ТҮРКІСТАНДА ӨНЕРДІҢ ТУЫН ТІККЕН

8  733 көрілім

Райымбек Сейтметов есімі жәдігер шаһар Түркістан үшін айрықша ыстық. Сахна саңлағы 2 наурыз күні 85 жасқа толар еді… Тақыр жерден театр құрып, Түркістанға үлкен мәдениет әкелген тарлан талант. Өзінің өнер мектебін ашып, ізін қалдырды.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қалғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуелі ХҚТУ ректор М.Жұрыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. Ол кезде ел тұрмысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті.

Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралып жүрді. Өзінің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналуы керек.

2004-2007 жылдары Түркістан театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жылдарда Райымбек ағаның жақсы сөздерін, өнер адамдары жайлы көп әңгімелеріне қанықтым.

2005 жылдың сәуір айы еді. С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклінің репетициясы жүріп жатқан. «Қалқам, келіп қарасаңшы, сахна тақырыбын жазатын адам репетициядан бастап көргені дұрыс. Әрбір әртісті зертте, әрбір образдың сомдалуын жіті бақылап жүр» деді. Мен Райымбек ағаның жанына келіп отырдым. Аға әңгімесін бастап кетті: «Келіндерді» қойғаныма 30 жыл болып қалды. 1977 жылы Әуезов театрында қойғанмын. Басты рөлді (Фармонбибіні) Сәбира Майқанова ойнады. Аншлагтан аншлаг. Бұл спектакльмен труппа бүкіл Қазақстанды аралап шықты. Залда көрермен лық толып отыратын. Сұмдық аншлаг болады. Сәбира апам өле-өлгенше ойнап кетті. Сүйіп ойнайтын. Әр сахнада жаңа леппен, жаңа шабытпен ойнап, адуын ене бейнесін сан қырынан таныта білді. Корифей еді ғой Сәбира апайымыз. Авторды Алматыдағы премьерасына да шақырғанбыз. Өзбек жазушы-драматургы Сайд Ахмадпен арадағы достық осылай басталған».

…2006 жылы қаңтарда, театрдың бес жылдығына орай, Райымбек аға Шекспирдің «Асауға тұсауын» сахналады. «Жас театр үшін Шекспир ауырлау болады деп барғым келмей жүрді. Міне, енді, 5 белесті артқа тастап, толысқан соң қою керек деп шештім. Шекспир шығармасы «Беу, қыздар-ай» анау-мынау емес», деді труппаны жинап. Жауапкершілік жүктеді. Премьера сәтті өтті. Сахна саңлағы балаша шаттанып: «Түркістан көрермені қалай қабылдайды екен деуші едім. Жақсы қабылдады, көрерменіміз де өзімізбен бірге өсіп келеді екен», деген-ді.

Кезекті репетициядан кейін Райымбек аға тағы өткеннен сыр шертті.

«…1983 жылы ТЮЗ-ға (Ғ.Мүсірепов театры) көркемдік жетекші болып келдім. Құлдырап кеткен театр. Қожыраған өнер ұжымына дұрыс басшылық керек болды. Тың дүниелерді сахналап, батыл бетбұрыс жасадым. Мақтанғаным емес, театр екі-үш жылда айтарлықтай көтеріліп, жаңа белеске шықты. М.Әуезовтің «Алуасын» сахналадым. «Алуа» спектаклі – менің шығармашылық өмірімнің бір белесі. М.Әуезовтің жазылып, бірақ 30 жыл бойы қойылмай, тартпада жатқан шығармасы болатын. Бұл – біздің театрымыз (ТЮЗ) үшін де, ұлттық театр өнері үшін де үлкен оқиға болды. «Алуа» спектаклі көрерменнің көңілінен шықты. Спектакльдің жоғары деңгейде қойылғаны үшін режиссер – маған, Алуа рөлін сомдаған Гүлжамал Қазақбаеваға, Мәкіл Құланбаев пен Мұхтар Бақтыгереевке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақ­тоқтысын» қойдым. Ақтоқтыны Райхан Қалиолдина есімді актриса сомдады. Ақанды – Досхан Жолжақсынов, Науан хазіретті – Мұхтар Бақтыгереев сомдады. Сұмдық аншлаг. Спектакль бүкіл БАҚ-тың, театртанушылардың назарын аударды. Ғабең марқұм қатты риза болды. Маусым бойы бір рет те жібермей спектакльді көріп жүрді. Премьерадан соң әртістердің түгел қолын қысып, құттықтап шықты. Ғабең – нағыз эстет, театрды, көркемөнерді қадірлейтін жан еді. Ғабең бір күні маған бұрын баспа жүзін көрмеген, «Қыпшақ қызы – Аппақ» атты шығармасын алып келді. Қарап шықтым, жақсы дүние. Бірақ кей тұстарын қайта қарау керек. Ғабеңе айтып, түсіндірдім. Ол кісі түсінді. «Қайдам, Райымбекжан, бізден қайрат кетті ғой, көрейін», деді. Сол дүниесін ақыры аяқтай алмай, Ғабең дүниеден озды. Содан соң Жазушылар одағына хат жаздым. Пьесаны жіберіп, осыны бір драматург қолға алсын деп. Одақтан жауап болмады. Тағы да жаздым. Осылай жүріп пьесадан айрылып қалдым. (Бір қиыны ол кезде ксерокөшірме жоқ). Иә, Алла жазбаған екен, сөз зергерінің пьесасы сахналанбай қалды. Солай, шырағым, адамның дегені бола бермейді әркез…» деп еді театр тарланы.

2004 жылы ақпанында театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір-Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді талантты актер Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жаулаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. «Жалпы, режиссер Райымбек Сейтметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі – осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махамбеттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер», деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында, Р.Сейтметов – елімізде поэтикалық театрдың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Осы дәстүрлі сүрлеу, арна жас Түркістан театрында да жалғасып еді. Иә, Райымбек аға өлең, көркемсөз оқудың хас шебері-тін. Әр сөзге, әрбір дыбысқа, буынға, екпінге ерекше мән беріп, шәкірттеріне ерінбей үйретті. Ол – кейіпкері аз, психологиялық тартысқа толы драмаларды сахналаудың шебері. Небәрі екі-ақ , үш-ақ кейіпкер қатысады. Басында ойлап отырасың: «көрерменді жалықтырып жібермес пе екен» деп. Жоқ, шиыршықша ширығып шыққан, артық-ауыс сөз жоқ шымыр дүние еліктіріп әкетеді. Шеберлігі ғой.

2017 жылы Түркістан сазды-драма театрына Райымбек Сейтметов есімі берілді. Бұл корифейге көрсетілген лайықты құрмет.

…Артында өзінің мектебін қалыптастырып, өшпес өнеге, із қалдырған ғазиз жанды өлді деуге қимайсың. Оның ғибратты ісін, өнер жолын шәкірттері жалғастыруда. Түркістан түлеп, күн сайын көркейіп келеді. Күн бе-күн жаңа ғимараттар бой көтеріп, өнер кеңістігіне айналуда.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы