ТҮРКІСТАН: БАЛА АСЫРАП АЛУ ДӘСТҮРІ ҚАЛАЙ ЖАСАЛҒАН?

215 көрілім

Бала асырап алушы отағасының әйелі үлкен бәйбішенің көйлегін киіз үйдің оң жағына ұзынынан тастайды. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп етегінен шығады.

Бала асырап алу дәстүрі атам қазақ заманында өте жиі кездеседі. Оған негізгі себеп елдің басындағы жаугершілік, қоғамда үстем болып отырған туысқандық байланыстар жүйесі, ата баласы ру-тайпа ішіндегі адам саны көп болсын деген мүдде, себебі сан кейін сапа туғызады. Қазақ шежіресінің ұзын-ырғасы осындай асырап алу оқиғаларын жиі баяндайды. Қазіргі қазақ ру-тайпаларының көпшілігі белгілі бір тарихи кезеңде бір-бірімен саяси және шаруашылық мүдденің ортақтығы жақындастырған қауым деп есептеуге болады. 

Біздің әкімшілік-территориялық құрылым, яғни аудан, облыс деп жүргенімізді байырғы заманда ру-тайпа ұғымдары алмастырыған. Бала асырап алуға мүдделі қазақ ешкімді де бөтенсінбейді ағайын-туыстың баласы, алыс жамағайын, қолға түскен тұтқын, ат арқасына мінгесіп келген олжа, панасыз қалған жетім бәрі де қазақ ішінде егер пысық, еті тірі болса өз орнын, яғни әкесі мен шешесін тауып кетеді. Бала асырап алатын адам алдымен ауыл ақсақалдарына ақылдасады, батасын алады. Содан кейін ауыл-елді жиып, бір қойын сойып қазан көтереді. Осы тойдың үстінде баланың қолына қойдың, не жылқының ортан жілігін ұстатып үйге кереге астынан кіргізеді. Ол үшін бірнеше қарулы жігіт киіз үйді аздап көтереді, сол саңылаудан бала үйге еңбектеп кіреді. 

«Ортан жілік ұстады ма екен ?» деген сөз осыған байланысты қалған, ол жілікті ұстаған бала әкеден қалған жан мен малға мұрагер есепті. Егер баланы ауыл-аймақ түгел мойындасын десе отағасы маңайындағы ата баласын түгел шақырады. Сол ата баласының ішіндегі үлкен бір бәйбішенің көйлегін дайындайды. Бала сырттан киіз үйдің ішіне еңбектеп кірген соң екінші бір ғұрып жасалады. Бала асырап алушы отағасының әйелі үлкен бәйбішенің көйлегін киіз үйдің оң жағына ұзынынан тастайды. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп етегінен шығады. Бұл ишара бала сол бәйбішенің ішінен шықты дегенмен бірдей. Асырап алған баланы осыған байланысты «киімді ұл» деп атайды және бәйбішенің бауырынан тарағанның бәрі оны бірге туған туысындай қабылдайды. Егер отағасы және ауыл ақсақалдары тұтас ру осы баланы жатсынбасын десе, артық сөз айтылмасын десе ру басы көсем-билерге осы шешімді хабарлайды. Осыған байланысты ру көсемі бастап жиналған қалың елдің алдында үшінші бір ғұрып өткізіледі. 

Ол ауыл-аймаққа аты белгілі бес береке атанып жүрген үлкен бәйбішелердің отыз-қырығы тізіліп тұра қалып, асырап алынатын бала аяқтарының арасынан еңбектеп өтеді. Енді ол осы елдің баласы, ешкім бөтенсімейді деген ишара. Қырық бәйбішеден тараған ұрпақ оны енді тұмсықтыға шоқыттырмайды, қанаттыға қақтырмайды. Ол да өз кезегінде өзінің ағайындары үшін жанын беруге дайын тұрады. 

Ал бүгінгі заманда Қазақстанның Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 84-бабына сәйкес олардың жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:

  • қайтыс болған;
  • баладан бас тартқан;
  • ата-ана құқықтарынан айырылған және олар қалпына келтірілмеген;
  • туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;
  • сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
  • белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.

Тууы дұрыс тіркелген кәмелетке толмаған балаларды ғана асырап алуға болады. Сондай-ақ бала асырап алуды баланың толыққанды физикалық, психикалық, рухани және моральдық дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін ескере отырып, олардың мүдделері үшін ғана жүзеге асыруға болатындығын есте ұстаған жөн. Бұл баланың жасын, жетілу дәрежесін және бала асырап алуға келісімін ескереді.

Бұл ретте, егер ата-анасы баладан бас тартса, туыстары оны азаматтығына және тұрғылықты жеріне қарамастан асырап ала алады.

Әр түрлі отбасыларға бауырларын асырап алуға болмайды. Бұл жағдайда бала асырап алу, егер балалар өздерінің туыстық қатынастары туралы білмесе, бірге тұрмаса немесе тәрбиеленбесе ғана мүмкін болады.

Қазақстан Республикасында жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі (бұдан әрі – республикалық деректер банкі) енгізілді.

Бала асырап алушының отбасында баланың қалыпты физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін жағдайлар болған кезде бала асырап алуға рұқсат етіледі. Төменде келтірілген адамдардың тізімін қоспағанда, кәмелетке толған адамдар асырап алушылар бола алады. Жас айырмашылығы туралы да ұмытпаңыз. Бала асырап алушы мен асырап алынған баланың жас айырмашылығы кем дегенде 16 жаста болуы керек. Сот дәлелді деп таныған себептерге байланысты жас айырмашылығын азайтуға болады. 

 «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 89-бабының 2-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес қағидалар әзірленіп,  Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдарды (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) есепке алу тәртібі айқындалды (ҚР БҒМ 2016 жылғы 29 маусымдағы № 407 бұйрығымен бекітілген).

Азаматтарды есепке алуды Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жүргізеді.

Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы көрсетілетін қызметті берушіге «бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде көзделген құжаттарды қоса бере отырып, бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою туралы өтініш береді.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі:

  1. көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ қойылған немесе көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс операторы берген абоненттік нөмірі порталдың есептік жазбасына тіркелген және қосылған кезде бір реттік парольмен куәландырылған электрондық құжат нысанында бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою туралы өтініш;
  2. жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімінің электрондық көшірмесі;
  3. жиынтық табыстың мөлшері туралы анықтаманың электрондық көшірмесі (жұмыс орнынан еңбекақысы туралы, Кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен табыстары және некеде тұрған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мен жұбайының (зайыбының) өзге де табыстары туралы анықтама);
  4. көрсетілетін қызметті алушының және егер некеде тұрса жұбайының (зайыбының) «Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген тізбеге сәйкес ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтаманың, сондай-ақ «Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен бекітілген нысанға сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі;
  5. көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) тұрғын үйін пайдалану құқығын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (тұрғын үйге меншік құқығы болмаған жағдайда);
  6. жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың психологиялық дайындықтан өткені туралы сертификаттың (жақын туыстарын қоспағанда) электрондық көшірмесі.

Кодекстің 97-бабына сәйкес асырап алынған баланың аты, әкесінің аты (бар болса) және тегі сақталуы мүмкін.

Асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған балаға, егер бұл баланың мүдделеріне қайшы келмесе, асырап алушының тегі, сондай-ақ ол көрсеткен есім беріледі. Асырап алынған баланың әкесінің аты, егер асырап алушы ер адам болса, асырап алушының аты – жөні, ал некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әйел бала асырап алған кезде-Кодекстің 192-бабына сәйкес асырап алынған баланың әкесі ретінде өзі көрсеткен адамның аты-жөні бойынша айқындалады.

Егер асырап алушы ерлі-зайыптылардың тегі әртүрлі болса, асырап алушы ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша асырап алынған балаға олардың біреуінің тегі беріледі.

Некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) адам бала асырап алған кезде оның өтініші бойынша асырап алынған баланың әкесінің (анасының) аты, әкесінің аты және Тегі Бала асырап алушының нұсқауы бойынша тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына жазылады. Бала асырап алушының қалауы бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмеуі мүмкін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы