ТҮРКІСТАН: АТА-БАБА ДӘСТҮРІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

290 көрілім

Ырымды ата-бабамыз бұрыннан ұстанған дейміз-ау. Бірақ ырымның да жөн-жосығы болған. Мәселен, шешен болсын деп аузына түкіру, белгілі тұлғаларға ұқсасын деп сарқытын алу, не оның атын қою секілді әдемі ырымдар жетерлік.

Ал қазіргі ырымдар қырым кеткен секілді. Өйткені қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, небір есіңнен тандырарлықтай, адамның ойына келмейтін ырымдар толып жүр. Солардың бірқатарын мысалға келтіретін болсақ, кеше ғана кішкентай сәбидің басына күріш сепкендердің видеосы пайда болды. Мұны баланың тісі ауырмай, тез шықсын деген мақсатта жасаған-мыс. Бейнежазбада «Тісің берекелі болсын! Тек адал заттардан жеуді нәсіп етсін. Тістерің ауыртпай шықсын» дейді ырымды жасап жатқан әйел. Сондай-ақ тағы бір бейнежазбада жаңа түскен келін тез құрсақ көтерсін деп басынан жаңа сойылған қойдың ішегімен ұрғылап жатқанды да көрдік. Ол ештеңе емес қой, күйеу жігітті жеңгелері екі қолтығынан демеп, сәлем беріп тұрған салт та көпшіліктің шамына тиді. Елдің ішінде кең етек алып бара жатқан ырымдар туралы этнографтардан сұрағанымызда,  олар мұндай ырымдар мен салт-дәстүрлердің бұрын-соңды болмағанын, әрі дарақылық екенін айтты.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы:  «Жалпы халық ішінде қайдағы салт-дәстүрлер пайда болып жүр. Соның ішінде күйеу баланың сәлем салады дегенін көрген де, естіген де жоқпыз. Пайғамбар да күйеу баласын сыйлап, төрге отырғызбаса да, сыбағасы мен төс жілігін берген. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген сөздің төркінінде күйеу жігіт жүз жылдан кейін құда болады деген мағына жатыр. Сондай-ақ күйеу баламен балдыздары, жеңгелері қалжыңдасып, ойнайтын жарасымды дәстүріміз бар. Бірақ күйеу балаға сәлем салдыру деген мүлдем болмаған. Ал жаңа түскен келіннің маңдайын тоқішекпен ұруы біреудің ойлап тапқаны шығар. Мүмкін, тоқішекті тоқшылықтың белгісі деп ұстануы да болар. Бірақ маңдайды тоқішекпен ұру дегенді ешқайдан оқымадым да, көрмедім де. Тағы бір шу болып жатқан ырым баланың тісі шықсын деп үстінен тары шашып, жегізеді дегені де мүлдем қисынға келмейді. Өйткені тісі жоқ бала қалай тары жей алады? Осындай біздің қазаққа жат ырымдардың көбісін негізі басқа елдерден алады деп ойлаймын. Ырым, салт-дәстүр керек болып жатса, өзімізде де көп қой. Кейбір адамдардың өзге елдің жат дүниесін көрсетіп, насихаттауы өте өрескел жағдай. Болмайтын ырымдар мен салттарды насихаттауды өзіміздің халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрін құрметтемеуі деп санаймын», – дейді.

Кейінгі кезде тағы бір салт ел ішінде кеңінен қолданылып жүр. Онда жаңа түскен келіннің мінезін ожау арқылы болжайды екен. Яғни келінді әкелген көліктің үстіне ожау қояды. Содан соң көлік жүріп кетеді де, тойға келген қонақтар темір тұлпардың артынан ожаудың құлап түскен сәтін көру үшін ілесіп отырады. Егер ожаудың ойық беті жоғары қарап түссе, жас келіннің мінезі ашық болады. Керісінше түссе, мінезі тұйық болады деп болжайды екен. Кейде осындай ырымдарды көріп, есіме бала күнімдегі бір қызық оқиға түсе береді. Онда бір сыныптас қыз қолындағы айнасын жерге түсіріп, сындырып алады. Сынған айнаны қолына қайта алып қарай бергені сол еді, мен: «Ой, сынған айнаға қарама, енді түрің ұсқынсыз болатын болды» деп мысқылдап күлдім. Ол сөзіме сеніп қалған құрбым «енді не істеймін? Айнаға қарап қойдым ғой» деп есінен тана сұрақтарын жаудыра бастады. Оның сеніп қалғанына күлкім келіп, қалжыңымды одан әрі үдете «енді айнаға қырық рет түкір де, жерге көміп таста» дей салдым. Аңқау қыз бұл қалжыңыма да сеніп, айтқанымды дереу жасай бастады. Осылайша, құрбылар арасындағы қалжыңнан шыққан ырымды бүкіл мектептің оқушылары қолдана бастады. Кейінгі біздің дәстүрімізге қосылып жатқан ырымдар, салт-дәстүрлер де бала күнімгі оқиғадағыдай жаңадан шығып жатқан ба дерсіз. Әйтеуір бір қисынсыз, қызық дәстүрлер. Тіліміздің шұбарланғаны аздай, жоғарыда айтып кеткен бейберекет ырымдар мен салт-дәстүрлерді тоқтатпасақ, ертеңгі күні халықты адастырып, салт-дәстүрімізге кесірін тигізбеуіне кім кепіл?

Бұдан шығатын қорытынды: «Оқитын оқуы жеңіл болса, бала дамымайды. Алатын тәрбиесі жеңіл болса, ата-ана қуанбайды». Қысқаша айтқанда, өзге емес, өзіме айтамын өз жайымды. Ел арасы: «Қажет еткенге уақыт табылады, қажет етпегенге сылтау табылады»-деп уақыт пен сылтауды, «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» – деп, құт пен бақты, «Жақсыны көру басқа, бірге қуану басқа» – деп көру мен қуануды, қадірлей білуді осындай терең мағыналы мақалдармен жеткізген. Сайып келгенде, қазіргі мектеп, ата-ана, қоғам болып, елдің құндылықтары үшін еңбек етуіміз керек. Құндылықтарымызды бәріміз бірге біліп, ұмытылып бара жатқандарын әртүрлі жолдар арқылы қайта жаңғыртып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға табыс ету жолында ісімізді біріктіргеніміз жөн. Сол үшін де, айналамыздағы әлемді өзгертуді өзімізден, өз отбасымыздан бастайық. Кез-келген адам өз ана тілінде тектілік ақпаратты көп оқып, меңгеріп, ұрпағына үлгі болса ғой, шіркін! Сөздің қадірі, өзіміздің қадіріміз дегендей, бұл ақиқат. Адам тәрбиемен есейеді, заман талабымен жетіледі. Ал бұл қағидалар білім ізденісімен ұштасады. Мамандығын шынайы сүйетін ұстаз баланың жағдайын бір қарағаннан айтқызбай сезеді. Анықтауға уақыт жібермей шешу жолын ойлайды. Сол сияқты ата-ана да бауыр еті баласының болашағын үшін өзін күнделікті дамытып отыруы тиіс. Дамытудың қорын, қазынасын басқа жерден емес, халқымыздың құндылықтарынан іздегені жөн. Құндылық біздің өзгеге ұқсамайтын, мəртебемізді көтеретін байлығымыз. Ал, бала тәрбиесінде кездесіп қалатын теріс іс-әрекет ата-ананың, мұғалімнің баланың намысына тию деп ойлаймын. Осының бәрі еліміздің өшпеуге тиіс қазынасы, нағыз ұлттық белгісі – ұрпағымыздың бүгінімен, ертеңімен ұштасып жатыр. Ұлттық құндылықтар жөніндегі сұрақтарға қоғам назарын аудара отырып, осы тақырыптағы шаралардың шеңберін кеңейте түскен абзал. Шынымен де, біздің ұлтымыздың өзегінде ең алдымен адам тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзге ұлтта жоқ құндылықтары бар. Бұл қазақтың қадір-қасиетінің қаншалықты тереңде, қаншалықты биікте, қаншалықты кеңістікте болғанын көрсетеді. Күні бүгіннің өзінде жасөспірімдердің арасындағы өміріне зиян электрондық темекінің жаппай таралып бара жатқаны, әлімжеттік, топ болып төбелесу, діни ағымдардың мәселесі, қыздарымыздың киімі мен шашы, т.б. ұрпақ тәрбиесінде толғандырар сұрақ көп. Бұл жағдайлар бәрімізге таныс. Бір-бірімізді тыңдап, сөзімізге құлақ асып, бірікпеске болмайды. Осының бәрін қосып, құнды қазынамызды қоржынға салып, миымызды қозғап, есімізде сақтап, қойын дәптерлерімізге түртіп алып, әрі қарай қолымыздан келегенше орындауға, таратуға, дамытуға күш салайық. Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Сол өзгерістер сананың өзгеруіне әсер етеді. Ал, өзгерген әлемге сапалы адам керек. Алайда, сапалы боламыз деп көрінгенге еліктеп ұлтымызды, тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоймай, ата-бабамыздың ұлттық құндылықтардан тұратын мұрасы – ұлттың қазынасын ұрпаққа үйретіп, бабалар ізін, аманатын жалғастыруға міндеттіміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы