Қазақ ұлты – тарихы ұзақ, сан ғасырды бастан кешіру барысында өзінің баға жетпес шұғылалы мәдениетін жаратқан өркениетті халықтардың бірі. Қай халық болсын оның тарихы мен мәдениеті қатар өмір сүреді. Мәдениет танушылардың бірі Г.Иогай «Мәдениет – өркениеттің жаны» десе, Страбон «Өркениет – қалалық мәдениет», – дейді. Кімде-кім өз отанының тарихын немесе мәдениетін білемін, қорғаймын десе, ең алдымен ғұлама тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлтыңды сақтаймын десең тіліңді сақта, салтыңа тоқта» деген қанатты сөзін есінде берік сақтауы керек.
Мәдениет туралы ғалымдар мен мамандар түрліше анықтама айтып келеді. Толықсыз санаққа қарағанда, шетелдің білікті мамандарының мәдениет туралы анықтамаларының өзі 200-ден асады екен. Мамандар мәдениет жөнінде мынандай ортақ танымға келген: «Адамзат қоғамы даму барысында жаратқан заттық байлық пен рухани байлықтың жиынтығы» («Жағрафия», толық күндік орта мектеп оқулығы, Шыңжаң оқу-ағарту баспасы, 2004 жылы маусым, 58-бет).
Қазақ халқының мәдениеті – дүние мәдениетінің бір бөлшегі. Халқымыздың арғы тегін қалыптастырған ежелгі сақтар сонау есте жоқ ескі замандарда жылқы, сиыр, қой секілді малдарды өсіріп және егіншілікпен шұғылданып, екі, төрт, алты дөңгелекті арбалар жасап, көші-қонға пайдаланғаны тарихи материалдарда жазылған.
Аумалы-төкпелі замандарда өмір сүр-ген ата-бабаларымыз дала мәдениеті мен қала мәдениеті ұштасқан таңғажайып озық өркениет жаратқан. «Біздің заманымызға дейін жеткен қазақтың “Сары өзен” күйі ең ескі музыкалық шығарма болса керек. Ғұндар (қазақтардың және түркі халықтарының ата-бабалары) о баста қазіргі Қытай жерінде тұрған. Олар 2300 жыл бұрын Сары өзен – Хуаңхының жағлауын мекендеп, балық аулап күн көрген. Жермен айналысып, кемелер құрастырған, сауда жасаған. Ғұндар өздерінің тарихи отанынан ығыстырылғаннан кейін, туған жерге деген сағыныш “Сары өзен” күйін тудырған» (Еренғайып Сәлімұлы Омаров, «Қазақ өркениеті», Ұлттар баспасы, 2008 жылы қараша, 20-бет). Ата-бабаларымыз жаратқан міне осындай ұлы мәдениет талай-талай халық пен елді тамсандырып, таңдай қақтырған еді.
Ал енді мақаламыздың негізгі арқауы болған қазақтың дәстүрлі этнография мәдениеті туралы сөз қозғайық.
Этнография – гректің этнос (тайпа, халық), графия(жазамын) деген сөзінен шыққан. Ол тайпалар мен халықтардың арғы тегі мен қалыптасу тарихын зерттейтін ғылым. Кең мағынадан айтқанда этнография – бүкіл бір халықтың салт-дәстүрін, ғұрып-әдеттерін, ырымдар мен тыйымдарын, әдебиет-көркемөнерін, шежіресін, саяси, экономикалық, қоғамдық шаруашылығы секілді көп саланы зерттейді. Нақтылап айтқанда, этнография тұтас бір ұлтты тану ғылымы болып табылады. Этнография ғылымы тіл, әдебиет, дін, философия, математика, химия, физика, биология, жағрапия, тарих, заң, шипагерлік қатарлы толып жатқан пәндермен сабақтасып жатқан сүбелі ғылымдардың бірі. Қазақ этнографиясының арнасы кең, бір ұлттың заттық, рухани мәдениетінің жетістіктерін, өзіне тән бөгенайы бөлек ұлттық ерекшеліктерін жан-жақтылы зерттеуді өзінің басты нысанасы етеді.
Ғылымға жүгінер болсақ «Этнография – белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетін өткен замандағы, бүгінгі дәуірдегі тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын, мәдениет өзгешеліктерін, тарихын, тілін, тағы басқа жақтарын зерттейтін ғылым» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»,10- том,686-бет) деген анықтама жйі айтылып жүр.
Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Ата-бабаларымыз «Бесігіңді сатпа, салтыңды сақта», «Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа» деп ұрпақтарына ұлағатты тәрбие жүргізіп отырған. Қазақ халқының бай салт-дәстүріне ерекше назар аударған орыс ғалымы Григорий Потанин: «Қазақтар – еті тірі, дені салауатты, өмірге іңкәр халық. Олар сауық-сайранды жаны сүйеді, ашық түсті киім-кешекті, өмірінде мереке, той-думандарды ұнатады. Актерлік өнер мен сәнді жасану жақтары Қазақтардың бойына атаққұмарлық нышанын дәріптеуі ықтимал. Мұның өзі оларды франсуздарға ұқсататын секілді. Афиндықтар тәрізді қазақтар жаңалықты әдеттен тыс ұнатады. Мейлі дала құнарының қаңқасы кеуіп қалсада, мейлі табиғат шүлейтке төнген қатерге қарсы күресте дәрменсіз болсада, қазақ өмірі үшін халықтың рухани қантамырында күш-жігердің көл-көсір қайнар көзі бар, тек қазақтардың өздері осы қайнардан теріс айналмаса болғаны», – деп тебірене жазыпты.
Мамандар қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттейтін этнография ғылымын мынандай бес үлкен салаға бөліп жіктейді: халықтық таным, халықтық салт-дәстүр, халықтық өнер, халықтық ұғым, халықтық әдебиет-көркемөнер. Мұның ішінде халықтық салт-дәстүр мәдениеті – Қазақ этнография ғылымында арнасы кең, шарпитын көлемі үлкен, кесек салалардың бірі.
Халқымыздың бала тәрбиелеудегі салт-дәстүрлері
Қазақ халқы бала тәрбиелеуге ерекше мән берген ұлт. Ата-бабаларымыз «Бала – бақыт», «Бала – баршаға ортақ мұра», «Бала – адамның бауыр еті», «Бала – адам өмірінің жалғасы», «Бала – адам өмірінің өркені», «Бала – болашақ», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды», «Баланы жастан, әйелді бастан», «Әкеге қарай ұл, шешеге қарай қыз өсер», «Оқыған бала – оқтаулы мылтық» сияқты қыруар мақал-мәтелдер шығарып, баланы бақыттың нышаны деп білген.
Халқымыздың бала тәрбиелеу танымы ұзақ уақыттық өмір тәжірибесінен қалыптасып, сан ғасырғы тұрмыс сынағынан өткен. Халқымызда «Маңдайы кең, көз жанары отты, құлағы үлкен баланы білікті, парасатты адам болады», «Баланы маңдайынан қақпайды, бір адамның бақ пен соры оның маңдайына жазулы болады, маңдайға ұрса бақ қашады», «Бала емізіп отырған әйелге қарамайды», «Бейуақта баланың киімін далаға жаймайды», «Бала ойнап жер қазса жаман болады», «Бала шешен болсын деп таңдай жегізеді» қатарлы қыруар ырымдар мен тыйымдар болған.
Қазақтың салт-дәстүріне зер салар болсақ көбісі бала тәрбиелеуге қатысты болып келеді. Сол үшін қазақ халқы баланы ана құрсағы кезінен бастап күтімге алып қастерлейді, баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгенде «Бауы берік болсын», «Өмір жасы ұзақ болсын» деп тілек айтады. Бұрын сәбиге көз тимесін деген мақсатпен әжесі немесе анасы сәбидің бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізіп қоятын ырымдар жасайды екен.
Халқымызда нәресте дүниеге келгеннен кейін өткізілетін кіндік кесу, шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, бесік жырын үйрету қатарлы толып жатқан ырымдар мен салт-дәстүр жырлары бар. Бала қаз-қаз басып жүргеннен бастап ержеткенге дейін тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа мінгізу, тоқым қағу, ататегін үйрету, амандасу, тән тазалығы, ар тазалығы секілді тәрбиелік маңызы зор салт-дәстүрлерді үйрету арқылы әдептілікке, адамгершілікке баулиды. Сол үшін ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Үлкен алдында жас қарызы, ата-алдында бала қарызы – әдеп пен сыйы» деген екен.
Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз санамайды, аққан жұлдызға қарамайды»» деген ырымдар мен тыйымдар көп болған. Осындай ырымдар мен тыйымдарды да халқымыз балаларға жалықпай үйретіп, себебін түсіндіріп отырған.
Жұлдыздар туралы таным-сенімдер түркі текті халықтарға ортақ жалпыласқан. Соның ішінде қазақтар жұлдызды киелі санаған. Халқымыздың ертеден қалған көкке (Аспан әлеміне), жер-суға, хайуанаттарға, ата-бабалардың аруағына сыйыну қазірге дейін жалғасып келеді. Халық өз тұрмыс-тіршілігіне қарай айды да киелі санап, оған табынып, сыйынып келген. Қазақ баталарында «Айың оңыңнан тусын», «Айдан ақ, күннен сұлу бол», – деп тілек жасаса, қара ниет, жауыз адамдарға «Бетің айдай болғыр», «Күнше бат», – деп қарғыс жаудырады. Халқымыз жаңа туылған айға қарап бұл ай жауыншыл немесе ашық болады екен деп, ауа райы туралы болжам жасап отырған.
Халықтық таным-сенімдерге байланысты отқа, күнге, айға, көк бөріге, аққуға табыну қатарлы ырымдар күнделікті салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен. Мысалы: бесікті отпен аластау, көк бөрінің асығын тұмар етіп асып алу, тасаттық беріп, жаңбыр тілеу, аққу, үкінің қауырсынын нәрестелердің бесігінің басына, қыздардың тақиясының төбесіне тағу, садақа беру, қарлығаштың ұясын бұзбау, құстың жұмыртқасын шақпау, көкті жұлмау, туыс-туғандар арасында мысық бермеу, аманатқа қиянат жасамау, тағы басқа толып жатқан таным-сенімге байланысты ырымдар мен тыйымдардың кейбірі салт-дәстүрімізге айналып кетті. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұрын қазақта 200 жүзден астам тыю заңы болған. Міне, бұлардың көп сандысы балалар тәрбиесіне байланысты екен.
Қазақ балаларына байланысты салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиелеудегі маңызының зор екенін байқаған халық батыры, әдебиетші Бауыржан Момышұлының: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертек айтып бере аймайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, бойына дәстүр сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген сөзі ата дәстүрді ардақтайтын әрқандай ұлтжанды адамды ойландырмай қоймайды.