ТҮРКІСТАН: СПОРТТЫ ДАМЫТУДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА

246 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі — Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерте кезден көңіл бөлген. Баланың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына айрықша мән берген. Халқымыздың спорттық ойындары осының бірден-бір дәлелі. Жастайынан балаларға дұрыс тәрбие берудің маңызы зор. Атқа мініп, асық атып, бәйгеге шауып, теңге іліп өскен жас шымыр, епті де икемді болып өседі. Салауатты өмір сүру дегеніміз – дене тәрбиесімен, спортпен шұғылдану. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені алу мүмкін емес. Дене жаттығулары мен түрлі ойындардың шығу тегі ежелгі адамдардың мекен еткен географиялық ортасына, климаттық жағдайына байланысты болды. 
Дене шынықтыру мен спорт мәселесі қай елдің болсын, негізгі стратегиялық бағыты болып есептеледі. Өйткені болашақты ойламай, келешекте қуатты мемлекетке айналу мүмкін емес. Спорт дегеніміз – адамдардың денсаулығы. Сонымен қатар еңбекке дайындығы, жасөспірімдерді әскери қызметке даярлау, тәртіптілікке, ерлік пен батырлыққа тәрбиелеу. Сондықтан спорт саласын жетілдіру балабақшалардан, мектептерден, арнаулы орта және жоғары оқу орындарынан қолға алынып, жақсы жолға қойылды. Дене тәрбиесі бойынша оқу бағдарламалары жетілдіріліп, материалдық база нығайтылды. Уақыт өте келе, дене тәрбиесі заман талабына сәйкес өзгеріп, жаңаланды. Жаңа талаптар қойылды. Спорттық мамандықтар енгізілді. Денсаулығы нашар білім алушылар  үшін бөлек оқу сабақтары өткізілді. Қысқы және жазғы демалыс кездерінде спорттық-сауықтыру лагерьлері жұмыс істеді. Түрлі жарыстар ұйымдастырылып, спорттық клубтар, қоғамдар ашыла бастады.
Ол үшін туристік жорықтар ұйымдастыру, материалдық базаны нығайту, спорттық индустрияны дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізілді.
Ежелден садақ тарту, бәйге, күрес, аударыспақ сияқты спорт түрлерімен айналысқан қазақ халқы басқа да спорт түрлерімен айналысу арқылы өздерінің рухани байлықтарын жетілдіріп отырған. Халық өзіне лайықты деп санаған ұлттық спорт түрлерін, әр түрлі дене жаттығуларын үнемі жетілдіріп отырған. Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан отыз жылдан астам уақыттың ішінде елімізде спорт саласын дамыту барысында Елбасының тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Балалар мен жасөспірімдер  арасында спортты дамыту ісі бірінші кезекте тұрған мәселе. Осыған орай мектептерде, жоғары оқу орындарында көптеген спорттық секциялар, үйірмелер жұмыс істеуде. Жылдан жылға спорт базалары көбейіп келеді. Ұлттық спорт түрлері де жақсы жолға қойылған. Атап айтсақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, аударыспақ, бәйге, көкпар, қыз қуу, асық ату, бестас сияқты спорт түрлерінен арнайы федерациялар құрылған. Ресми жарыстар өткізіліп тұрады. Соңғы жылдары спорт нысандарын салу, спортшыларымызды халықаралық жарыстарға дайындау сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Елімізде дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданатын адамдардың саны да жыл санап артып келеді. 

Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы