- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Тарихы тереңде жатқан Түркістан өлкесі әр пенде барып көруді армандайтын орталық екені сөзсіз. Өңірде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Бүгінгі күнге дейін сақталған көне ғимараттардың сәулеті шынында да таң қалдырады. Түркістан облысына саяхат тың тарихи деректерге, аңыздар мен хикаяларға толы болары сөзсіз.
№1. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі
Тылсым тұнған мекенде туристер ең көп келетін орындардың көшін – Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бастайды. XIV ғасырда сәулет өнерінің теңдессіз туындысы – осы өлкенің бас мұраларының бірі саналады. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, ортағасырлық ескерткішті тамашалауға былтыр 731 мыңнан астам турист келген.
Кесене XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің бейітінің басына тұрғызылған. Архитектуралық ғимарат Ахмет Яссауи қайтыс болған соң 200 жылдан кейін атақты қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған.
Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған. Ғимараттың сапалы салынғаны соншалық, әлі күнге дейін көп бөлігі бүлінбей сол күйінде сақталған. Теңдессіз сәулет туындысы ретінде кесене 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды.
Ахмет Яссауи кесенесі аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның:
ұзындығы – 65,5 метр;
ені – 46,5 метр;
биіктігі – 39 метрді құрайды.
Кесенеге кіретін бас есік басқалардан биік, ені 18,2 метр аркамен көмкерілген оңтүстік-шығыс қасбетте орналасқан. Бас қасбеттің және бұрыштардағы мұнаралардың ауқымды қабырғалары сыланбаған, олардың бетінде мозаикалық қаптамалар орналастыру үшін бекіткіштер қалдырылған.
Күмбездің диаметрі 18 метрден шамалы асады, ішкі биіктігі еден деңгейінен 36 метр. Ғимараттың орасан зор порталы мен бірнеше күмбезі бар және екі қабаттан тұрады. Кесенеде түрлі мақсатқа арналған жалпы саны 35 бөлме бар. Бірінші қабатында Жамағатхана, Қабірхана, Мешіт, Кітапхана, Үлкен ақсарай, Кіші ақсарай, Асхана, Құдықхана және төрт құжыра бөлмесі, ал екінші қабатында қалған құжыра бөлмелері орналасқан. Архитектуралық композицияның басты бөлмесі Ахмет Ясауидің қабірханасы болып табылады.
Деректерде Қожа Ахмет Яссауи 63 жасынан бастап “Пайғамбар жасына жеттім, маған одан артықтың қажеті жоқ” деп қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізгені айтылады. Дегенмен, әлі күнге дейін Ахмет Яссауидің қанша жыл өмір сүргені туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректе ол 73 жыл ғұмыр кешті делінсе, келесілерінде 85 жас деп берілген. Жүсіпбек Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Яссауиді 125 жас жасаған дейді.
Ахмет Яссауиден бөлек, қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген. Дерек бойынша, халықаралық мәртебеге ие орында 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны мәлім. Мәселен, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі болған Абылай ханның қабірі Ясауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінен бүгінге дейін сақталған түрлі жәдігерлерді, қазақ хандары қолданған заттарды көруге болады. Музей экспозициясындағы ең құнды мұра – тайқазан. Алып қазанның:
салмағы – 2 тонна;
сыйымдылығы – 3 мың литр;
биіктігі – 1,60 метр;
диаметрі – 2,42 метр;
тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607 метр.
Ортағасырлық Тайқазан 621 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың қосындысынан жасалған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков орасан үлес қосқан.
1978 жылы Ахмет Яссауи архитектуралық комплексі музей болып ашылды. 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысымен “Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы” РМҚК болып қайта құрылды.
№2. Арыстан Баб кесенесі
Қасиетті өңірге баратын зиярат етушілер мен сахатшылар жиі бас сұғатын тағы бір нысан – Арыстан баб кесенесі. Түркістан қаласынан 60 шақырымда бой көтерген тарихы тереңде жатқан орынға келушілер көп.
Арыстан баб кесенесі XII-ХІV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Түркістан облысының ежелгі Отырар қаласының қираған үйінділерінің жанында орналасқан. Кесене ХІІ ғасырда өмір сүрген белгілі діни мистик Арыстан баб мазарының үстіне тұрғызылған. Баб сөзі ерекше мәртебеге ие адамдардың аттарына қосылған. Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болған. Сол себептен, Ахмет Яссауидің кесенесіне жол тартқан әрбір зияратшы алдымен оның ұстазының кесенесіне түнеген.
Қазір кесене қабір мен мемориалдық мешіт болып табылады және мұсылмандардың қажылық орны ретінде белгілі. Сондықтан болар, бұл кесенеге құлшылық етуге бүкіл өңірден адамдар келеді. Кесененің ауданы 35×12 метр. Ұзын басты қасбеті екі мұнарамен қапталып, бұйра кірпішпен безендірілген. Сақталған ғимарат ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында салынды. 1982 жылдан Арыстан баб кесенесі мемлекеттің қорғауында.
Арыстан баб Түркістан қаласында өмір сүрген. Аңыз бойынша, ол өзінің шәкірті Қожа Ахмет Яссауиге “Мен бақилық болған соң, денемді ақ бураға артып, еркіне жібер. Ақ бура тоқтап, шөккен жерге мені жерлеңдер”, деп өсиет айтқан екен. Осылайша, Арыстан бабтың денесі артылған түйе Түркістаннан шығып, Отырар маңайына тоқтаған.
Арыстан бабтың кесенесінің тұрғызылу тарихы қызық. ХV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Яссауи түсінде аян беріп: “Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің аруағым сені демеп жүреді”, – депті. Сонда Әмір Темір: “Мен сізді қайдан табамын?” – дегенде, “Жолды мен өзім көрсетемін”, – деген екен.
Сонымен тәуекелге бел байлап, Әмір Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ерте барып қараса, шынында кішкене ғана мазарат тұр екен. Қолбасшы құран оқып, бірден істі бастапты. Ол ұлы бабаның басына әлемде теңдессіз кесене тұрғызуға бекінеді. Жарты әлемді билеген әміршіге кесене деген не тәйірі, жер-жерден ұсталар, бәдізшілер, шеберлерді іріктеп алдырыпты.
Қызу тірлік басталып, кесене құрылысы аяқталуға шақ қалады. Бірақ, түн ішінде белгісіз біреулер нысанның тас-талқанын шығарып кетеді. Құрылысшылар кесененені қайта қалап, жұмысты бітіруге таяғанда сол оқиға тағы қайталанады. Әмір Темір таңертең бұзылып жатқан құрылыс орнын көреді. Басына қарауыл қояды. Олар да таң алдында ұйықтап кетіп, нысанды кімнің бұзып жүргенін білмей қала береді. Үшінші күні өзі аңдымаққа бекінеді. Бір кезде қараса үлкен өгіз келіп, қаланған дуалды талқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп:
“Ол көк өгіз – Арыстан бабтың әруағы, саған ренжіп бұзып жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның әруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің”, – депті.
Сонымен Әмір Темір ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан бабтың басына барып, құран оқып, кесене салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай сәтті аяқталған соң, қолбасшы Түркістанға қайтып келіп, Қожа Ахмет Яссауи мешіт-кесенесін салуды бастаған екен. Талай ғасырдың куәсі болған Арыстан баб кесенесінің ғимараты бірнеше рет қираған. 1917 жылғы төңкерістен кейінгі дінді қудалау Арыстан баб кесенесіне едәуір зиян келтірді. Кесене кірпіштерінің көп бөлігі өзге құрылыс ғимараттарын салу үшін қолды болып кетті. Түпнұсқадан қазір тек ақ кірпіштер ғана қалған, басқасы заманауи әдіспен жаңартылған.
Арыстан баб кесенесінің жанында құдық орналасқан. Келушілер тілек тілеп, киелі жердің суын ішіп көреді. Құдықтан шыққан судың дәмі тұзды. Шырақшылар бұл судың түрлі ауруға ем екенін айтады.
№3. Үкаша ата мазары мен құдығы
Үкаша ата кесенесіне өткен жылы 142 мыңнан астам адам барған екен. Саяхатшылардың онда көп сапар шегуінің себебі, құпияға толы құдықта. Өйткені, құдықтан су біреуге шықса, енді біреуге мүлдем шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зиараты, тілегі қабыл болды деп ырымдаған. Сондай-ақ, құдықтан су алған адамның жолы болғыш, ниеті түзу адам деп есептеледі. Ал шелегі бос шыққан адамның Алладан кешірім сұрауы қажет деп ырымдаған. Шелек түбінен сусыз тек тас алып шыққан адам, көп ұзамай олжалы болады деп жорыған.
Үкаша ата кешені Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде, Бабайқорған ауылының аумағында орналасқан. Мемориалдық кешен құрамына мазар (кесене) және құдық кіреді. Республикалық маңызы бар ескерткіш алғашқыда тек қабір орны ғана болған. 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған.
Үкаша ата кесенесіне бас сұқпас бұрын, әуелі сол жолда орналасқан Ерқоян сахаба қабіріне тоқтап құран бағыштаған жөн. Ол Серт ауылынан 8 шақырымдай жерде орналасқан. Ерқоян Үкаша атаның ең сенімді серігі болған деседі. Сондықтан, бұрын зиярат етушілер Ерқоянға түнемей, Үкашаға келмейді екен. Үкаша ата тірі кезінде оған келушілер әуелі Ерқоянның алдынан өтіп, кейін Үкаша атаға жолыққан көрінеді.
Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед пайғамбардың сахабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы болған. Ол Орта Азия түркі халықтары арасында ислам дінін уағыздаған. Ел ішінде Үкаша ата “шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін” қасиет дарыған алып денелі, батыр болған деген аңыз бар. Ол өте алып, нарға отырғанда аяғы жерге тиетін денелі кісі болған деседі.
Мазар 2 бөлмеден тұрады: кішігірім кіре берісі және ұзынша келген бөлмесі бар. Ішкі жағының ұзындығы 22,2 метр / informburo.kz фотосы
Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болған. Соңында жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі тек таң намазы үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып отырған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп екі қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді. Сол орында құдық пайда болған екен.
Тереңдігі 22-25 метр болатын Үкаша ата құдығы кесенеден батысқа қарай 600 метр жерде орналасқан тау жырасының үстінде тұр. Құдықтың үстіне киіз үй тәріздес шағын құрылым салынған. Халық арасында Үкаша ата құдығының суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Өйткені, құрбан болған сахабаның басы сол бұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленген екен.
Үкаша ата кешеніне келген адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Келушілерге мазар басындағы шырақшы 1 шелекті 1000 теңгеден сатады. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Сол үшін құдықтан су барлығына бірдей шыға бермейді. Құдық басына барған мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиярат етеді. Дегенмен, Үкаша ата мазарындағы шырақшы қудықтан су алғандарды дандайсып, су бұйырмағандарды өмірден түңілмеуге шақырады. Ол барлық игілік тек Алланың бұйрығымен болатынын жеткізді.
Спираль тәрізді болғандықтан, құдыққа салынған шелек жан-жақтағы тастарға соғылып майысып шығады. Бір қызығы, кей адамдардың шелектері арқанға мықтап бекітілген болса да, құдық түбіне түсіп, қайта шықпайды екен. Шырақшының айтуынша, құдық түбінде қалған шелектің саны жылына 300-ге жуықтайды. Сондықтан, шырақшылар құдыққа жылына бір рет түсіп, ішін тазартады екен.
№4. Сауран қалашығы
Киелі өңірге сапар шеккен адам Сауран қаласын айналып өтпесі анық. Былтыр көне қаланы өз көзімен көруге 79 403 адам келген. Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан қалашық республикалық маңызы бар нысан мәртебесіне ие. Қалашықтың атауы жазба деректерінде Х ғасырдан бастап кездеседі.
Ақ орданың астанасы болған Сауранның ірі сауда орталығы ретінде іргетасы ХІІ ғасырда қаланған. Бүгінде ол еліміздегі қорған дуалдары сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі де бірегейі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.
Еліміздің оңтүстігіндегі бұл қаланың Қазақстан үшін де, жалпы әлемдік мәдениет пен тарих үшін де маңызы зор. Өйткені, бұл қала Ұлы Жібек жолының маңызды экономикалық және діни орталықтарының бірі болған. Сауран 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала болған. Ішінде үйлерден бөлек, мешіт-медреселер де салынған. Шаһардың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан.
Қазіргі таңда Сауран солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метрге созылып жатқан, ұзындығы – 2 360 метр қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі 3-6 метрге дейін жетеді. Қабырғаның өзі шикі кірпіштен және сынған саздан жасалған. Ең биік мұнара бекініс қабырғасының солтүстік бұрышында орналасқан және биіктігі 6 метрге жетеді.
ХІХ ғасырға дейін қаланың дәурені дүркіреп тұрған. Алайда, жоңғар шапқыншылығынан кейін күйреп, халқы басқа жаққа коныс аударуға мәжбүр болған. Кеңес одағы тұсында жергілікті халық қалашықтағы кірпіштер мен саз топырақты құрылыс үшін тасып кеткен.
Кейіннен аумақ қорғауға алынып, көне мұра бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Қалашықтың бекініс қабырғалары әлі күнге дейін сақталған. Оның тек кейбіріне ғана реставрация жасалды. Сондай-ақ, қалашық орнына талай ғасырдың куәсі болған қыш пен саздан жасалған ыдыстардың сынған қалдықтарын жиі кездестіруге болады.
Қазіргі уақытта қалада күрделі жөндеу, қалпына келтіру және археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қалашықтың қорғау аумағының жалпы ауданы 50 гектарды құрайды.
№5. Отырар қалашығы
Аты аңызға айналған Отырар Түркістан қаласынан 57 шақырымда орналасқан Орта Азияның ең ежелгі қалаларының бірі болған бұл шаһарды былтыр 20 мыңнан астам адам тамашалаған. Ежелде оның атауы Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб деп аталған. Қала орнында тұңғыш қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Ұлы Жібек Жолында орналасқандықтан қала тез дамыған. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, шығыс моншасы, сауда дүкендері жұмыс істеген.
XII ғасырда қала шеберлік пен өнер орталығына айналды, түрлі сарайлар, керуен сарай, көшелер салынды. Шығыстан Батысқа жол тартқан барлық сапаршылар Отырарға келген. Олар Отырарды үлкен сауда орталығы деп суреттеген. Бұл қалада 870 жылы Шығыстың ең танымал философтарының бірі Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген.
XIII ғасырдың басында Отырар 200 мыңнан астам халқы бар ең ірі қалалардың бірі болды. Ол тұста Отырардың билеушісі Қайырхан есімді әскербасы еді. 1219 жылы Шыңғыс хан 200 мыңға жуық әскерін Отырарды басып алуға аттандырады. Алайда, отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қорғап, беріспеді. Қатты қарсылыққа ұшыраймыз деп ойламаған Шыңғыс хан ашуланып, қаланың “Бекініс орнын жермен-жексен етіңдер” деген бұйрық береді. Соған қарамастан, қала қалқы қақпаларын бекітіп, 6 ай бойы жауға берілмей шайқасады.
Қалада азық-түліктің қоры да таусылады. Аштыққа шыдамай, “соғыс жеңіліспен аяқталады” деген оймен Қаража атты сатқын өзі басқаратын Отырар әскерінің 10 мың адамнан тұратын бір бөлігін бастап моңғолдар жағына өтіп кетеді. Ол қаланың дарбазасын жауға ашып береді. Соның опасыздығынан қаланы 1220 жылы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді. Қаланы бірнеше күн бойы тонап, қиратады. Дегенмен, Отырардан Түркістанға дейінгі аралықта жер асты жолы болған деген аңыз бар. Сол арқылы қоршауда қалған қала халқына қажетті өнімдер жеткізіліп тұрған деседі.
Отырардың қорғаныс қабырғаларының арты лабиринт сынды салынған. Бұл өз кезегінде қаланың ұзақ уақыт жауға тойтарыс бермеуіне себеп болды. Яғни, отырарлықтар жауды аз-аздан қаланың бас қақпасы арқылы әдейі кіргізіп отырған. Қақпадан өткен жау, лабиринт көшелерді кезіп жүргенде Қайырханның батырлары оларды оңай қолға түсірген.
Қалашыққа бара жатқан жолда бір уақытта 100-ге жуық адамның шомылуына болатын ежелгі моншаның қирандыларын көруге болады. Монша хамам стилінде салынған, көптеген бөлмелері бар. Ол сумен жабдықтау және су бұру жүйесімен жабдықталған. Монша қаланған кірпіштер бірдей пішінге ие болғанымен, кейбірі түпнұсқа, ал басқалары заманға сай жаңартылған болып табылады.
Моңғол шапқыншылығынан кейін қала ХІV ғасырда еңсесін тіктей бастайды. Отырармен Әмір Темір тығыз байланысты. Оның бұйрығы бойынша қала жанында салынған Арыстан баб кесенесі қаланың ең ірі көрнекі жерлерінің бірі болды. Отырар қаласы шамамен 2000 жылдай тұрды.
1969 жылдан бастап археологтар Отырарда қазба жұмыстарын жасап, зерттеу жүргізді. Қазіргі таңда ұзақ жылдардан бергі жүргізілген зерттеу нәтижесінде қаланың Қарахан дәуірінен бастап бертінге дейін мәлімет беретін тұрғын үй орамдары, шығыс моншасы, мешіт пен сарай құрылысының қалдығы, құмырашылар шеберханасы және оңтүстік-батыс қақпа орындары аршылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналды.
Отырар қалашығына келушілер үшін тағы бір қызықты нысан – Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Сапар орталығы. 2019 жылы пайдалануға берілген ғимарат ішінде осы өңірден табылған 25 мыңға жуық экспонат бар. Олардың барлығы қалыпқа келтірілген түпнұсқа.
Орталыққа келушілер ежелгі қалашық туралы барлық ақпарат пен қалашықтан табылған көне жәдігерлерді тамашалай алады. Мұнда интерактивті аймақ, кофе аймағы, балаларға арналған бұрыш, демалыс аймағы және 80 адамға арналған мәжіліс залы бар. Нысанда Шығыс ғұламасы әл-Фарабиге арналған көрме де бар.