Қазіргі уақытта Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту негізгі бағыттардың қатарына еніп отыр. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, көмірсутегінің қаржысына ғана сүйенумен алысқа бара алмасымыз мәлім. Бұл ретте туризмнің алар орны ерекше. Туризм – демалу мақсатында, іскерлік және өзге мақсаттарда қатарынан бір жылдан аспайтын кезең ішінде саяхаттайтын және әдеттегі ортасынан тыс жерде орналасқан орындарда болуды жүзеге асыратын адамдар қызметі. Туризм халық шаруашылығында дербес сала екені айқын және бұл экономикалық құбылыс болып есептелінеді. Туризм – экономиканың қарқынды дамыған және көп табыс беретін салаларының бірі. Ол жиі аймақтық даму «катализаторы» рөлін атқарады. Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Сол мүмкіндіктің бірі Түркістан аймағындағы тарихи байлықтар мен мәдени және рухани құндылықтарды сақтаудың қазіргі жағдайы – кесенелер мен ежелгі мешіттерді және қалашықтарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе отырып, солардың негізінде тарихи, мәдени музей-қорықтарды қалыптастырумен сипатталады.
Туризмнің орталығына айналған Түркістанда туристік сервис те жедел дамып келеді. Туристер жиі келетін қалада қонақ түйлер, мейрамханалар, жалпы туристерге қызмет көрсететін нысандардың көбеюі заңдылық.
Тарихқа сүйенетін болсақ, бірінші мейрамхана орта ғасырларда ашылғанын еске түсірсек, орта ғасырлық Түркістандағы мейрамхана кәсібі сонау ғасырлар қойнауынан келе жатқанын аңғаруға болады.
Қазір заман тез дамуда. Көптеген кәсіп түрлері шығып, адамдар бастаған кәсіптерінен мол табыс тауып, енді бірі шығынға батуда. Ал әлемде ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын кәсіп түрі – мейрамхана кәсібі десек болады. Бүгінгі таңда қонақ үй-мейрамханалық кәсіптің дамуы өзекті мәселеге айналды. Себебі, Түркістанда қоғамдық тамақтандыру саласы, оның ішінде қонақ үй-мейрамхана саласы өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Түркістанда қазірде тамақ өнеркәсіп саласы, мейрамхана салаларына баса көңіл бөлінеді. Себебі мейрамхана саласы тек қана туризм тұрғысынан ғана емес, кәсіптік тұрғыдан да басымдықты талап етеді. Қалада мейрамханалардың күрт өсуінің себебі де сол болар.
Сондықтан, қоғамдық тамақтандыру орындарының дайындаған өнімдері адамзаттың осындай бөлігінің денсаулығына тікелей əсер етеді. Аталған мейрамхана кәсіптері қалада тек қана тамақ шаруашылығымен айналысып қана қоймай, қаншама жастарды жұмыспен қамтып, туристердің сүйікті орнына айналады. Сонымен қатар келуші қонақтардың есінде Түркістанды ұзаққа дейін қалдырады деп сенеміз.
Түркістан екі бағытта дамиды. Оның біріншісі туризм болса, екіншісі кәсіпкерлік. Қаланың алдағы басты міндеттерінің бірі туристерді қызықтыру. Бұл тұста қаладағы мейрамхана, ойын-сауық орталықтары, туристік мекемелердің атқаратын рөлі ерекше. Мейрамхана кәсібі тек қалаға көрік беріп қана қоймай, кәсіпкерлердің қалтасын қалыңдатын, шаһар әлеуметін арттырары анық. Бүгінде бұл бизнесті заманауи түрде жаргоншаласақ, жоғары элиталы, ортаңқолды, фаст-фуд деп бөлуге болады. Элиталы мейрамхана белгілі, бағасы өте қымбат, соған сай жоғары санатты жайлылық, таңдаулы интерьер, ас мәзірінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Миддл-классты мейрамхана қолжетімді бағамен келушілерін жарылқайды. Фаст-фуд болса белгілі стандарттағы тағамдар ғана ұсынады әрі өзіне-өзі қызмет көрсетуіне тура келеді. Ортаңқолды мейрамхана иесіне жылына 100-ден 350 мың долларға дейін табыс түсіреді. Қолы жүргенде тіпті 500–мың доллардан да асып жығылуы мүмкін. Сондықтан да табысы тұрақты осы салаға ден қоюшылар басым.
Түркістан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар қалалар қатарына кіреді. Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға жол ашық. Мұндай азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көптеп қабылданып жатыр. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге де тыйым салына бастады.