ТҮРКІСТАН: ТАЙҚАЗАННЫҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ТАРИХЫ

292 көрілім

          Күллі түркінің тұмар қаласына айналған Түркістанның  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төрінде тұрған Тайқазан турасында тағдыршешті оқиғалар көп болған. Тарихтың түрлі көлеңкелі тұстары туралы деректер қайта жарыққа шыға бастаған кезеңнен бастап, Тайқазанның тағдыры жайлы толығырақ біле бастағанымыз анық. Қиын-қыстау заманда, қылышынан қан тамған қатал жүйеге қарамастан Тайқазанның туған отанға қайта оралуы ерен ерліктермен жүзеге асқан болатын. Осы тарихи маңызы бар оқиғаға биыл 34 жыл толуына орай сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи музейінің директоры, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаровтан сұраған едік.

– Аға, киелі қаланың көркі болған кесененің ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз…

– Ұлы Әмір Темір Ахмет Ясауи мавзолейін салдырғанда жақын-алыстағы халықтың көптеп келуіне жағдай жасады. Әсіресе ыстық күнде келушілер үшін ғимарат ішінен құдық қаздырды, одан су алып қазанға толтыртты. Бөлек шағын бөлмеде қазан-ошақтары болған.

– Тайқазан Ленинградтағы Эрмитажда 54 жыл тұрып, туған отанына оралыпты. Бұл жөнінде үлкен  кісілер әбден хабардар. Бірақ, жас ұрпақтардың санасына жаңғыртып сіңіре беру үшін тайқазан тарихынан әңгімелесеңіз.

– 1935 жылы  Мәскеуде, Ленинградта Иран өнері туралы халықаралық үлкен жиындар өтті. Осы жиындарға қатысу үшін Орталық Азия халықтарынан жәдігерлер алдырған. Солардың бірі осы Тайқазанымыз. Қазанның уақытша деп алдырғаны туралы жазба мәліметтерде тапқан көрнекті мемлекет қайраткері, өнер жәдігерлерін жинаушы аяулы ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков еді. Бірнеше азаматтарды Эрмитажға жіберіп жәдіргердің бар екенін, бүтін тұрғанын білді.  Ол кезде Отанымыз – Кеңес одағы. Бір-ақ отанымыз болды. «Жәдігерімізді қайтар» деп,  Үкімет басшыларына шығу әдепке жатпайтын еді.

– Сіз Мәскеуде өтіп жатқан халық депутаттарының съезіне телеграмма жібергеніңізді үкіметтік құжаттардан құжаттардан көрдік. Тайқазанның қалай оралғанына қанықтық. Қазанды сонау Ленинградтан алып келуге көмектескендер болды. Бірнеше азаматтарымыз қайта-қайта барып, автокөлікпен әкелді. Бұл шындық. Енді мына құжаттарды да сөйлеткеніңіз ақылдылық шығар…

– Біз де Өзағаңның қамшылауымен 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжы­мы­ның атынан КСРО халық депутаттарының съе­зіне жеделхат жолдадық. Онда былай де­лінген: «Мәскеу. Кремль. Халық де­пут­аттарының съезі. КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Ленинград Эрмитажындағы Қазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтару туралы Жоғарғы Кеңестен бірнеше рет өтініп сұраған еді. Мәскеу біздің өтінішімізді қанағаттандырады деп сенеміз. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Осыған қоса тағы бір жеделхат жол­да­дық. Оның да мәтінін келтіре кетейік. «Мәскеу. Кремль. Халық депутат­та­­рының съезі. Қазақ КСР депутатта­ры Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шаха­нов жолдастарға. Түркістан қа­ла­­сы­ның еңбекшілері тоқырау және қай­та құру жылдарында КСРО Жоғарғы Ке­ңесіне Ленинград Эрмитажындағы қа­занды өзінің нағыз иесі – Ахмет Ясауи музей-мавзолейіне қайтару туралы сан рет өтініш жасаған еді. Осыған ықпал етулеріңізді сұраймыз. Осындай жеделхат А.И.Лукьяновқа жолданды. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Сол күні-ақ Жоғарғы Кеңес хат­шы­лы­ғын­дағы Воропаев деген кісінің атынан же­дел­хаттарды алдық деген мазмұнда жауап келді. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мә­дениет министрі В.Г.Захаровтың Тай­қа­зан­ды Түркістанға қайтару туралы бұй­рығы шықты. Одан өзім ұшақпен, бір милиционер қосып, екі жүргізуші отыр­ғызып, «КамАЗ» машинасына тиеп, түр­лі өткелектерден өтіп, неше мың ша­қы­рым жол жүріп, сонау Ленинградтан Тай­қаз­ан­ды елге алып келуіміз де ұзақ-сонар қы­зық әңгіме. Сөйтіп, Қазақстанның ең қастерлі ескерткіші, Әзірет Сұлтан кесе­не­сінің бас жәдігері осылайша, 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына оралды. Сон­да Тайқазан көп кешікпей келетін Тәу­ел­сіздігіміздің қарлығаш хабаршысындай бол­ған екен-ау.

– Жоғары-төмен үкіметтік басшылардан құттықтап, қолыңызды қысқан, марапаттағандар болған шығар?

– Ешқайсының аузынан «құтты болсын» деген сөз шықпады. Митингіге Өзбекәлі Жәнібеков жіберген бірер азаматтар құттықтады.

– Аға, Тайқазанды тарихи мекенге қайтарғандағы толғанысыңыз қандай еді?

– Тайқазан оралғанда Түркістан хал­қы­ның қуанышында шек болмады. Талай митинг, жиындар болды.

Тарих – баян, сыр қылып,

Айтып келем, Тайқазан!

Елу төрт жыл қыдырып,

Қайтып келген Тайқазан!

Әмір Темір кезінде

Сыйға тартқан, Тайқазан.

Таусылмайтын несібе

Ғимарат Тайқазан!

Айт десеңіз, ағайын,

Арқам қызған Тайқазан.

Таңдайына талайдың,

Нәр тамызған Тайқазан!

Пұлға толған кезінде,

Қызып тұрған Тайқазан!

Әкімдердің көзін де,

Қызықтырған Тайқазан!

«Жаудан жылқы айырған»

Қазақ кімнен кем екен?!

«Қайтқан малда қайыр бар»

Енді кірді берекем… – деп қуанғаннан жүрегім жырлап қоя берген. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге, қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келген сияқты.

Сұхбаттасқан: Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы