Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Күлтөбе және Түркістан жеріндегі көне қалалардың ерекше құпияларымен бөлісті.Ғалымның пікірін шағын түрде жариялауды жөн санадық.
“Тек қана ХVІІІ ғасырда қазақ билері бас қосатын орын болған соң ба ? Жоқ, ол әуел бастан қасиетті, себебі Зороастр (Зәрдүш) пайғамбар біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта ақ түйесімен Күлтөбенің басында тұрған. Бұл ариан-тұран кезеңі. Осы Зәрдүш дініне байланысты екі халықтың ортасына жарықшақ түсті. Әрине, оның экономикалық себептері де бар. Оның ең бастысы дала металлургясына байланысты. Қазіргі күні археологтар бұл жерде үлкен қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төменгі қабаттарыне жеткен уақытта нағыз қызық дүниелер шығады. Зәрдүш заманы – біздің эрамызға дейінгі ІІ мыңжылдық ортасы”,- деді Жамбыл Омарұлы.
Профессордың айтуынша қазақ шежіресінде кездесетін «Қырық қақпалы Қарашық» деген сөздің өзі Түркістанның құпиясы болып табылады.
Қаратаудың оңтүстік етегіндегі, Түркістан-Яссы маңындағы қалашықтардың саны – 32. Қазіргі тілмен айтқанда мегополис ұғымы сол кезде мықты дамыған. Сол мегаполистің мықты қаласының бірі - Сауран. Мешіт, медресе, қозғалмалы мұнара тағы да басқа тарихи орны жетерлік. Қаланың Қазақ хандығы заманындағы қорғаны пахсадан соғылған, ал төменгі, жер астында қалған қорғанды көрсеңіз – ол қызыл кірпіштен салынған. Осы құпияның шешімі неде ?
Құпиясы Қарахан дәуірінің зерттелмеуінде. Біз Қарахан өркениетінің жалғасымыз. Сауран көне заманда мықты қала болған, жер астындағы кірпіштер – Қарахан дәуіріндегі қорғанның қабырғасы. Қарахан дәуірінде бұл жерде ірі көпестер, ондаған ғалымдар өмір сүрген, ал кейін Сауран нашарлаған, сол себепті қорған қабырғасын пахсадан көтерген. Қарахандардың пантеоны - Созақта. Ол жерде толып жатқан ескерткіштер бар, яғни көне қаланың орны, Қарабура-Қарахан күмбезі, су диірмен, мешіттер тағы да басқа.
Ал енді- Сығанақ қаласы. Бұл – Қытай, Үнді, Еуропа мен Ұлы дала арасындағы-үлкен сауда жолының бойында тұрған қала. Қасым хан заманында осы қалаға келген Фазлаллах Рузбехани бұл қалада базар күндері 500 түйе кебабқа сойылады, содан кешке бір жапырақ ет қалмайды дейді. Адам санын осы дерекке қарап жорамалдап көріңіз.
