ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

33 көрілім

Халқымыздың қолөнері – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді.

Осыған орай бабалар мұрасын бүгінге жеткізген Отырарда «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» тақырыбында Халықаралық қолөнер шеберлері жәрмеңкесі өтті. Екі күн бойы жалпы 2000-ға жуық келуші Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан мемлекеттері мен еліміздің барлық аймағынан келген 50-ден астам шебердің қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалады. Мұндағы тоқыма және зергерлік бұйымдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Әділ қазылар хас шеберлердің өнерін жіті бақылап, үздік деп танылған қатысушыларды марапаттады. Жеңімпаздарға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары, сонымен қатар арнайы номинациялар табысталды.

Халықаралық жәрмеңкеде қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Гарлиева Женнет мен (Түркіменстан), Наурызбаев Абдуллаға (Шымкент қаласы) бұйырды. Салих Гиргич (Түркия) пен Абдубайтова Айжан (Алматы) жүлделі I орынды, Атыраубаев Болат (Ақтөбе облысы) пен Симова Бибажар (Шымкент қаласы), Айдос Нұржамал (Алматы қаласы) мен Рафиков Икрамжан (Шымкент қаласы) жүлделі II орынды, Тілек Сұлтан (Алматы облысы) мен Ахметова Мадина (Шымкент қаласы), Айдарша Мереке (Түркістан облысы) мен Әбдірейм Сұлтанғали (Түркістан облысы) жүлделі III орынды иеленді. Ал үздік деп танылған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысынан және Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен келген қатысушыларға «Тұран зергері» номинациясы табысталды.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, келушілер көтеріңкі көңіл күйде тарқасты. Жәрмеңкеден соң ұйымдастырушылар тарапынан қонақтар мен қатысушыларға тарихи-мәдени орындарға экскурсия ұйымдастырылды.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының қолдауымен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ы ұйымдастырған. Материалдық өңдіріс пен рухани өмірдің бір-бірінен ажырамай, біртұтас берілуі қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының себебі ретінде айтылады. Қазақ халқының ата-бабасынан мұраға қалған бұл қолөнер түрлеріне халықтың музыкалық аспаптарын жасау, ат әбзелдерін дайындау, киіз үй тігу, киіз басу, киіз үй ішін жабдықтау, қару-жарақ, саймандарды әзірлеу, кілем тоқу, зергерлік, ұсталық және тағы да өзге өнерді жатқызамыз.

Көшпенді халықтың киім тігуі де қолөнердің бір түрі болып саналады. Байырғы түркі-қыпшақ тайпасы киімдерінде ұлттық киім элементтерінің көрініс табуы – олардың шығу, даму тарихының тереңдігінен хабардар етеді. Өйткені халқымыздың ертеде мал, егін шаруашылығымен, аң аулаушылықпен, балық аулаумен айналысқаны белгілі. Осыған сәйкес ежелден дамыған қолданбалы-безендіру өнерінің материалдық негізі үй жан-жануарларының, төрт түлік малдың сүйектері мен терілерден, ағаш пен металдан жасалды.

Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген адам өзі-ақ реттей білді. Қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай бейімдеп, белгілі бір қажеттіліктерге пайдаланды.

Көшпелі дала халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы мен ұмтылысына сай әшекейлеу барысында қолданбалы-безендіру өнерінің түрлі жолдары мен әдістері пайда болды. Ол өзінің табиғи түрлік байлығымен, әсем де нақышты ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленді.

Халықтың тұрмыстық әрі көркемдік талаптарына толығымен жауап беретін қазақтардың үй ішілік кәсібі мен қолөнері жартылай көшпелі өмір жағдайында қалыптасты.

Егер күнделікті тұрмыстағы қолөнер мен ұсталықтың ара салмағын айтар болсақ, оның алғашқысы негізінен отбасыға қажетті тұрмыстық ұсақ заттар жасауға бағытталды да, екіншісі, ұсталық тек өз тұрмысы, жалпы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.

Халықтық қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, жетіліп, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналды. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін кәсіп түрлері атадан балаға қанмен беріліп, мирасқа қалатын киелі мұра болып саналды. Бұл тұрғыда «ата жолын ұстаған» сегіз қырлы, бір сырлы шеберлер ел ішінде зор құрметке бөленді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы