«СТИПЕНДИЯСЫНА БИЛЕТ САТЫП АЛАТЫН СТУДЕНТТЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ»

555 көрілім

Ақ-Сұлтан Әнуарбек – Түркістан музыкалық драма театрының жас әртісі. Таланттымен жүректерге үміт ұялатып, қуанышқа бөлеп жүрген оның «Бөрте», «Келіндер көтерілісі» спектакльдеріндегі рөлдері көрерменнің таңданысын тудырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік жас актер» номинациясын иеленген Ақсұлтан Әнуарбекті әңгімеге тартып, театр өнері төңірегінде аз-кем сұхбаттасқан едік.

– «Келіндер көтерілісі» спектаклінде қандай рөлді сомдадыңыз? Бұл спектакль несімен ерекшеленеді?

– Онда мен Фармон бибінің бесінші баласы Кемелдің рөлін сомдадым. Бұл спектакльдің басты ерекшелігі – мұнда режиссер Дәурен Серғазиннің өзі спектакльдің әр инсценировкасын жасап, (инсценировка – әдеби шығарма негізінде қойылған пьесаны театр үшін қайта өңдеу) қазақы отбасына бейімдеу жасағаны ерекше айта кететін жәйт. Одан кейін, бұл шығарма алғаш рет Қазақстанда 1978 жылдары Әуезов театрында қойылған. Спектакльдің түпнұсқасы өзбек тілінде болғандықтан барлығы оны өзбек халқының киімдермен, өзбекше әуендермен қояды. Біздегі ерекшелік – таза қазақи отбасы суреттелген. Бірақ, мейлінше оңтүстіктің отбасы қылып алғаннан кейін оңтүстік жақтағы актуальды әзілдері қолданылды. Блогер секілді заманауи кейіпкерлер қосылды. Жалпы, осындай өзгерістерге ұшыра-ды. Көрермендер әлеуметтік желіде осы туралы жарыса жазып, фото, видеоларын бөлісіп жатыр. Көрермен жақсы қабылдады. Сол себептен де көрерменнің көңілінен орын ала білген спектакль болды деп есептеймін.

– Үлкен сахнадағы алғашқы қойылымыңыз есіңізде ме? Сіз үшін қандай әсер қалдырды?

– Айтсам сенбессіз, бірақ мен осыдан 7 жыл бұрын 2016 жылы оқуды тәмамдап, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театрында қызметке кіргенде ең алғашқы спектаклім осы «Келіндер көтерілісі» болған. Бірақ, ол жерде тілші рөлін сомдаған болатынмын. Алғаш сахна көріп тұрғандықтан кішкене комедиядан бастадым. Ол кезде алған әсерімді айтып жеткізе алмайсың. Өйткені, бірінші рет жасап тұрғандықтан «мен осындай нәрсе жасадым ба?» деп шок болдым.

– Сіздің ойыңызша, жастардың спектакльге деген көзқарасы қандай? Жастар теартрға бармайды деген пікірді жиі естиміз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Ондай пікірді біз де жиі еститінбіз. Бірақ, қазір Қазақстандағы театрлар репертуарларымен біраз жұмыс істеді. Жастардың талабына сай талай спектакльдер бар. Кей спектакльдерді, мысалы, тарихи драманы да жастар түсінетіндей қылып, мейлінше көрерменнің көңіліне қарап қойып жатыр. Қазір ХХІ ғасырда тикток, инстаграм әлеуметтік желілері қарқынды дамығаннан кейін театрдағы СММ мамандары спектакльдің жақсы бір үзінділерін желіге салғанынан көрермендердің қарасы қалың болып жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Спектакльдің бір моментін салып жіберсе «бұл қойылым қайда болады? билеті қаншадан?» деген сияқты сауалдар көбейіп кетеді. Оның арасында әрине жастар бар. Керісінше, жастар қолы босап жатса театрға келіп жүргенін көреміз. Бұрындары студент-терді осыған бару керек деп қинап әке-летін болса, қазір өздерінің шәкіртақы-ларынан алған қаражатқа өздері билет алып, спектакльдерге келіп жүр. Адам-да таңдау деген нәрсе бар. Мысалы, бір спектакльге барып, одан алған әсері ұнамай қалса келесі бір жақсы қойы-лымға келуі мүмкін. Ал, алғаш көрген қойылымынан керемет әсер алса театр-ға деген қызығушылығы оянып, жиі келуді әдетке айналдыратын болады.

– Театрда күлкілі жағдайлар жиі бола ма? Есіңізде қалған бірін айтып бере аласыз ба?

– Театрдағы процестің барлығында қызықты жағдайлар болады. Кейде спектакль барысында партнерің немесе өзің текстті ұмытып қаласың. Сол кезде импровизацияға жол бересің. Импровизация жасаған кезде ол адамға күлкі шақыруы мүмкін. Дәл қазір басымнан өткен күлкілі сәттер есіме түспей тұр. Көбінесе, күлкілі жәйттар сөзін ұмытып, қателесіп қалу секілді сәттердегі адамның амал-айласы ғой.

– Қандай рөлді ойнау жаныңызға жақын?

– Актер болғаннан кейін ұнаған кез-келген рөлді ойнағың келеді. Менің тәжірибемде комедиялық рөлдер көп болған екен. Ал, Түркістанға келгенде керісінше батырлардың, махаббат оқиғасындағы ғашық жігіттің рөлдерін ойнап, басқа тұлға ретінде дамып жатырмын. Жалпы, кез-келген рөлді ойнай бергім келеді. Ойнау мен оны өз деңгейінде алып шығу, жаңа кейіпкерді дүниеге әкелу бөлек. Мейлінше, әр кейіпкерім бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік айтар ойы бар кейіпкерлер болса екен деп тілеймін.

– Болашақ актерлерге қандай кеңес бересіз?

– Біріншіден, өзіңнің еңбегіңнің арқасында табысқа жетесің. Мейлінше ұстаздардан білім алғаннан кейін әрі қарай сен өзіңе өзің ғана көмекші боласың. Сондықтан да ең бірінші – еңбек, талмай, ізденіс. Тек бір мұғалімнің берген білімімен шектелмеу қажет. Қазір заман дамып жатқандықтан театр өнері де дамиды. Олардың жүйелері ескі қалыпта демесек те театр өнеріне жаңа дүниелер келіп жатқаннан кейін әрқашан ізденісте болу керек.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет. Алар асуыңыз, шығар белестеріңіз көп болсын!

Әңгімелескен:

Гүлжан НИЯЗОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы