Қазақтың қыздары мен әйелдері буынатын белбеу «кемер белбеу» деп аталады. Оның былғары немесе барқыт жолағына металл шытырлар қондырып көбіне күмістен соққан. Қыздардың киіміндегі бұл ерекшелік жалпыға бірдей әйел киім-кешегінде қайталана бермеген. Маусымньң суық кездерінде барқытпен тысталған пұшпақ iшік киіп, белдікпен қаусырынатын болған. Кемер белбеу кice белбеуге қарағанда анағұрлым жалпақ әpi әшекейлеп нақышталуы да күрделірек болып келген. Кемер белбеуге бағдарлап қарала салу, лажы жүргізу, жапсырмаларына асыл тастардан көз салу, күмбездеп ширата жүргізу сияқты күрделі техникалық тәсілдер қолданатындықтан, олардың көркемдік сапасы әркез жоғары болған.
Ол өте қымбат белбеу болып бағаланады. Аталмыш белбеу адам белін бір рет қана орайтындай қысқа болады. Оның екі басына темірден қапсырма орнатылады. Кемер белбеуді жағалы киімнің ішінен буынатын болған. Сондықтан халық: «Кемер белбеу белге сән, Кемелді жігіт елге сән», – деп текке айтпаған.Белбеулер жасалған материалдарына, безендірілуіне, қосалқы бөліктерінің бар-жоғына байланысты бірнеше топтарға бөлінген.
1). Қолданылатын жеріне байланысты – күнделікті тұрмыста, жиын тойларда және жаугершілікте;
2). Жасы мен жынысына байланысты – бойжеткен мен бозбаланікі, әйелдер мен ерлердікі;
3). Әскери-әкімшілік иерархиядағы орны мен қызметіне байланысты – батырлардікі, ру ақсақалдарынікі, аға сұлтандар мен хандардікі деп топтастыруға болады.
Айт, Наурыз секілді мереке күндері әйелдер арасында өтетін қазақтың «Кемер белдік» атты күресі болған. Бұл сайыстың түрі ерте кезден бар. Бүгінде ол ұмыт болып барады. Бұл сайыстың өзге сайыс түрлерінен ерекшелігі аз болмаған. Жарысқа жас шамасы қырық пен алпыс жас арасындағы кез келген әйел қатысқанға ұқсайды. Қазақта «ең құнды заттардың бірі – қамқа тон, кемер белдік, кәмшат бөрік» деген сөз бар. Сайыстан соң жеңімпаздар осындай жүлделермен марапатталған екен.
Сонымен қазақ қыз-келіншектерінің ең көп тұтынған әшекейі – белбеу екен. «Белбеу» сөзі «бел» және «бау» сөздерінің бірігуінен пайда болған атау. Белбеудің бірнеше түрлері болған.
Филология ғылымдарының докторы, зерттеуші Рүстем Шойбеков белдіктің көптеген түрлерін көрсетеді. Олар: алтын белбеу, берен, гауһар кемер белбеу, зер, қамар белбеу, қаптырма, қылышбау белбеу. Қазақ халқы ардақтаған аруының сымбатына айрықша мән берген. Сондықтан оларға сымбатына сай, қыпша белін қылқындырып, қылықты көрсеткен арнайы белдік жасатып, көркіне көрік қосқан. Белбеу тағудың да өзіндік мән-мағынасы, айтар ойы болған.
Жігіттер тұрмыс құруға дайын және бейім бойжеткендерді белбеулеріне қарап танитын болған. Себебі, белбеуде бейнеленген ою-өрнектер қыз-келіншектердің жас ерекшеліктерінен хабар берген екен. Мысалы, кісе белдік – жасы үлкен кісілерге арналса, кемер белбеуді орта жастағылар тағатын болған. Күміс үзбелі белбеу – ұзатылатын қызға арнап жасалыпты.
Қынама бел қылықты қыздардың сымбатты тұлғасының барлық сыры осы белбеу болса керек. Қазақ қыздары бойжеткен шағында зер белбеу пайдаланған. Зер белбеудің негізгі қызметі белдің қыпша бел болып өсуіне ықпал еткен. Бұл белбеуді қыз ұзатылып, болашақ жұртына барған алғашқы түнде шешкен.
Белбеудің байырғы өзіндік тағы бір белгісін белгілі фразеолог ғалым Уәли Мақажанұлы Нұргелді көрсетеді. Белбеу тек белге буынатын бұйым ғана емес, ертеректе ол лауазым, дәрежені көрсететін белгі де болған. Лауазымды дәрежені немесе тектілікті белбеу арқылы да танытқан екен. Мұның өзі қазақ киімінің табиғатындағы екіжақтылықты, тұрмыс қажеті және сымбатты болуды байқататын жағдай. Себебі заттық өндірістің өзі халықтың сезімталдық талғамымен біте қайнасып жататын нәрсе. Сондай-ақ педагог, ғалым-этнограф, тарихшы, қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің пайымдауынша, қазақ қыздары үйлесімді жарастықта, өте жоғары талғаммен сәнденген. Сонымен кемер белбеу жасалу қасиетіне қарай зергерлік өнер туындысының озық үлгісі болып табылатынын аңғарылады.
Қазақ халқының қолөнерінде зергерлік өнер ерте замандардан келе жатқан ісмерлік түрі. Алтын, күміс т.б. металдардан сәндік бұйымдар жасап түрлі бұйымдарды, бағалы металдар мен асыл тастармен зерлеп әшекейлейтін шеберлер зергер деп аталған. Қазақ зергерлері әсіресе қару – құралдары (айбалта, көк сүңгі, алдаспан, дулыға, қорамса), үй іші мүліктері (кебеже, жүк аяқ, адалбақан, асадал, зерлі аяқ т.б.) аңшылық жабдықтары (томаға, тұғыр, балдақ, оқшантай) музыкалық аспаптар (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаздарды әсемдеп отырған. Әсіресе қыз – келіншектердің әшекей бұйымдарын жасауда қазақ зергерлері өз туындылары арқылы өз шеберлігінің жоғары дәрежеде екенін көрсеткен. Зергерлер жасаған қарасаң көз тоймайтын қайталанбас дүниелер келешекке мұра болып, музейлерде сақтаулы тұр.
Қазақта «Ұста ұста емес, аспап ұста» деген мақал тектен-тек айтылмаса керек. Ұста зергерлер бұйымдар жасауда бірінші өздеріне қажетті құрал саймандарын сайлап отырған. Мысалы: металл балқытатын пеш, көрік, зауыт, шымшуыр, төстің бірнеше түрі, кішкене балға, кескіш, түтік, бұрғы, біз, қайшы, қысқаш, дәнекерлегіш, өрнек салуға түрлі шапқылар, қалыптар т.б. Зергерлердің құрал – саймандары көлемі жағынан темір ұстасінікіне қарағанда әлдеқайда шағын, әрі жеңіл, ықшамды болып келеді.
Зергерлік бұйымдардың бірі кемер белбеуге тоқталып өткім келеді. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы-кемер белбеу. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне жататын шапан, тон, ішік, шидем, күпі, шекпен т.б. сырт киімдерге түйме қадамай-ақ белге белбеу (белдік) буынып алған. Қазіргі қолда бар деректерге сүйенсек белбеулердің күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, дөңбет белбеу, өрмелі белбеу т.б. түрлері бар. Кемер белбеу белді бір орайтындай қысқа болады, ерлер де әйелдер де пайдаланады. Белбеудің негізі былғары, жібек, барқыт, шұғадан жасалады. Осылардың ішінде халық арасында кең тарағаны кемер белбеу. Ерлер тағынатын кемер белбеу анағұрлым жалпақ, әйелдердің белбуі жіңішкелеу болып келген. Кемер белбеудің нақышталуы күрделірек болып келеді.
Кемер белбеу негізінен алтын, күміс әшекейлермен безендірілген аса қымбат белбеу. Жазба деректерде Х-ХІ ғасырларда Орта Азия мұсылмандардың арасында кемер белбеулер көп пайдаланылғаны жазылады. Қазақ тілінде белбеуге байланысты мақал-мәтелдер өте көп. Мысалы: «Белдігі жаман мықынын тірей алмас», «Кемер белбеу бел сәні, кемелді жігіт ел сәні». Осындай мақалдарға қарап кемер белбеуді сәндік бұйымдардың бірі деп айта аламыз.
Музей қорындағы кемер белбелер ХІХ-ХХ ғ.ғ. тән, күмістен жасалған. Отырар музей-қорығының қорындағы белдіктің мына бір түрі өзара топсалы әдіспен жасалған, негізгі бөлігі 2 тағадан, 4 таналардан және 5 қазмойын тәрізді өрнектерден тұрады. Ұзындығы-1м.,3см, ені-8,5 см. Белдіктің екі қапсырмасы шеті иректеліп, басына жаңа ашылып келе жатқан гүл қауызына ұқсас өрнектер салынған. Таналардың шеттері иректеліп, дөңес бетіне көк түсті бояумен гүл өрнегі түскен. Қазмойын тәрізді өрнектер өсімдік өрнектермен сәнделген.
Келесі белдік бетіне алтын жалатылған ұзындығы 1м.,14 см., ені-11,5 см. Өзара топсалы әдіспен жасалған негізгі бөлігі 2 тағадан, 6 танадан тұрады. Негізі барқыттан жасалған. Оң жақ тағасының ортасында бес бұрышты дөңес етіліп, айнала алтынмен апталған арнайы жапсырылған орынға ұстасы Сайып Қуаров, ал сол жағасының тағасының бетіндегі дәл осы пішіндегі орнайы орынға иесі Молла Қуат Юнусов деп көркемдеп жазылған.Тағаларының бастары қазақтың ағаш деп аталатын өрнегіне ұқсас, бір жақ жиегіне майда шұғыла өрнектері ұрылған. Ұстаның аты жазылған оң жақ тағасының өрнектелген бас жағында майда өсімдік тәрізді өрнектермен бірге араб цифрімен 1327 хижра (1909)жылында, сол жақ иесінің аты жазылған тағасының бас жағында 1346(1928)жыл деп жазылған.
Тағаларының айнала жиегі, өрнектеліп жасалған басы, бұрыштарындағы оюлары, ілгегінің бір жағы алтынмен апталған. Басқа жерлеріне өсімдікке ұқсас қара ала өрнектер салынған. Белбеуге айнала тігілген алты тананың пішіні күнге ұқсас дөңгелек, ортасы дөңес, жиектеріне қос жапырақ өрнек безендірілген. Ортасына шеңберлеріне қара ала өсімдік тәрізді өрнектер салынған, өрнектер алтынмен апталған.
Зергерлік өнер қазақ халқының тарихында ерекше орын алады, ғасырлар бойғы халық мәдениетінің көрінісі болып табылады. Зергерлердің еңбегі өте күрделі, бейнеті мол жұмыс.
Осындай қазақ қыздарының бірі тағынған кемер белбеудің тамаша бір түрі Саттар Ерубаев музейінің экспозициясында тұр. Ол ХХ ғасырдың бас шеніндегі мұраға жатады. Оның ұзындығы – 58,5 см, ені – 3,5-3,8 см. Ол жоғары талғаммен, өте әдемі етіп жасалған, кемер белбеудің озық үлгілерінің біріне жатады. Жалпы экспонат он үш бөліктен құралған. Тоғалығы мүйіздене сыртқа теуіп, оған ілмек бекітілген. Көргісі келген кісілер музейге келіп, өз көзімен көрулеріне болады.
Айгүл БАКҚЫТҚЫЗЫ,
Саттар ЕРУБАЕВ атындағы әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі.
