«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ»

1  185 көрілім

Түркістан қаласында тізе буын артрозына ота жасалатындығын естіген бойда маман дәрігерге жолықтық. Бұл көбіне бау-бақшамен, мал өсірумен айналысатын түркістандықтардың, оның ішінде егде жастағылардың жиі ауыратын сырқаты. Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника диагностика орталығында жоғарғы санатты травматолог, ортопед маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Алмасбек Ахметов мырза халықтың жан айқайына айналған ауру жайлы толығырақ тарқатып берді.

ХКТУ клиника диагностика орталығындағы жоғарғы санатты травматолог- ортопед, медицина ғылымдарының кандидаты Алмасбек Ахметов:

– Алмасбек Паридинович, тізе буын ауруларының себеп-салдарлары неден туындайды?

– Алдымен айтарым. Әрине уақытында дәрігерге бару және күтінбеуден болады. Адам ағзасы күн сайын түрлі өзгерістерге ұшырап отыратын нәзік фактор болып табылады. Бүгінде елімізде аяққа артық салмақтың түсуі салдарынан тізе буын артрозы аталатын патологиялық ауруға шалдығу салдары күшеюде. Алайда, аурудың нақты себебін әлі күнге дейін медицина анықтай алған жоқ. Дегенмен, тізе буын артрозы 45 жастан асқан егде адамдар мен артық салмақпен күресіп жүрген жандардың басты мәселесіне айналған. Артроз сөзі – буын шеміршек тінінің дегенерациясы кейбір тұжырымдарда бұл остеоартрит деформациясы деп аталады. Бұл ауру ұзақ жылдар бойы адамның өсуімен қоса дамитын дегенерациялық артроз. Медициналық дәйектерге сүйенсек артрозды жою мүмкін емес, алайда медицинада оның дамуын тоқтатуға қарсы бірқатар мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл ауру адам ағзасында бірнеше жылдарды өткере келе пайда болады. Сол аралықта адам жүгіргенде, жүргенде тізе буындары тұрақты күйзеліске ұшырайды.

– Аталмыш ауруға медицинада қандай ем шара қолдана алады? Бұған өңірлік медицинаның берер жауабы қандай?

– Тізе буын артрозы медицина тілінде гонартроз деп те аталады. Бұл ауру механикалық және биологиялық факторлардың дисбалансынан пайда болады. Яғни, биодеградация немесе тозу процесі барысында буын шеміршек клеткаларының қайта қалпына келуі аясында синхрондық жүйенің бұзылуынан туындайтын ауру. Бізде артроз сөзін қолданса, әлем медицинасы остеоартрит деген ұғымды кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, бұл тек бір себептен пайда болмайтын мультифакторлы ауру. Мәселен, генетикалық, эволюциялық, метаболикалық немесе зат алмасу факторлары және жарақат алу барысында тізе буынының шеміршектері зақымданады. Науқастарда кездесетін қосымша аурулар артық салмақ, қант диабеті, эндокриндік бұзылыстар осы сынды аурулар тізе буыны шеміршектерінің ұсақталып, тозуына әкелетін минифакторлар болып табылады.

– Менің байқауымша, соңғы жылдары бұл сырқат түрі жасарып келе жатқан секілді?

– Иә дұрыс айтасыз. Өйткені, қазіргі таңда жастарымыздың арасында да ауыратындар көбейген. Шетелдік және қазақстандық мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, тізе буыны ауруы еңбекке қабілетті орта және жас буын арасында деформациялаушы артрозбен сырқаттанушылардың саны күрт өскен. Яғни, бұл аталмыш аурудың жасарып жатқандығының дәлелі. Көбінесе, 40-60 жас аралығындағы науқастарда гонартроз 60 пайызға дейін кездеседі.

Әрине, аурудың алғашқы сатыларында науқастарға консервативті ем тағайындалады. Алайда, көп жағдайларда консервативті ем бізге оң нәтиже бере бермейді. Бүгінде отандық медицинада гонартрозды емдеуге арналған ота түрлері қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ, бұл отаға орта жастағы науқастар жүгінеді. Әсіресе, жас жеткіншектердің аяқ осьін түзету мақсатында жасалады. Негізінен, бұл жоғарғы тибиальді ашық және жабық бұрышты коррекциялаушы остеотомия деп те аталады.

– Бұл отаны жасау осы медициналық мекемеде қай жылдан басталды?

– Тізе буынына арналған отаны 2017 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы клиника диагностикалық орталығына енгіздік. Бүгінде клиникалық орталықта шамамен 200-ге жуық науқасқа ота сәтті жасалды. Біздің орталықта көбінесе ота 50-65 жас аралығындағы науқастарға жасалды. Айта кетсем, бұл пациенттердің 70 пайызын әйел адамдар құрайды. Аталмыш ота тікелей механофункционалдық теория аясында жасалады. Яғни, біз тізе буынының ларустық деформация немесе жалпақ тілмен айтқанда аяғы маймақ яки талтақ келген адамдарда көбінесе сүйекте зат алмасу жүйесі бұзылғанда, кальций фосфорының алмасуына байланысты, гормоналды дисбаланс орнаған кезде сүйектердің қисаюы байқалады.

– Жасыратыны жоқ, түрлі дәрумендер жетіспегендіктен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларында талтақтық, иммунитет тапшылығы жиі кездеседі. Осыны да емдей аласыздар ма?

– Жоғарғы тибиальды коррекциялау отасы арнайы медициналық сапалы құрал-жабдықтардың көмегімен ота жасайтын бөлікті 5 см дейінгі тілу арқылы остеотомия жасалады. Ота барысында деформациялардың бұрыштық деңгейіне баса назар аударамыз. Егер де аяқты 10 миллиметрге дейін коррекция жасау арқылы түзулейтін болсақ, арасы алшақ болған сүйек дефектіні сүйек тіндерімен толтырмасақ та болады. Ал он миллиметрден жоғары деңгейде жасалса сүйек тіндерімен аутогреф жасауды қажет етеді. Біз аутогреф қолданбаймыз яғни науқастарға арнайы имплант орнатамыз. Имплант орнатудағы мақсат сүйекке остеотомия жартылай кесіліп түзетілген сүйектің қайта қалпына келгенге дейін орнын толтырып ұстап тұру. Біздің емханада Германияның Arthrex, Польшаның Chm фирмаларының импланттарын қолдану арқылы ота жасаймыз. Жалпы бұл отаның мақсаты тізе буынының артрозы, маймақ аяқ немесе қисайған аяқты қалпына келтіру. Аяқ қисайса, бүкіл денедегі салмақ, адамның жүріп-тұру барлығы ақаулы шеңбер арқылы өтеді. Ота барысында біз остеотомия арқылы сүйекті жартылай кесеміз, және әлі зақымдалып үлгермеген механикалық бөлікті өз қалпында сақтап қалу немесе кей жағдайда ішкі сыртқы балансты теңестіру.

– Ауру әбден асқынғанға дейін дәрігерге жүгінбейміз. Бұл өмір шындығы.

– Иә, оныңыз рас. Қазіргі таңда тізе буыны артрозы кезінде жиі қолданылып жүрген оталардың бірі артроскопиялық оталар, ал ауыр сатылары кезінде эндопротездеу жүйесін қолданады. Алайда, бұл біздің қазақ-түрік клиникасында күнделікті қолданып жүрген оталардың бірі. Дегенмен барлық артрозды эндопротез жасай беру қате пікір. Яғни, ота жасау кезінде науқастардың жас ерекшелігі мен олардың артрозы қай сатыда екенін анықтап алу маңызды. Бүгінде естімей, білмей ауруын асқындырып жүргендер қатары қаншама. Біздің орталыққа ауруын әбден асқындырып, ең соңғы шарықтау шегіне таяғанда барып қимылдайтын науқастар келеді.

– Аурудың өтіп кеткені соншалықты ота жасауға да болмайтындары сирек болса да, кездесетін шығар?

– Отаның дәл осы түрін мүлдем жасауға болмайтын науқастарды да ұмытпаған жөн. Нақты бұл отаны кімдерге жасауға болмайды десеңіз. Абсолютті қарсы көрсеткіштері бар мәселен ревмотойтты артрит, тізе буынының үшінші дәрежелі артрозы бар пациенттер, буынның сыртқы бөлігінде кездесетін артроз, аяқтың бүгілуі шектеулі науқастар, дене масса индексі 40-тан жоғары жүретін адамдар, аяқ қан тамырларындағы қан айналымның бұзылысы бар, сүйектік инфекциясы бар адамдарға жасауға тыйым салынады.

Елімізде жоғары тибиальді остеотомия отасы Астана, Алматы, Түркістан қалаларында жиі жасалады. Нәтижелерге сәйкес атаулы ота түрін жасаудан Түркістан қаласы соның ішінде қазақ-түрік клиникасы көш бастап тұр. Ал, ота көрсеткіші бойынша Қазақстанда екінші орында келеміз. Алдағы уақытта осы аталған ота аясында Түркістан облысында немесе басқа да өңірлерде шеберлік сабақтар өткізу жоспарымызда бар. Бүгінде біздің топты Жезқазған қаласына шақырып жатыр.

-Салиқалы сұхбатыңызға үлкен рахмет. Халықтық қызметіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан: Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы