қойылады. Бұл орайда мәселе бар деп айта алмаймын.

– Олай дейтінім, жарнамасы жақсы жекеменшік білім ордаларымен бетпе-бет келген кезде материалдық-техникалық базасына байланысты кемшіліктерге тап боламыз. Кадр мәселесінде де жастар басым. Өмір тәжірибесін меңгерген ардагер ұстаздар аз. Бұл мәселеге көзқарасыңыз?

– Бүгінгі таңда өз жұмыстарын жүйелеп, тиісті дейгейде жұмыстарын атқарып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген мектептер баршылық. Ал, Сіз айтқан «көптеген кемшіліктерді» анықтайтын да, оны реттеуге ықпал ететін де тиісті мекемелер бар. Біздің жұмыс – жеке мектептердің педагогтарына қажет жағдайда әдістемелік көмегімізді беру.

Дұрыс айтасыз, қазірге жеке мектептердің басым бөлігінде жалындаған жастар. Өз идеясымен, білім-білігімен көрініп жатқан жас педагогтар аз емес. Дегенмен, тәжірибелі педагогтарымыз да жастармен тең жұмыс атқаруда. Тәжірибесі мол, айтары көп педагогтар зейнет жасында болса да жеке мектептердің шақыруымен жұмыстарын жалғастырып жатқандары бар. Мемлекеттік мектептерде жұмыс жасап жүріп, жеке мектептерде қосымша жұмыс атқарып жатқандар да өте көп. Яғни, ондағы балалармен қатар ұстаздар да өзіміздің түркістандық педагогтар. Жас буын мен тәжірибелі педагогтардың білім сапасын арттыру бағытындағы идеялары үйлесім тауып, лайықты нәтижеге қол жеткізіп отырғандары қуантады.

– Тағы бір орын алып отырған жағдай, бітіруші сынып оқушыларын жеке меншік мектепке ауыстыру көрінісі жиілеп отыр. Бұл- мемлекеттік мектепке сенімнің азаюы ма? Әлде басқаша себебі бар ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, қазір бәсекелестік заманы. Екіншіден, балаларын қай мектепте оқыту бойынша шешімді ыңғайына қарай ата-аналар қабылдайды. Дегенмен, мемлекеттік мектептерге сенім азайды деп айта алмаймын. Әркімнің жағдайы өзіне белгілі. Біреуге сол мектеп жақын болуы мүмкін, біреудің жақыны сол мектепте жұмыс жасауы мүмкін, біреу сол мектеп ұстаздарының біліктілігіне мән беруі мүмкін, біреуге жарқыраған жарнамасы ұнады дегендей. Тағы бір айтарым, бірқатар жеке мектептерде мамандандырылған мектептер сияқты пәндерді жекелей тереңдетіп оқыту қолға алынған. Яғни, оқушылардың таңдаған пәнінен қарай білімін тереңдетуге мүмкіндік жасайды. Бітіруші оқушылардың ауысып жатқандығы да сондықтан деп ойлаймын.

– Осындай бәсекелестік салдарынан жалпы білім беретін мектептердің, әсіресе, тоқсаныншы жылдары салынған мектептердің 8, 9, 10- сыныптарын оқушылармен қамту күн тәртібінде тұр. Мұғалімдер үй аралап оқушы жинауға мәжбүр. Оқушы аз болғасын, сағат та аз. Бұл жағынан жекеменшік мектептің артықшылықтары бар. Сіздің пікіріңіз?

– Керісінше, жеке мектептердің ашылғаны оң өзгеріске жағдай жасап жатыр деп айта аламын. Қазіргі таңда, әсіресе Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы қалада халық саны да күрт өсті. Осының салдарынан мектептерімізде орын тапшылығы да сезіле бастады. Онсыз да сыйымдылығы аз мектептер одан сайын орын тапшылығына тап болды. Жоғарыда айтқанымдай, әркім әртүрлі мақсатпен жеке мектептерге ауысып жатыр. Бұл біздің мектептегі тығыздылықты азайтуға мүмкіндік жасап отыр. Мысалы, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимараты 300 орынға арналған. Дегенмен, 1750 бала үш ауысымда білім алып келді. Сондықтан да апатты жағдайдағы ғимарат пайдаланылған. Осы аумақта ашылған «Арман-М school» мектебіне 650 бала ауысқаннан кейін апатты жағдайдағы ғимарат түгелдей жабылып, есептен шығарылды. Биылғы жылы мөлтек ауданның тығыз орналасқан бөлігінен де жеке мектеп ашылып, тағы 400-ден астам оқушы сол мектепке өтті. Екі мектепке де тек оқушы ғана емес, мұғалімдер де бірге ауысты. Мектеп басшылығымен тиісті келісімдер жүргізіліп, ауысқан мұғалімдерге тиісті жағдайлар жасалынды. Қазіргі таңда аталған мектептегі үш ауысымдылық толықтай жойылды. Бұл бір ғана мысал. Бірқатар мектептерде мәселе осылай шешіліп жатқан жағдайы бар. Бұл орайда біз жеке мектептермен ортақ пікір қалыптастырып, шешім қабылдау бағытында жұмыс жүргіземіз. Мектеп басшылығы да өз құзіретіндегі жұмыстарды өз деңгейінде атқарса, мәселенің ұшы да көрінбейді.

– Ұстаз – ұлы тұлға. Оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуы мұғалімдердің білім деңгейін көтеруге байланысты. Осы орайда білім бөлімі тарапынан қандай қадамдар жасалуда?

– Ұстаздардың білімі мен біліктілігін көтеріп отыру – әрқашан жоспарымыздың алдыңғы шебінде тұрады. Мұғалімнің кәсіби өсуі өздігінен білім жетілдірмесе, тоқырауға ұшырайды. Сондықтан заманауи мұғалім ешқашан ізденісті тоқтатпауы керек.

Бүгінде Түркістан қаласында 5200 педагог жұмыс атқарады. Олардың барлығы жоғары білімді мамандар. Педагогтар әр 5 жыл сайын өзі атқарып отырған мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіріп отыруы қажет. Біз бұл орайда «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтымен, Педагогтардың шеберлігін арттыру орталығымен тығыз байланысты жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда білімін жетілдіруді қажет ететін 300-ге тарта педагог бар. Олардың біліктілігін дер кезінде арттыру мақсатында облыстық білім басқармасы арқылы жоғарыда аталған қос институтқа сұраныс берілген. Жоспар бойынша мамыр айының соңына дейін барлық педагогтарымыз толық білімдерін жетілдіреді деп отырмыз.

– Көпшілікті үнемі толғандырып жүрген тағы бір мәселе – мектеп оқулықтарының сапасы. Жақында Түркістанда жазушы Ділдәгүл Нұрмаханбеттің «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік- көмекші оқу құралының таныстырылымы өтті. Сол кеште оқулықтар жайы кеңінен сөз болды. «Кейбір оқулықтарды бала түгіл ересектердің өзі түсіне алмайды»- дегенді де естіп жүрміз. Бұл қаншалықты шындық?

– Мектеп оқулықтары бірнеше сараптамалардан, яғни белгілі ғалымдардың қарауынан өтіп, министрліктің мақұлдауымен, оқу бағдарламасына сәйкестендіріліп басылады. Пән мұғалімдеріне де семинарларда, арнайы курстарда жаңадан басылған оқулықтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Жазушы Ділдәгүл Нұрмаханбеттің «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік-көмекші оқу құралының таныстырылымына да қатыстым. Бұл көмекші құралының да педагогтарымыз бен балаларымызға көмектесе алатындығына сенімдемін. Көмекші құрал талапқа сай жасақталған, айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдылары қалыптасқан.

Заман талабына сай оқу стандарты мен оқулықтар да жаңартылып отырылады. Дегенмен, білім беру стандарты жыл сайын өзгеріске ұшырамай, тұрақты білім стандарты қалыптасса қоғамда мұндай сұрақтар туындамайтын еді.

– Мектептерде қазіргі таңда «Жайлы мектеп» деген жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласындағы үш ауысымда оқитын мектептердің жағдайы қалай? Әлде ол мәселе түбегейлі шешімін тапты ма? Алдағы уақытта мектептер салу жоспарда бар ма?

– Алдымен үш ауысымдылық туралы айтайын. Бұл бізде бар мәселе. Бөлімге қарасты жалпы білім беретін мектептердің жобалық қуаты 26198 оқушыға арналған. Ол білім мекемелерінде екі ауысымда 47012 оқушы оқытылуда. Дегенмен, халық тығыз орналасқан аумақтардағы мектептерде яғни №2 Хамза, №23 Ж.Тәшенов, №14 Қазыбек би атындағы мектептерде оқушылар мектеп ғимаратының сыйымдылығына байланысты үш ауысымда оқытылып жатыр. Сонымен қатар, №15 М.Жұмабаев, №8 Н.Төреқұлов мектептері де үш ауысымға көшу қауіпінде тұр. Жоғарыда айтқанымдай, қаламыздағы Бірлік секторында ашылған «Арман M-School», «Бірлік» мектептеріне Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінен 1200 оқушы ауыстырылып, үш ауысымдылық жойылды. Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта пайдалануға берілсе, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебіндегі, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясындағы үш ауысымдылықты жоюға да мүмкіндік болары сөзсіз. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11100 оқушыға лайықталып салынатын 8 мектептің құрылыстары аяқталса, осы өзекті мәселенің шешілуіне оң ықпал етеді деп сеніп отырмыз.

2024-2025 жылдары Түркістан қаласында 8 «Жайлы мектеппен» қатар Баянауыл, Яссы мөлтекаудандарында мектептер салу жоспарланған. «Жайлы мектептердің» барлық құжаттары рәсімделіп, құрылыс басқармасы жұмыс жүргізуде.

– Біздің қаламызда жасөспірім балалар арасындағы кикілжің, әлімжеттік, топтасып төбелесу сияқты мәселелер жайы қандай? Бұл бағытта қандай тәлім-тәрбие жұмыстары атқарылуда? Қыздар тәрбиесінде олқы түсіп жатқан жақтарымыз жоқ па?

– Қылмысты болдырмау үшін алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз ету» тапсырмасына сәйкес, қаланың 34 мемлекеттік, 39 жекеменшік мектептер, 21 мемлекеттік, 110 жекеменшік балабақшалар 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Мектептердегі бейнебақылау камералары 2014-2022 жылдар аралығында орнатылған. 2023 жылы әр мектепке 1,4 млн теңгеден қаржы қаралып, қосымша бейнебақылау камералары сатып алынды.

2022 жылы 34 мектептің барлығына дабыл батырмалары орнатылды. Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Олар бұлтты сақтау технологиясымен жұмыс істеуге қабілетті. Сонымен қатар, 2023 жылы барлық мектептер кермелермен қамтылғанын да айта кеткен жөн. Бала қауіпсіздігін сақтауда кермелерді орнатудың маңызы зор. Сонымен қатар, жеке күзет агенттіктерімен келісім жасалынып, мектептер кәсіби күзетпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар бекер жасалынып жатқан жоқ. Бұл мектеп аумағында болатын әлімжеттіктің, құқықбұзушылықтың алдын алады. Сонымен қоса, тәрбие саласында бізбен қатар қала әкімдігі, Прокуратура, Полиция басқармасы да белсене жұмыстар атқаруда. Аталған құзырлы орган басшылары және жоғары сынып оқушыларының қатысуымен бірнеше басқосулар өткізілді. Ондағы мақсат – жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нашақорлықтың, маскүнемдіктің, қылмыстардың алдын алу. Онымен қоса, мектептерде құрылған «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» де жасөспірімдердің, Өзіңіз айтқан қыздарымыздың тәрбиесінде белсенді жұмыс атқаруда. Полиция басқармасымен бірге түнгі рейдтер ұйымдастырылып, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына ескерту жасалынуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қаламызда жасөспірімдер арасындағы қылмыс, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері едәуір азайды. Мысалы, 2022 жылы жасөспірімдер арасында 7 қылмыс орын алса, 2023 жылы 3 ұсақ қылмыс тіркелді. Бұл орайда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Төрт тоқсан, төрт өнер» Ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының тұжырымдамасы, «9 ай – 9 іс-шара» сияқты бағдарламаларының да оң әсер етіп жатқаны сөзсіз.

Тағы бір айта кетерлігі, бос адам ғана қылмысқа және басқа да жат әдеттерге барады. Сондықтан оқушыларды түрлі үйірмелерге тарту арқылы бос уақыттарын тиімді пайдалану қолға алынған. Осы мақсатта 6 қосымша білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Онда 133 үйірмеде 3904 оқушы қамтылып, бос уақытын тиімді пайдаланып келеді.

Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар оларды Отаншылдыққа, патриоттылыққа, сөз шеберлігіне, ой-өрісін дамытуға дебат клубтарының қосар үлесі де зор. Бөлімге қарасты 32 мектепте қосымша білім беру педагогтарының жетекшілігімен оқушылардың ой-өрісін жетілдіру мақсатында ақысыз үйірмелер, оның ішінде дебат клубтары ашылған.

– Оразкүл Шайхықызы, сөз қорытындысында өзіңізден сұхбат алып отырған Түркістанның бас басылымы «Түркістан» газетінің қаламыздың жалпы білім беретін білім ордаларына байланысты жаңа бір жобаны қолға алып жатқандығынан хабардар еткіміз келеді. Оның жоспары бойынша газетке әрбір білім ордасы жайлы мақалалар жарияланып, «Үздік мектеп», «Үздік мұғалім» деген сияқты түрлі атаумен жүлделер тағайындап, оқу жылының аяғында арнайы комиссия қорытындысын шығарса деген мақсатта отырмыз. Осы мәселеге көзқарасыңызды, ұсыныс-пікіріңізді білгіміз келеді?

– Бұл өте құптарлық бастама. Ұстаздар шығармашылыққа ең жақын жұмыс жасайтын, ақпарат құралдарымен үнемі тығыз байланыста болатын мамандық иелері. Ең көп газет оқитын, өз шығармашылық жұмыстарымен ақпарат құралдарының бетінен көрінетін де педагогтар қауымы. Сондықтан да бұл бастаманы қуана қолдаймын. Әрқашан сіздермен, Түркістан қаласының бас басылымымен бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендігімізді айтқым келеді.

– Тілегіңіз?

– Әрбір адам алдымен елдің тыныштығын сұрайтыны белгілі. Сол сияқты егемен еліміз – Қазақстанымыз тыныш, халқымыз аман, аспанымыз ашық болсын дегім келеді. Әрбір азаматтың атқарып жатқан қажырлы еңбектерінде оң нәтиже, қажыр-қайрат тілеймін. Себебі, әр мамандық иесі өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып, лайықты нәтижеге қол жеткізгенде ғана Қазақстан одан әрі дами түсетіндігі анық. Сіздерге де еңбектеріңізде шығармашылық табыс тілеймін.

– Оразкүл Шайхықызы, шынайы әңгімеңізге рахмет! Ұлу жылы сіздерге де ұлы істердің бастауы болғай!

Сұхбаттасқан:

Роза НАРЫМБЕТОВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы