ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫ ЖАНЫНАН ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ АШЫЛДЫ

373 көрілім

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫ ЖАНЫНАН ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ АШЫЛДЫ

Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жанынан қуыршақ театры қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда аталған бағытта дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

– Штаттағы қызметкерлер есебінен 7-8 әртіс, режиссер, суретші жұмысқа тартылып отыр. Мақсатымыз – балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларын театр өнерімен сусындату. Репертуарды әлі де ұлғайтуға мүмкіндік бар. Театрдың жас әртістерін өз күшімізбен дайындаудамыз, –дейді ұйымдастырушылар.

Театр басшысы Орал Камалдың бастамасымен араға он жыл салып, қуыршақ театры қайта жанданып отыр. Қуыршақ театрының балаларға берері зор. Өйткені актерлар қуыршақ арқылы бала тілінде сөйлеп, сендіре алады. Осылайша балаларға мол рухани байлық беруге болады.

– Біз қазіргі таңда қазақтың халық ертегілерін ұмытпауымыз керек. Жасөспірімдерге ұлттық құндылығымызды дәріптеу басты міндетіміз. «Ертөстік», «Тазша бала» сынды ертегілерді өңдеп, түрлі кейіпкерлерді қуыршақ арқылы жеткізгіміз келді. Өйткені сана-сезіміне әсер ету керек осылай. Қазір ұялы телефонға тәуелді балалар. Соның алдын алу үшін батырлыққа, даналылыққа, білімге, шынайылыққа тәрбиелейміз. Бізде қазір дайындалып жатқан шығармада екі торайдың басынан өткен хикаялары, екеуінің тапқырлығы туралы. Осындай шығармаларды көрген соң жақсы мен жаманды ажыратып, бір ой түйсе екен дейміз. Алдағы уақытта да айтар ойы бар қазақи нақыштағы ертегілерді өңдеп, қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді қуыршақ театрының режиссері. Қазіргі таңда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында С.Михалковтың «Екі торай» атты балаларға арналған қуыршақ қойылымы көрерменге жол тартты. Бүгінге дейін Жетісай қаласы мен Атакент кентіндегі және Қазыбек би кентіндегі 8 балабақшада сахналанды. Қоюшы режиссері ҚР Мәдениет саласының үздігі Арман Өтебеков, қоюшы суретшісі Халит Байтелиев, музыкасын құрастырған Бақытжан Исманов.

Айта кетейік, қуыршақ театры – қуыршақтар арқылы сахналық ойын көрсететін театрдың бір түрі. Қуыршақты актер қимылға келтіріп, оның сөзін көбінесе өзі, кейде көркемсөз оқушы айтып тұрады. Қуыршақ түріне, оны қимылға келтіру тәсіліне, сахнасына қарай қуыршақ театры бірнеше топқа жіктеледі: киілмелі (қолға киіп ойнайтын), сылдырмақты (жіп немесе сым арқылы қозғалтатын), суретке түсірілген қуыршақтармен (қағаздағы қуыршақ кескінін экранға түсіретін) ойын көрсететін театрлар, т.б.

Қуыршақ театры жайындағы алғашқы деректер Аристотель, Геродот, Ксенофонт, Апулей еңбектерінде кездеседі. 11-ғасырда “Діни жазба” тақырыбына ойын көрсететін қуыршақ театрының ерекше түрі пайда болды. Театр ойынындағы басты бейне Марияның атымен марионетка қуыршағы дүниеге келді. Шіркеу мен бай-манаптарды келеке еткен халық қуыршақ театры діни театрмен қатар туды. Оларды, көбіне қудалап отырды. Халық қуыршақ театры жайындағы тұңғыш жазба мұра Италияда сақталған.

19-ғасырда француз қуыршақ театры өркен жайды. Қазіргі кезде қуыршақ театры Еуропа мен Америка елдерінде кең дамыған. Қуыршақ ойыны Ежелгі Шығыс елдерінде (Үндістан, Индонезия, Қытай, Жапония, Иран, Түркия) өркендеді. Бұл елдердегі қуыршақ театрының репертуары мифтік сюжеттер мен батырлық эпостарға, сықақ әңгімелерге құрылды. 1935 ж. Алматы қаласында қазақтың қуыршақ театры ұйымдастырылды.

1938 ж. театрға республикалық қуыршақ театры дәрежесі берілді. Елімізде қуыршақ театрлары Ақтөбе мен Жезқазғанда (1985), Ақтауда (1981), Шымкентте (1983) және Қостанай мен Петропавлда (1992) ашылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы