Түркістан облысының тұрғындары! Назарларыңызға дін мен дәстүр тақыыбындағы ақпараттық мақаларды ұсынып отырмыз. Бүгінгі таңда салт-санамыздың жаңғыруы мен жаңаруы дәстүріміздің жаңғыруына тікелей байланысты. Дін мен дәстүр егіз тармақ болған соң, арнайы дін өкілдерінің дайындаған мақаласынан осы екі қазынаның бір-бірімен біте қайнасқан тұстарын оқи аласыздар.
Ер баланы сүндеттеу. Қазақ халқында ер баланы үш, бес, жеті не тоғыз жасында «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің» деп сүндетке отырғызып, сүндет той жасау дәстүрге айналған. «Сүндет» деп аты айтып тұрғанындай бұл рәсім ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен бастау алады. Бұл дәстүр Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан ханифтік діннің рәмізі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْفِطْرَةُ خَمْسٌ – أَوْ خَمْسٌ مِنْ الْفِطْرَةِ: الْخِتَانُ ، وَالاسْتِحْدَادُ ، وَتَقْلِيمُ الأظْفَارِ ، وَنَتْفُ الإبِطِ ، وَقَصُّ الشَّارِبِ
«Бес нәрсе фитра саналады: (ер баланы) сүндеттеу, кіндік астындағы түкті қыру, тырнақ алу, қолтықтың түгін кетуіру және мұртты басу», – деген (имам Бұхари).
- Жатарда ыдыстардың бетін жабу. Халқымызда түнде тағамның беті ашық қалмауы тиіс деген ұғым бар. Аналарымыз ыдыстың бетін жабатын қақпағы болмай қалған жағдайда бетіне «Бисмиллә» деп жіңішке ағаш сияқты нәрсені көлденең қоятын. Бұл істің де дінімізде негізі бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ыдыстарыңның бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын», – деген (имам Муслим)
Мұқият зер салып қарайтын болсақ, отау құрғанда некенің қиылуы, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік таныту, адам дүниеден өткенде жасалатын рәміздер сияқты тіршілігімізбен етене араласып кеткен дәстүрлеріміздің барлығы асыл дінімізден бастау алып, ұштасып жатқандығын байқауымызға болады.
Екінші: Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейінгі салт-дәстүрлердің дінге қайшы келмегеніне тыйым салмаған.
Ислам діні әлемдік дін болғандықтан ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрлерін сақтай отыра ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خُذِي مِنْ مَالِهِ بِالْمَعْرُوفِ مَا يَكْفِيكِ أنْتِ وَوَلَدَكِ
«Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!», – деп жауап берді» (имам Бұхари, имам Муслим).
Бұл хадиске қатысты Имам Нәуәуи Сахих Муслим кітабына түсініктеме бергенінде: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп айтқан.
Сол сияқты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген қоғамда Исламға дейін «Жиуар» делінген әдет-ғұрып болатын. Ол бойынша пана сұрап, жан сауғалап келген адам қылмыс жасаған кісі болса да оны қорғау абыройлы іс деп танылатын. Ал пана сұрап келген адамды қорғай алмау абыройсыздыққа баланды. Өйткені, пананы тек абыройлы және күш-қуаты бар әулеттен сұрайды. Бұл әдет-ғұрыпты орындамау бүтін әулеттің сүйегіне қара таңба болып саналатын. Сондықтан, ағайын-туыс боп пана сұрап келген адамды қолына қару-жарақ алып та қорғаған кездер болды. Ислам келген соң, бұл әдет-ғұрыптың жақсы тұсын сақтап, адамилыққа қайшы жақтарын жойды. Яғни, қылмыскер немесе залымға қорған болуға тыйым салынды. Тіпті, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырыңа залым болса да, зұлымдық көрсе де жәрдем бер», – деген. Сонда бір кісі: «Уа, Алла елшісі! зұлымдық көрсе жәрдем беремін, алайда залым адамға қалай жәрдем бермекпін?» – деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оны зұлымдық жасауына жол берме, міне бұл сенің оған жәрдемің болмақ», – дейді (имам Бұхари).
Қисса
Әбу Талибтің қызы Уммә Һани Ислам дінін қабылдамай тұрып ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктердің қорлауынан үнемі қорғап жүретін. Үмму Һани Мекке азат етілген күні мұсылман болды. Бұл күні адамдар лек-легімен мұсылман боп жатты. Бәну Махзум руынан екі адам Үмму Һанидің үйіне қашып келіп, жан сауғалады. Олардың ізінше Әли келіп, оларды жазаламақшы болды. Алайда қарындасы ол кісілерге қорған болатындығын жеткізді. Себебі, «Жиуар» деген аталған әдет-ғұрыпты орындау мәртебелі іс саналатын. Кейін болған оқиғаның мән-жайын сұрамақ болып Үмму Һәни ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Һаниді: «Уа, Үмму Һани! Қош келдің!» – деп қарсы алады. Үмму Һани: «Уа, Алла елшісі! Мен қайын жұртымнан екі кісіге қауіпсіздік уәде етіп, қорған болдым. Алайда, Әли оларды жазалмақшы», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен қорған болған адамдарға біз де қорған болдық, уа, Умму Һани», – деді (имам Бұхари).
Демек, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөздерімен жаһилиет дәуірінен бері келе жатқан «Жиуар» әдет-ғұрпын Исламға қайшы емес екенін айтуда.
Үшінші: Әдет-ғұрып кей мәселелерде шариғи дәлел ретінде қарастырылады.
Біздің ата-бабаларымыз сан ғасырдан берді ұстанып келе жатқан ханафи мазһабы келесі негіздерге сүйенеді:
- Құран кәрім. Ханафи мәзһабында Құран кәрім ең бірінші Исламның қайнар көзі.
- Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Имам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша сүннет бір деңгейде емес. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаули (сөз) арқылы жеткен сүннеті әрекет арқылы жеткен фиғли (іс-әрекетпен) сүнеттен үстемірек, өйткені фиғли сүннеттер тек Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты болуы мүмкін. Ахад хадиске мутауатир хадис қайшы келсе, онымен амал жасалынбайды. Сол секілді Құран мен хадистерден алынған шариғи қағидаларға хадис ахад қарама-қайшы келсе, негізге алынбайды.
- Ижмағ. Бұл ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін белгілі бір уақытта мужтаһид ғалымдардың бір шариғи үкімде келісуі.
- Қияс. Ислам фиқһында кең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Мұсылман ғалымдарының арасында қияс Құран, Сүннет және ижмағтан кейінгі орын алады.
- Истихсан. Жоғарыдағы негіздерде үкім табылмаса истихсан үкімі жүреді. Бұл бір затты екінші заттан қарағанда жақсы деп тану немесе бір мәселеде келген дәледердің арасынан күштірегін таңдау.
- Әдет-ғұрып. Ханафи мазһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятындағы:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты алға тартқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ حَسَنٌ، وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّئٌ
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деген (имам Ахмад).
Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл
алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:
– Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
– Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
– Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
Қадірменді жамағат!
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни
дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады.
Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз.
Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
